Онлайн-пікірлер үшін жауапқа тартыласыз!!!

9d7ddc6adda9c5b9d8aa30a4f3bb977b Енді әр азамат ғаламторда жазған сөзі үшін заң алдында жауап береді. Тіпті интернеттегі жазбаның астына адамның ар-намысына тиетін негізсіз пікір жазғандарға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынбақ. Еліміздің Қылмыстық кодексіне осындай жаңа бап енгізілгелі жатыр. "Заң ең алдымен ғайбат пікір немесе жалған діни ақпарат таратқандарға қатысты. Күдікті жазбалар алдымен арнайы сараптамадан өтеді. Егер біреуге жала жауып балағаттағаны анықталса, авторы жауапқа тартылады және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Болмаса 3 ай қоғамдық жұмысқа тартылады", - деп түсіндірді заң жобасын Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Яғни, ақпараттың жалған екенін біле тұра қасақана қауесет таратқандар бірінші кезекте жазаланады. Егер пікір білдіруші қателескенін мойындаған жағдайда немесе таратқан мәліметі шын мәнінде дәлелденген болса сот жоқ. Сондай-ақ, Меркель әлеуметтік желілерде жиі сыни көзқарас білдіретіндерге де тоқталды. Бас прокурор орынбасарының айтуынша, жеке пікір қалдырған адамның сөзі дәйекпен негізделсе жауапқа тартылмайды. Ал, белгілі біреуден шағым түссе тексеру жүреді. NUR.KZ