Өскемендік зейнеткерлер аштық жариялады

64 Өскеменде ұлынан айырылған ата-ана әділдікті талап етуде. Ерлі-зайыпты Тарасовтар өз қайғыларына қоғамның назарын аударту үшін аштық жариялауға шықты. Олардың ұлы 2013-ші жылдың 23 ақпанында қайтыс болған. Алайда, ата-ана оқиғаның абайсыз жағдайда болғанына сенбейді. Бірақ, республика деңгейінде жасалған сот-медициналық сараптама Григорий Тарасовты біреудің өлтіргенін растамай отыр. Қапияда ұлдарынан айырылған Тарасовтар отбасы бүгін ең соңғы шараға бекінді. Ерлі-зайыптылар Өскеменнің орталық алаңына шығып, аштық жариялағандарын мәлімдеді. Олардың қолдарында марқұм баласының суреті мен "қылмыскерлер жазаға тартылсын" деген ұрандар бар. Наразылық білдірушілерді тәртіп сақшылары қайтарып жіберуге тырысты. Алайда ата-ана жан айқайын жұртшылыққа жеткізіп қалуға барын салды. "Біз аштық жариялауға кірістік. Ұлымыз танымал кәсіпкерлердің бірі болды. Сондықтан ол тапсырыс бойынша айуандықпен өлтірілді. Мен осының бәрін бас прокуратурада қабылдауда болғанда айттым. Қадағалаушы органның қаулысы бойынша мұнда қайтадан тергеу тобы құрылды. Бірақ олар қылмысты ашуға әрекет жасамай отыр. Қылмыскерлерді тауып, заң бойынша жазаласын", - дейді марқұмның анасы. Григорий Тарасовтың мәйіті 2013-ші жылдың 23-ші ақпанында Шығыс Қазақстандағы демалыс базаларының бірінде табылған болатын. Бұл фактіге байланысты алғашында Қылмыстық Кодекстің 101-ші бабы, яғни адамды абайсызда өлтіру бойынша іс қозғалыпты. Зардап шегушілер жоғарыға шағымданғаннан кейін іс 96 баптың "д" тармағына яғни қатыгездікпен кісі өлтіру бөлігіне ауыстырылыпты. Осыдан соң Астанада республика деңгейінде комиссиялық сот-медициналық сараптамасы жүргізілген. Оның нәтижесі Григорий Тарасовты біреудің өлтіргені растамай отыр. Бүгін ерлі-зайыпты Тарасовтар Астанадан келетін сот-медициналық сараптама комиссисының жұмысына қатыспақ. Одан кейін жедел тергеу тобы тексеруінің жаңа шешімін күтпек. Бірақ, соған қарамастан ашынған ата-ана әділдікке қол жеткізбейінше, нәр татпаймыз деп отыр. NUR.KZ