Белгілі ғалым ел тұрғындарына үйлерінде Көк Туды іліп қоюды ұсынды

1381234169_3224 Тарих ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, "Еуразия" гуманитарлық ғылыми зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабылдинов Қазақстан азаматтарына үйлерінде Көк Туды іліп қоюды ұсынды. "АҚШ-тың тәжірибесіне тоқталатын болсақ, оларда мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстары қызықтырады. Менің ойымша, жақын арада біз "Мемлекеттік символдар туралы" Заңға өзгерістер енгізіп, АҚШ-та секілді біздің азаматтарға үйлерінде ұлттық байрақты ілу мүмкіндігін беру керек", - деді ғалым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай өтіп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда. Сонымен қатар ол Швецияның да тәжірибесін зерделеу керектігін жеткізді. Бұл елдің азаматтары күн шыққан кезде туды көтеруді дәстүрге айналдырған. "Бельгияның да тәжірибесі қызықты. Мәселен, олар Брюссельде Әнұранға тұтас бір ескерткіш арнаған. Менің ойымша, ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге де осы тәжірибені жүзеге асыру керек", - деді З. Қабылдинов. Жапонияда оқушылардың әр оқу күні ұлттық туды көтеру мен мемлекеттік әнұранды орындаудан басталады. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі кейбір оқу орындары мен құқық қорғау органдарында бұл тәжірибе пайдаланылып келеді, алайда ол заңнамалық деңгейде бекітілмеген. "Түркияда оқу аптасы мемлекеттік әнұраннан басталып, әнұранмен аяқталады. Яғни осы елдің оқушылары мектеп ауласында музыкалық сүйемелдеумен жаппай ұлттық әнұранды орындайды", - деді профессор. Осы орайда ғалым аталған бірнеше мемлекеттің тәжірибесін зерделеп, оны елімізде пайдалану мәселесін қарастыру қажет екенін қадап айтты. ҚазАқпарат