ҚАЗАҚ - ҚОРҒАЛМАҒАН ҰЛТ

ae36a514d7babfa5b5bd32101eb24cb9Мен  ес  білгелі,  жанжалды  кім  бастаса  да,  қазақ  айыпты  болады. Бұл  әлгі  «Таспен  жапалақты  ұрсаң да жапалақ  өледі. Жапалақпен  тасты ұрсаң да  жапалақ  өледінің  кері». Нәтижесінде  жергілікті  қазақ  өзінің  адамдық  құқығын  қорғай  алмайтын  мүсәпір  халге  жеткен.  Бұл  күнделікті  өмірдің,  тұрмыстың  барлық  саласында  кездесіп  жататын  жағдаяттар. Қазақстанда  тұрып жатқан  кез  келген  өзге  ұлт  өкілі  жергілікті  қазақты қалай  қорласа да  айыбы  жоқ.  Қазақ  қыбыр  етіп  көрсін, қара  күш  былай  тұрсын,  сыпайы  сөзге  жүгінсін—ұлт  араздығын  қоздырған  қылмыскер  болып   шыға  келеді.

    Қазақты  мазақтау, ұлттық  намысын  аяққа  таптау, өткен  тарихын,  сан  ғасырлар  қалыптасқан  тілін, ұлттық  құндылықтарын  жоққа  санап  отырған  орыстілді  БАҚ-тарға қой деп  айтатын,  тыйым  салатын  өкіметтің  сиқы  анау. Біздің  билік  дүние  жүзіне жақсы  көріну  үшін  оларды  қорғайды, ал өз қазағын шырылдатып дым  бермей  қорлайды. Осы  қазақты  жуасытса, даусынан  айырып,  жігерін  жасытып,  күшін  қайтарса, бар  мұраты  орнына  келмек  сияқты  көрінеді  маған.

   Оның   мәнісі ел  иесі  болған соң, сен  бәріне  көнуің  керек. Тәуелсіздікті  алғаннан бері «Қазақстанда  барлық  жағдайға  қазақтар  айыпты болады»-өйткені  біз  осы  елдің  егесіміз. Мұрныңды  бұза  ма—шыда, алақаныңмен  баса тұр, келесі  кезекте  бір  көзіңді  шығарса, ештеңе  етпейді, екінші  көзің  бар. Сен  елдің  иесісің. Ұлт  аралық  жанжал  туып  кетпесін. Үстіңдегі  жалғыз  көйлегіңді  сұрай  ма,  шалбарыңды  қоса  шешіп  бер—сен ел  иесісің,  ешкімді  өкпелетпеуің  керек, басыңа пәле  болып  жабысады,  бере  сал. Немесе, сен  сүттің  кезегінде  тұрсың, алдымен  алуға  кезегің  келді, сол  кезде  орыс па, шүршіт пе, түрік пе, көлденеңнен  алдыға  ұмтылады—сен  ел  иесісің,  кезегіңді  бер, әйтпесе  көңілі   қалуы  мүмкін...жалпылай  айтсақ  осындай  жағдай. «Ел иесі» болғандықтан,  барлық  жерде  қазақты шетке  шығардық.

   ...Осыдан  соң  қазақта  қандай  қадір  қалмақ? Ежелден  қожайын  болып  қалыптасқан  қауым  шетке  ығыстырылған  жұртқа  қалай  қарауы  керек?  Бұл—жоғарыдан  төменге  дейінгі  барлық  деңгейдегі  шенді  мен  шекпенділердің  қанына  сіңген  жаман  әдет. Алдына  барған  қазақпен  менсінбей  сөйлесу, басқа  ұлт  өкілдеріне  құрақ  ұшып  тұру—бүгінде  үйреншікті  жұмыс  тәсілі. Жеке  бір  кісілерге  емес, бүкіл  ұлтқа  көзқарас. Бұл  өктемдік  қазіргі  таңда,  қазақтың  өз  ішінен  өтіп,  елдегі  басқа  ұлт  өкілдеріне  ғана  емес, шетелдік  компаниялар мен  фирмалар, тіпті,  елшіліктерге  көшті.  Керек  десеңіз,  бізге  қатынайтын  шетелдік  ұшақтардың  өзінде  төменгі  нәсіл,  құнсыз  сорлы  екендігіңді  айқын  аңдап  отырасың.

   Бізге  келіп,  байырғы  жұртқа  тиесілі  бар  байлықты  тегін  иеленген  шетелдік  кәсіпкерлер  үшін  қазақ—арзан  жұмыс  күші  ғана емес,  дәрменсіз,  құнсыз,  сорлы  халық. Осының  бәріне  қарап  тұрып,  шынында  да  құнсыз  шығармыз  деп  ойлап  қаласың.

    Қазақ ұлтының  бүгінгі  тыныс-тіршілігі шынымен  күрделі. Ұлтқа төніп  тұрған  қауіп—ұлтсыздық. Асқынып  кеткен  дерт. Микробтары  ұлттың  организмін  кеңінен  жайлап  алды. Бұл  мәселеге  немқұрайлылық  таныту  ұлттың  түгелдей  ассимиляцияға  ұшырауына  әкеледі.  Осы  бағытта  жүре  берсек, болашақта  дамыған,  өркениетті  Қазақстан  атты  мемлекет  болуы  мүмкін, бірақ қазақ  дейтін  ұлттың  болу-болмауы екіталай.  Өйткені, бүгінгі  ұрпақ  қадым  заманнан  бері,  атадан  балаға  көшіп  отыратын  қазақы  дүниетанымнан  ажырап  кеткен, қазақ  болудан  ат-тонын  ала  қашатындар, орыстанған қазақтарға  тән  құбылысқа  айналды.

   Ұлт—тұтас  дене  секілді. Басы  ауырса, жантайғысы  келетіні немесе  іші  ауырса  жүргісі  келмейтіндігі, тісі  қақсаса  дәрігерге  баруға  асығатыны сияқты. Жаңаөзендегі оқиғаға  Қатынқарағайдағы, Шымкентегі  келеңсіздікке  Қызылжардағы  қазақтың  қабырғасы  қайыспаса, елдігің  қайсы?!  Алатауда  туған  Қарасай  батыр  Көкшеде  ажал  құшап, Батыста  туған  Сырым Датұлы  Қарақалпақстанда  қаза  тауыпты.Төле би бабама  топырақ  Тәшкенттен бұйырыпты,  Әйтеке  атам  Өзбекстандағы  біздің  ауыл  Тамдыбұлақтан  100  шақырым  жерде  Нұратада  жатыр.

                                       Іс  қылады  таптым  деп  біздің  қазақ,

                                       Онан  көрген  пайдасы  болады  аз-ақ.

                                       Аяғында  ол  ісі  зиян  шығып,

                                       Көрінгенге  күлкімен  болар  мазақ.

                                       Ықтималдың  есігі  екеу  болмақ,

                                       Ішіне  пайда,  зиян...бәрі  толмақ.

                                       Нысананы  сығалап  дәлдеп  атпай,

                                       Көзін  жұмып  оқ  атқан  қайтіп  оңбақ?

                                       Шолақ  ойдың  аяғы  осы  болмақ,

                                       Біраз  күнге  көңілдің  хошы  болмақ.

                                       Арсыз,  арам,  асығыс,  айла  кестік,-

                                       Мұның  бәрі  шайтанның  досы  болмақ.—деп Шәкәрім  қажы  ескерткен екен. Бірақ, Шәкәрім  қажыны  тыңдайтын  жұмыр  басты  пенде  болмады. «Айнала  алмай  ат  өлетін, айыра  алмай  жат  өлетін»  жұртқа  айналу—бабалар  мұраты  еді. Бар  қазақтың  намысы  әр  қазақтың  жүрегінде  тулап  жатса,  қанеқи!

   Жұмамұрат  Шәмші

   тарих  ғылымдарының  кандидаты