ӘДЕБИЕТТЕГІ АРДЫҢ АДАЛ КҮЗЕТШІСІ ЕДІ

Кеше, 19 мамырда ол 45 жасқа келген болар еді. Тағдырдың жаз­ғанына дауа бар ма, бүгін, 20 мамырда оның жер-бесікке бөленгеніне қырық күн толды. «Қатардағы жауынгері өлеңнің» Әмірхан Балқыбекті ел ең алдымен ақын ретінде таныды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында оның оқыған жанның жүрегіне өршіл рух, көңіліне асқақ жігер берер отты жырлары өлеңсүйер қауымды елең еткізді, дүр сілкіндірді. Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Баба­жанұлы, Жарас Сәрсек және тағы да басқа өзімен тұстас дарынды ақындар бәрі қатар шықты, бірге жарқырады. Аузы дуалы ақсақал­дардың «поэзиямызға тың лек, соны леп келді» деп жылы лебіздерін арнағаны да есімізде… Уақыт бір орнында тұра ма? Қазір бұл жігіттер әдебиеттегі орта буынға айналды, өзіндік қолтаң­баларын қалыптастырды, өлең өлкесінде өздеріне лайықты орындары да бар. Сонда да бәрінен Әмірхан… өзгеше еді. Оның «Автопортретке штрих» атты өлеңін оқып көрейікші: Бұл халық па, Бала халық бұл әлі. Ақындықты жындылық деп ұғады. Еркелігі ессіздік боп шығады, Батырлығы көзсіздік боп шығады. Айт дегенге айтар ем-ау, айтар ем, Осы халық өзім десем, қайтер ең?   Бұл халық па, Дана халық бұл әрі. Ұлылығы Абай болып тұр, әні! Ақындықты адалдық деп ұғады, Батырлықтан жаралдық деп ұғады. Тамағымды кенеп қойып егер мен, Сол халықты менмін десем, сенер ме ең?. «Әрі бала, әрі дана» халықтың бір өкілі – Әмірханның өзі де тап осындай еді. Бірде бала сияқтанып кетсе, енді бірде кей ақса­қалдардың да аузынан шыға бермейтін аталы сөз айтып, азаматтық жасап, елді риза қыла­тын. Біреу күліп, біреу жылап еске алатын «жын­дылығы» да, ешқашан «ессіздікке» барма­ғанымен, «батыр – аңғал» деген рас, жалаңтөстеніп жүріп ұрынып қалар «көзсіздігі» де болды. Кей сәттерде баладай аңқаулығымен таң- қалдырса, кейде көпті көрген көнекөз даналардай басалқалы әңгіме айтып, тыңдаған жанның бәріне бас шайқа­татын. Ол – батыр еді. Жорыққа аттанар жауынгердің ұраны оның екі өлеңінің бірінде аңғарылады. Салпы- етек қатынша салғыласып тұрып алмай, «иә, аруақ!» деп жекпе-жекке шығып, даулы істі не бүк, не шік қылуға деген асығыстық, нағыз жігітке тән мінез таныту аңсары сезіледі. Бірақ, мұның бәрі – арзан атаққа қызыққан басбұзар есерлік емес, сол ел ішін алатайдай бүлдірер ақымақтарды орнына қойып, сабасына түсірер адал сарбаздың азаматтық борышы. Тіршіліктегі әділетсіздіктерді көре жүріп, біле жүріп, кеудесін кеулей түскен, жанын жай таптырмайтын сол бір ерлік қалауы, рух құштары ақыры ақ қағазға өлең болып құйылды. Жақсы өлең оқыса, балаша қуанатын… Ол – адал еді. «Мен онымен барлауға бірге барар ем» деп орыстар айтатын мәтел сөз дәл осы біздің Әмірханға ар­нал­ғандай. Сертке берік, сезімге адал, сенімге лайық жігіт-тұғын. Нағыз ақи­реттік дос болатын жан осындай-ақ болар! Адалдық оның өлеңдерінің өн бойында да тұнып тұр. Әрине, кіндік қаны тамған туған жерге, ауылға, ата-анаға, бауырға, дос-жаран мен басқа да қимас, қымбат жандарға деген кіршіксіз сезім, пәк көңіл – онсыз да түсінікті, табиғи нәрселер ғой. Ең бастысы, Әмірхан – өлеңге адал еді. «Әдебиет – ардың ісі» екені рас болса, Әмірхан Балқыбек – сол ардың ең адал, ең сенімді күзетшісі еді. Ол әдебиетті «шынайы таланттар мен нағыз дарындар мекендеуге тиіс қасиетті жерұйық» деп ұқты. Сондықтан да жақсы өлең оқыса, балаша қуанды, мықты ақын көрсе, қуып жүріп танысты. Пікірлесіп, ақ жүрегімен алғысын айтты, даусы гүрілдеп, «рахмет, е!» деді (сөйтетіні бар-ды). Ал өн бойында нәр-сөл жоқ, сезім жоқ, жан жоқ, құр тақ-тақ етіп тұрған жалаң тақпақтар мен оның авторларын, құс келіп, құс қайтқанда ғана құтырмасы қозатын, ет пен терінің арасындағы желөкпе желіктің желпінісімен-ақ ақынсынып жүргендерді аямай сынады. Оған салса, әсем әлемнің сәнін бұзатын мұндай «өлермендерді» Әдебиет дейтін елдің шекарасынан да кіргізбес еді. Еш өкпем жоқ Жарымаған жатырда, Ақымаққа, Алпауытқа, Пақырға. Мен қоярмын, қоярмын мен өлеңді, Жұрттың бәрі айналғанда ақынға… – деп, Әмірхан сондай көңіл-күйде отырып жазды ма екен, кім білсін… Қай кезде де қасиетті саналған, Қатардағы жауынгері ем өлеңнің. Мәңгі өмірді тартып алып ажалдан, Өлсем де мен, алғы шепте өлермін, – деп келетін жыр жолдарына қарап отырып та, оның қашанда өзін өлеңнің адал жауынгері ретінде сезінгенін түсінеміз. Адал, әділ адам елдің бәріне бірдей жаға бермейді. Әмірхан әлгіндей сын жазып жүріп, өз көзқарасын газет беттерінен, телерадио эфирлерінен ашық айтып жүріп, нағыз ақынды «ақынсың» деп мойындап, өлеңші-тақпақшыларды «ақын емессің!» деп бетіне басып жүріп, аз дұшпан жинаған жоқ. Рас, өзі бұлай ойламаған да шығар, бірақ, Әмірханның «үкімін» естігендердің бәрінің бірдей оның сынын дұрыс қабылдай қоймағаны, өлеңді қойып кетпегені – ақиқат. Турасын айтатын адамды ешкім қызметке де шақырғысы келмейді, жауапты лауазымды сеніп тапсырудан да қашқақтайды. Алайда, Әмірхан ешкімнен қызмет дәметіп, орын сұраған да емес. – Осылай бейғам, далақта-а-а-ап жүріп, далада қалмаймыз ба бір күні? – деді бірде ол аяқ астынан әңгіме қозғайтын әдетімен. – Неге? Қаламың бар, қарымың бар, далада қалатындай не бопты? Ал қызмет жағын меңзеп тұрсаң, бастық болу екеуміздің қолымыздан келе қоймайтынын өзің де білесің ғой, – дегенмін. Сонда ол: – Мен бір қызметті аңсаймын: кітапхананың директоры болғым келеді! Ұлттық кітапхана болмаса да мейлі, басқалары да баршылық қой. Сондай мол байлықтың үстінде отырып та кітап оқы­майтындар бар ғой, ә? Шіркін, мен бол­сам… – деген еді. Шынында да, «Шаруаның баласы болсам да, Шаруаға қырсыздау өсіп ем…» деп өзі айтқандай, Әмірханның қолынан жазудан басқа ештеңе келмейтін еді. Әлдебір тірлігін тындырып алу, кітабын шығару, кешін өткізу, мәнсап қуу үшін де бүгінгі заманда аса қажет, аса маңызды «талант» санала баста­ған – таныс іздеу, аға табу, көке жағалау сияқ­ты әрекеттерді сол күйі үйренбей-ақ кетті. Өйткені, табиғаты таза еді, бәрібір ондай әдетті бойына жұқтыра алмас еді. Міні жоқ адам бола ма, Кемшіліктер де көп менде. Ол үшін салма табаға, Ол үшін мені жек көрме.   Маңдайға түскен әжімнің, Бұралаң, білсең жолдары. Жанымның табиғатына Келмесем қайшы болғаны, – депті ғой өзі де. Өзінен асып не айта аламыз. Бірақ, кемталанттар мен бейталант­тардың алдында баяғы айтарынан қайтпай, басын имей кетті. Қайтесіз, табиғат-тағы… Көне тарих қойнауын да қопарды Ол – зерделі еді. Өте көп оқитын. Әрине, қалам ұстаған қауымның қай-қайсысы да қағазға аз шұқ­шимас, бірақ, Әмірханның білімге деген ғашықтығы тіпті ғаламат болатын. Оның кітапқа іңкәрлігі – өз жырларында айтылатын «жорықтағы сарбаздың туған жерін аңсағанындай» еді десек, жарасар, сірә. «Кітапқа қызығушы­лықты әкемнен үйрендім, менің негізгі ұстазым – сол Жұмабек ақсақал» дейтін өзі. Әмірхан «оқығанын көңілге ықыласпен тоқып» қана қойған жоқ, салыстырды, салғастырды, зерттеді, зерделеді, қорытты, сосын өзіне тән зеректікпен, тап­қырлықпен түйіндей білді. Бұрынғылар байқамаған, ғылыми айналымға енбеген деректерге назар салды, жүз жылдан бері сіңіп кеткен еуроцентристік қалыппен емес, жаңа көзқараспен, қазақтың мүддесімен қарады. Сол зерттеулерді негізге алған «Қасқыр Құдай болған кез» атты кітабы демде жазыла салған жоқ. Көне тарих қойнауына үңілу, түркілер мен шумер­лердің, хеттер мен римдіктердің, скифтер мен кушан­дардың заманына ойша сапар шегу сонау 90-жылдардың ортасында-ақ басталған болатын. Бастапқы зерттеу мақалалары «Парасат» журналына шықты, бірте-бірте «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінде жариялана бастады. Ал «Жас қазақ» ұлттық апталығында ол бірнеше жыл өте өнімді еңбек етті, нөмір сайын мақала жазды. Біреу келісті, біреу келіспеді, дегенмен, Әмірхан Балқыбектің зерек ойы, алғыр қаламы тарих парағында сыбдырсыз сұлқ жатқан дерек-дәйектерді аршып алып, оларды қайта сөйлетті, жаңаша күмбірлетті, бұрын түрлі себеп­термен бүгіп қалған, орағытып өткен, жырымшылай ғана айтылған тұстарын толық ашуға талпынды. Әттең, оның жазғандары орыс, ағылшын тілдеріне аударылса, Әмірханның тарих, этнология салала­рына, түркітану ғылымына қаншалықты үлес қосқанын біз ғана емес, әлем де білген болар еді. Рас, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Әмірхан да өз ойларымен алысып, соларды жүйелеп жазамын деп жүріп пендеуи орталарға онша көп қосылған жоқ. Жалпы, көп адам бас қосар жиындардан тартынып тұратын. Ал оңашалау жерде әңгімелескенді жаны қалайтын. Сондайда әлгі тарихты зерттеуі бар, әдебиетті талдауы бар, біраз тереңге кетіп қалушы еді. Әуелі бер жағында біраз малтып байқаймыз да, әрі қарай шамамыз келмейтінін байқаған соң, қашқақтай бастайтынбыз. Күндердің күнінде оның бізге ерегескенде, осылай мәңгіге қашып кететінін біліппіз бе… Қиқуы сынды ұранның Ауаны оттай жандырып. Шын самғай білген дарынның Сорғалауы да заңдылық, – дейді өзі. Рас шығар… Сезімдер өлмейді түбінде, Шабытқа шағында шөлдеген. Көктемгі жауынның тілінде, Жыр болып оралам жерге мен, – деп те жазыпты. Шынымен-ақ, енді көктем сайын көктен себелеген жаңбыр үнемі есімізге Әмірханды салып тұратын болды. Осыдан қырық күн бұрын топырақ саларда да Шардара аспаны ағыл-тегіл жылап, еш басыла алмап еді… Ол телефонмен сөйлесіп болған соң да, бетпе-бет қош­тасып тұрып та сөзін үнемі «Аманшылық бол­сын!» деп бітіретін. Шынында да, аманшылық болсыншы… Сәкен СЫБАНБАЙ "Алматы ақшамы" газеті