Интеграцияның қозғаушысының бірі – энергетика

14a83fd3e0e2a8e1fbc8972767b216d9_LСарапшылардың болжауынша, АЭС-ының құрылысының құны 10 млрд-тан 12 млрд-қа дейін АҚШ долларын құрайды. Әуелде АЭС салуға қолайлы жер ретінде – Курчатов пен Ақтау қалалары ұсынылған еді. Бірақ, ел Үкіметінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия Ақтауға қатысты барлық факторларды сараптамадан өткізіп, оның тым қолайлы емес екендігін дәлелдеген. Ал Курчатов қаласының ауданы Ресейге электр қуатын экспорттау тұрғысынан алғанда артықшылыққа ие.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 28 сәуірінде ММУ-інде дәріс оқып, еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерістердің келешегін қалай құру қажеттігін бағдарлап берген еді. Онда, Елбасы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше елдерді келісілген және біркелкі тарифтер бойынша газбен қамтамасыз ететін бірыңғай Еуразиялық газ тасымалдау желісін құруды ұсынған болатын. «Барлық ұлттық экономикаларды газбен қамтамасыз ететін Бірегей ішкі газ тасымалдау желісін құрудың болашақ еуразиялық экономиканың беріктігі үшін маңызы зор. Энергетикалық кешенді терең интеграциялаудың жол картасы ретінде «Еуразиялық энергетика» бірлескен бағдарламасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет»,- деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Ресеймен бірлесіп Қазақстанда атом электр станциясын салуға кірісетінімізді қадап айтты. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев энергетиканың болашағы – атом электр станциялары екенін, сондықтан, біз де атом электр станциясынан өз отынымызды өндіруіміз керектігін халыққа Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде айтып келеді. Мысалы «Мұнай мен газы мол елде атом электр станциясының қажеті бар ма?» деген сауалдың туындайтыны белгілі. Осыған орай Елбасымыз қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында барша қазақстандықтарға атом энергетикасының маңызын барынша түсіндірген болатын. «Газ жағу – бума-бума теңге мен долларды жағу, одан мыңдаған өнім түрлерін алуға болады. Мұнай жағу – бұл да мыңдаған долларлар. Біз бүкіл әлемге үлкен мөлшерде уран шығарып отырған елміз. Сондай-ақ, бұл бізде бар мүмкіндік, таза энергетика. Бұл ғылыми-техникалық прогресс, даму. Атом электр станциялары бар елдер бөлек санатқа жатады. Бәлкім, бір ғана станция салмаспыз, оның құны да арзан емес. Әртүрлі қауіп те бар, бірақ, соған қарамастан батысеуропалық елдердің көбі электр қуатының жартысынан астамын АЭС-тен алады. Анау Жапонияның өзі атом қуатын дамытуды тоқтатқан жоқ. Сондықтан, біз де осыны қолға алуымыз керек»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардағы Жолдауында. Қазақстандағы екі блогының қуаты 1000 МВт-ты құрайтын алғашқы атом электр станциясын Балқаштағы Үлкен кентіне жақын жердегі алаңда салу қарастырылып отыр. Сондай-ақ, «орта қуатты» екінші станция Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында салынуы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі атом энергиясы жөніндегі комитетінің төрағасы Мәжит Шәріпов Астанада өткен «Қазақстан-МАГАТЭ: Атом энергетикасы инфрақұрылымын дамыту» атты семинарда: «АЭС-ын Балқаш ауданындағы Үлкен кентіне жақын жердегі алаңға салу қолайлы. Өйткені, бұл жерде электр қуатының тапшылығы зор және станциядан тоқ шығару үшін дамыған электр желілері бар» деп мәлімдегені белгілі. Ал Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев «қазіргі кезде елімізде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ының құрамында АЭС-ын салудың техника-экономикалық негіздемесін жасаумен айналысатын маманданған компания құрылатынын» айтты. Жалпы, аталған атом электр станциясы болжам бойынша 2025 жылға қарай пайдалануға беріледі. Сарапшылардың болжауынша, АЭС-ының құрылысының құны 10 млрд-тан 12 млрд-қа дейін АҚШ долларын құрайды. Әуелде АЭС салуға қолайлы жер ретінде – Курчатов пен Ақтау қалалары ұсынылған еді. Бірақ, ел Үкіметінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия Ақтауға қатысты барлық факторларды сараптамадан өткізіп, оның тым қолайлы емес екендігін дәлелдеген. Ал Курчатов қаласының ауданы Ресейге электр қуатын экспорттау тұрғысынан алғанда артықшылыққа ие. Оған қоса, Елбасы АЭС-ын Ресеймен бірлесіп салатынымызды ескерткен еді. Егер де аталған жобаны қаржыландыруға шетелдік әріптестеріміз тартылатын болса, Ресей де құрылысты қаржыландыруға дайын. Тек, ресейлік технологияларды таңдап алуымыз ғана қалады. Бұдан байқалатыны, шынында да Еуразиялық интеграцияның қозғаушысының бірі – энергетика. Яғни, ол экономикалық ынтымақтастықты дамыта түседі.
 ult.kz