Үрімжіде лаңкестік әрекеттен 31 адам мерт болды

urumci22 мамыр күні таңертең Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласында белгісіз топ қала базарларының бірінде шабуыл жасап, бірнеше адам қаза тапты.

Агенттік дерегінше, белгісіз біреулер адам қарасы мол базарлардың біріне екі көлікпен басып кіріп, сыртқа жарылғыш заттар лақтырған. Оқиғаға куә болғандардың бірінің айтуынша, шабуыл кезінде бірнеше жарылыс дыбысы естілген.

Табиғи байлықтарға бай, этникалық ұйғырлар мекендейтін Қытайдың батысындағы бұл аймақта соңғы айларда зорлық-зомбылық пен шабуылдар көбейген.

Пекин экстремистер мен шетелдік топтар қолдайтын ұйғыр сепаратистерінен қауіп төніп тұрғанын айтып, аймақта қауіпсіздік шараларын күшейтіп жіберген.

Бірақ сыншылар Пекин өзі жүргізіп отырған "қатаң саясаты мен қауіпсіздік шараларын ақтау үшін қауіп деңгейін тым асыра көрсетеді" дейді. Құқық қорғаушылар экономикалық теңсіздік пен ұйғырларға қысым жасау зорлық-зомбылықтың басты себебі деп санайды.