"Парламентке сотталған адамның бәрі неге тұлға болады» десе, не айтамыз?

aitahanov

Мал ұрлығына қатысты  жазаны ауырлатып, шығынына еселеп  айыппұл салып, мүлкін тәркілеу керек! 

Құрметті Төраға, құрметті әріптестер ! Бүгінгі талқыланып отырған мәселе мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Өйткені, қарастырылып отырған Кодекс жобасы адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың дәрежесінің жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан мен заң жобасын қолдай отырып, бір-екі мәселеге тоқталғым келіп отыр.
  1. Соңғы жылдары еліміздегі құрылыс алаңдары мен өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзудың салдарынан адамдардың ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалуы, өлімге апару фактілері орын алуда. Мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндірісте 69 адам қаза тапқан. Қарастырып отырған кодекс жобасының 156 бабында Еңбек қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеліп соқса - 200 айлық есептік көрсеткіш, ал ауыр зиян келтіруге әкеліп соқса - 300 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салу көзделіп отыр. Ал, милиардтаған қаржыны айналдырып отырған ірі құрылыс компаниялары мен өндіріс орындары үшін бұл айыппұл көлемі өте төмен. Сондықтан, еңбек қорғау қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлдар көлемін кемінде екі есеге көбейту қажет деп есептеймін.
  2. Еліміздегі мал ұрлығы мәселесі. Бүгінде республика халқының 45 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың басым көпшілігінің бірден-бір табыс көзі, күнкөрісі – осы төрт түлік мал. Дегенмен, жыл өткен сайын елімізде мал ұрлығы өршіп барады. Ал, жыл он екі ай күтіп-бағып, сол арқылы күнін көріп отырған малдарынан бір түнде айырылып қалуы, ауыл тұрғындары үшін үлкен трагедия. Қазіргі қолданыстағы тәжірибеде мал ұрлығы орта санаттағы қылмысқа жатқызылғандықтан, сотта қылмыскерлер шартты түрде сотталады да, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын қайтарусыз қалады. Нәтижеде, қылмыскерлер жазадан оңай құтылып, қайтадан мал ұрлауға кіріседі. Сондықтан жаңа Қылмыстық кодекстің ұрлыққа қатысты 188 бабындағы жазаны ауырлатып, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынын еселеп қайтарылуын қамтамасыз ететіндей мөлшерде айыппұл салып, мүлкін тәркілеу керек деп есептеймін.
  3. Кодекстер жобаларының қазақ тілі мәтіндерінде жиі ұшырасатын «лицо – тұлға», «арест имущества – мүлікке қамақ салу», «иск - қуыным» сөздері дұрыс аударылмаған. Колданыстағы кодекстерде «лицо» сөзі адамға қатысты «адам», «арест» мүлікке қатысты «тыйым салу», «иск» «талап» деп дұрыс аударған. Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастап, ұлттық заңнамамызда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық конвенцияларда «лицо» термині «адам» деп алынған (яғни, сотталған адам, азаматтығы жоқ адам, лауазымды адам, тағы басқа). Оның үстіне, қолданыстағы сөздіктердің бәрінде, оның ішінде түсіндірме сөздіктерде де «адам» сөзі «лицо» сөзінің бір баламасы ретінде беріледі. В. Даль шығарған «Современный толковый словарь русского языка» деп аталатын сөздікте «Лицо» сөзінің мағынасы  «особа, человек» деп жазылған.
Талқыланып жатқан жаңа Кодекс жобаларында бұл ұғымдар:   «сотталған тұлға, психикасы бұзылған тұлғалар, кәмелетке толмаған тұлға, он алты жасқа толмаған тұлға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлға, сотталған тұлға жүкті болған кезде» – деп шұбатылып кете береді. Қазақта тұлға сөзін халқына, еліне еңбегі сіңген, қайраткер азаматтарды, ел ағаларын айтады емес пе? Олай болса ертеңгі күні заңды оқыған жұрт «Парламентке сотталған, қылмыс жасаған адамның бәрі неге тұлға болып көрінеді» десе, не айтамыз?                        Заңнама тілінде қалыптасып қалған, халықтың құлағына сіңісті болған «сотталған адам, лауазымды адам» сияқты сөз тіркестерінен бас тартып, оның   орнына   «тұлға»   терминін   пайдаланудың   қаншалықты  қажеттілігі болғаны түсініксіз. «Арест - қамақ салу» (мүлікке, шотқа қатысты) термині турасында да осыны айтуға болады, бұған дейінгі заңнамада бұл ұғым «тыйым салу» деген түсінікті сөзбен алынған еді. «Арест» - француз сөзі, «запрет», яғни «тыйым салу» деген ұғымды білдіреді. Адамға қатысты «қамақ» болғанның өзінде, мүлікке, шотқа қатысты «тыйым салу» болып қала бергені дұрыс емес пе?  Бұл терминдер жақын арада Сенаттың ұсынысымен Республикалық терминология комиссиясында толық қолдау тапты. Қазіргі қолданыстағы кодексте «иск», «истец» деген сөздер бұрын «талап қою», «талапкер» болып, үйлесімді, халыққа түсінікті тілде аударылып келсе, жаңа кодекс жобасында «иск - қуыным», ал «истец – қуынушы» болып, түсініксіз болып аударылыпты. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 73 бабының 2 тармағындағы «Гражданский истец в целях поддержания предъявленного им иска» деген сөйлем «Азаматтық қуынушының өзі берген қуынымды қолдау мақсатында»  деп аударылған. Ал, бұрынғы қолданыстағы кодексте ол «Азаматтық талапкер өздері қойған талапты қолдау мақсатында» деп көпшілікке түсінікті тілде жазылған еді. Жаңа қылмыстық-процестік кодекстің 74 «Азаматтық жауапкер» деген бабының 2 тармағының 2 тармақшасында «возражать против иска, подавать встречный иск» деген сөйлем «қуынымға қарсылық бiлдiруге, қарсы қуыным беруге» деп аударылған. «Гражданский истец» және «гражданский ответчик» деген сөздер бұрын «азаматтық талапкер» және «азаматтық жауапкер» деп бірге қолданылып келсе, енді «азаматтық қуынушы» мен «азаматтық жауапкер» деп айтылмақшы.  Бұрыннан  қолданылып, заңгерлердің де жалпы халықтың да құлағына сіңіп, түсінікті болып, қалыптасып қалған сөздерді, терминдерді ауыстырудың қандай қажеттілігі бар екені тіптен түсініксіз. Бұл терминдер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қазақстан Республикасы Заң шығарушы институтының ұсынысымен Үкіметтің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсанындағы шешімімен мақұлданып, заң терминдерінің қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігі болып, кітап болып басылып шыққан. «Қуынушы» деген термин бұл сөздікте тіптен жоқ. Қабылданып жатқан Қылмыстық кодекстер бірінші кезекте халыққа, аталған кодекспен жұмыс істейтін заңгерлерге түсінікті болуы шарт.  Сондықтан, Заңнама тілінде қалыптасып, құлаққа сіңісті болып қалған терминдерді ауыстыра берудің қажеті жоқ деп есептеймін.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты