Мал қиына да салық төленеді!

3d5a68 Ақтөбелік шаруалар салық кодексінен мал қиына салынатын ақыны алып тастауды талап етуде, деп хабарлайды Вnews.kz тілшісі. Олардың айтуынша, елімізде қи салығын салу көңілге қонымсыз. Себебі, қоршаған ортаны ластайтындай ешқандай кесірі жоқ. Әсіресе, газы жоқ ауылдағы ағайын бұған күле қарайды. Себебі, төрт түліктің тезегі отынға жарап жатыр. Тіпті, күз түскенде қысқы отын үшін оның бағасы шарықтап, қиға сұраныс артады. «Қорадағы санаулы мал үшін былтыр жеті мың теңгеден астам қи салығын төледім. Төлемесем құжатты қабылдамайды. Ал ауылда ауа ластап жатқандай үйілген мал тезегі де жоқ. Жазда сиыр жапасын кептіріп халық керегіне жаратады. Ал күзге салым қорадағы қиды ойып, қыста пайдаланамыз. Улы газ бөлетіндей қи қалдығы ауылда енді қайдан болсын. Сонда не үшін салық төлеп отырғанымызды білмейміз», - дейді шаруа қожалығының иесі Жарасқан Сағитұлы. Шаруалардың талабын өңірдегі кәсіпкерлер палатасының сарапшылары да қолдап отыр. Себебі, мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың кәсібін қи салығы тұралатындығына сенімді. «Салық кодексіндегі қоршаған ортаға қатысты эмиссия жайы жөнсіз деп білемін. Себебі 2013 жылдың 5 желтоқсанындағы енгізілген өзгеріс «Нормативті құқықтық актілер туралы» заңның 37 бабы 3 бөліміне қайшы келеді. Осылайша шаруалардың жағдайын қарастырмаған. Ауыл шаруашылығы қалдықтарына 0,009 айлық есептік көрсеткішке тең төлем алыну керек. Осы есеп бойынша бізге шағымданған Әйтеке би ауданындағы кәсіпкер 600 мың теңге салық төлесе, Алға ауданының шаруасы 300 мың теңге қи үшін салық өтеген. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан Салық кодексінен бұл салымды алып тастау керек деп ойлаймын»,-дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұрлан Махамбетов. BNews.kz