Бүгін елімізде Ұлы Жеңістің 69 жылдығы атап өтілуде

vstrecha_s_veteranami_09.05.13Бүгін Қазақстанда Ұлы Жеңістің 69 жылдығы үлкен мереке болып атап өтілуде. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі.

Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орыны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді.

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 69 жылдығы құрметіне елімізде көптеген шаралар өткізілуде. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар, ардагерлермен кездесулер өтіп жатыр.

Бүгін Астанада қала жұртшылығы, ардагерлер "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоқтарын қояды, мерекеге жиналған майдангерлер сарбаз ботқасынан ауыз тиеді, майдандық әндер шырқалады.

Сондай-ақ Алматыда дәстүр бойынша 28-панфиловшы батырлар ескерткішіне гүл шоқтары қойылады, қала алаңдарында концерттер өтеді. Мерекелік шерулер халық серуеніне ұласып, кешке Жеңіс салютімен аяқталады. Мұндай шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде жалғасын табады.

Қазақпарат