ДОЛЛАРДЫҢ ДАУЫЛЫ МЕН ТЕҢГЕНІҢ ДАУАСЫ

долларӘлемдік экономикадағы тұр­лауы жоқ нарықтың бағамына жіп байлай алмайтын аласапыран, аумалы-төкпелі тірліктің теп­кі­сіне де бой үйрете бастадық. Егемендіктің ерекше белгісі, елі­міздің төл теңгесін көзбен кө­ріп, қолмен ұстағандағы ал­ғашқы шексіз, шат-шадыман қуа­нышымыздың да көп уақыт өтпей шаңы су сепкендей басылды. Құдайдан тілеп жүріп, әзер қол жеткізген теңгеміздің әлсін-әлсін құнсыздануы оның тұғырында тұрақтайтын шығар деген сенімді селдіретіп, керісінше кез келген күні құлдырауы мүмкін деген қауіпті күшейте түскендей... Әрине, бұл бір біздің ғана ақ­шаның басында ойнаған әңгір­таяқ емес екені де белгілі. Теңгенің туын түсірмейміз деп намысымызды қайрағаннан қайран болмай тұр. Бәрінен бұрын ұлттық валютамыздың құнсыздануына байланысты ішкі нарықта халықтың сатып алу мүмкіндігінің де төмендеп кетуі алаңдатады. Осыған орай көпшіліктің, әсіресе, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған қара­пайым тұрғындарымыздың әл-ауқатының әлсіреуі де заңды. Бірден жиырма сатыға омақаса құлаған теңгенің ендігі жерде тесік қалтада тұрақтамасы белгілі. Тұтынатын тауарлардың басым бөлігі шетелдерден әкелінетіндіктен, оның бағасы да теңгеге шаққанда шарықтап шыға келді. Бағаны бұғаулау енді биліктің қолынан келе қоймасы да түсінікті болды. Елбасының қатаң тапсырмасына қарамастан, қазірдің өзінде жер-жерлерде тауарлар бағасы көтеріліп, қымбаттап кетті. Оны тоқтату мүмкін емес, мыңдаған сауда орындарының есігі мен тесігіне бір-бір бақылаушы қоя алмаймыз ғой. Алдында ғана, қызметке келісімен «Доллардың долы дауылы соқса да, теңгенің түгі түспек түгіл, қылшығы да қисаймайды» дегенге келтіріп, көпшіліктің алдында кеуде қаққанмен, Ұлттық Банктың жаңа төрағасы Қайрат Келімбетовтің өзі ел алдында көзін төмен салып, жазық маңдайы жіпсіп, күмілжіп қалды. «Төрағаны отставкаға жіберу керек» деп жер тепкілеген тұрғындардың талабы да ашық айтылды. Бірақ, Келімбетов кеткенмен, келесі төраға құнды қағазымыздың көсегесін көгерте қоймасы хақ. Теңгеміздің тағдыры өз қолымызда, оған қоса ішкі және сыртқы саяси-экономикалық жағдайларға тәуелді екенін сол жер тепкілеушілердің басым бөлігі біле бермейді. Бас банкир теңгенің құлдырауының бес себебін салалы бес саусағымен санап бергені жұрттың өмірін жеңілдеткен жоқ. Оның санамалап «сыныққа айтқан сылтауы» әлдеқашан әлемге әйгілі болған айғақтар емес пе? Себебін санап, салдардың салын суға жібермей өз тарапымыздан талпыныс көрсетуіміз қажет. Өйтпесек ешкім сырттан келіп біздің теңгеміздің тағдырына таңдайын қағып, өкініш білдірмесі анық. Қай елдің болмасын экономикасы өндіріске тікелей байланысты екені бағзы заманнан белгілі, бұл жаңалық емес. Бір ғана нақты мысал, осыдан ширек ғасыр бұрын экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жағынан әлемде ең соңғы орындардың бірінде болған көршіміз Қытайды алсақ та жетеді. Өндірісті өркендету арқылы қазір алдыңғы қатарға, тіпті әлем бойынша екінші орынға шықты, ақшасы да құнын жоғалтпай тұрақтанды. Ең бастысы, шығыстағы көршілерімізде бізбен салыстырғанда ұрлық, жемқорлық атаулы жоқ десе де болады. Олар біз сияқты жем­қорларды басынан сипамайды, оның шыққан тегі мен даңқ-дәрежесіне пысқырып та қарамайды. Хан да, қара да заң алдында бірдей олар үшін. Біздегі жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өндірісті өркендетуге миллиардтаған қаржы бөлінгенмен, ісіміз оңға баспай келеді. Осы бағыттағы ондаған ауқымды бағдарламалар орындалмай, қыруар қаржы игерілмей қалып жатыр. Тек қана қордаланып қана қоймай, сол қаржының біраз бөлігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Бізде өндірісті өркендетуге мүмкіндік жоқ десек, қателеспейміз. Кәсіппен айналыса бастағандарды түрлі құзырлы орындардың өкілдері келіп өздері тұншықтырады. Өйткені сол кәсіпкерлерден бірдеңе алып қалуды алдымен ойлайды. Мысалы, қытайлықтар шығарған сапасыз тауарларды жасау өз қолымымыздан келмей ме? Келеді. Бірақ, біреулерге оның керегі жоқ. Олар, кеден арқылы ағылатын сансыз тауарлар есебінен ақша жасау бизнесін жолға қойып алған. Пысықайлардың кез келген кәспорынның жұмысына кедергі қоя алатындай күші бар. Оларға елімізде өндірістің өрістеуі тиімсіз. Тіпті, инвестиция тартылып, заманауи техникамен қаруланған кәсіпорындарымыздың өзі тапсырыстың тапшылығынан толық жұмыс жасай алмай отыр. Өйткені бүгінгі нарықтағы бәсекеге төтеп бере алмайды. Олай болса, шетелден инвестиция тартып несіне босқа тыраштанамыз? Біздің еліміздің шетел алдындағы қарызы онсыз де жетіп артылады. Оны қашан, қайтіп өтемекпіз? Бізде жаңа бағдарламалар бөлінген қаржыны жан-жақтан жұлмалап жеу үшін жасалатын секілді. Тәжірибеміз осыны көрсетіп отырғандықтан, олай демеске амалымыз жоқ. Бізге алдымен өзіміз шығара алатын тауарлардың импорттық тасқынына тосқауыл қойып, отандық өндірісті барынша қолдап, басымдылық берген дұрыс. Бұл туралы Елбасымыз да әлденеше айтқан болатын. Бірақ оны елеп, ескеріп жатқандарды көрмедік, бүгін қолында сәл билігі барлардың бәрі Абай атамыз айтқандай «бас-басына би боп кеткен». Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да бір мысал келтірейік. Өзбекстанда шетелдік автокөліктерді кіргізуге тиым салып, өз өндірісіне басымдылық бергені баршамызға аян. Нәтижесінде олар өз елін ғана қамтамасыз етіп қоймай, сыртқа да көліктерін шығара бастады. Оның өнімдерін біз де бірнеше жылдан бері сатып алып пайдаланып жүрміз. Өндіріс туралы ойды біз Келімбетовтың келтірген теңгенің құлдырауына «импорттың өсуі мен еліміздегі алыпсатарлықтың әсерінен» деген үшінші және төртінші сандық ретпен атап көрсеткен себептеріне орай қозғап отырмыз. Банк төрағасы өз мәлім­демесінде екінші себеп ретінде «Ресей рублінің бағамына қа­тысты айқындылық жоқ» деп жариялапты. Бұл ойы да көпшілік үшін түсініксіз, бұлыңғыр. Әрине, кедендік одақтың қамытын киген соң солтүстік көршімізбен бір кемеге отырғандай күйде жүргеніміз рас. Кедендік одақтағы елдер арасында тауар айналымы барысында бағаға байланысты біраз келіспеушіліктердің орын алғаны әмбеге аян, барша біледі. Теңгемен таразылағанда доллардың қымбаттауына Ресей рублінің қандай қатысы барлығын екінің бірі түсінбегендігі де содан болар. Әрі-беріден соң, олар да біз сияқты өз валютасының құнын түсіріп алмас үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүргендердің бірі емес пе? «АҚШ-та жүріп жат­қан «сапалық жұмсару» бағдар­ламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылды» деген бірінші және басты себептің де ешкім мәйегіндегі мәнін ажырата алмасы анық. «Сапалық жұмсаруы» осы болса, «қатайғаны» қандай болмақ деген ой көпшілікті мазалайды. Алдымен алпауыт елдердің ешқашан дамушы елге емешегі үзілмесі бесенеден белгілі емес пе? Империялистік пиғылдағы мемлекеттер кімді де болса қанауды, байлығын соруды ғана басты мақсат тұтатынын ұмытып қалғанымыз ба? Тіпті сол атышулы Американың өзі бұл саясатты бүгін ғана ойлап тауып, алғаш рет қолданып отырған жоқ қой. Даму жолына түскен елдерді демегісі келсе, өзге ел үшін өзегін жұлып беретін болса алпауыт мемлекеттер мүлдем басқа бағыт ұстанар еді. Мысалы, дөңгеленген дүниені долларға табындырмай, әлемдік баға бағамын белгілеп отыратын ортақ ұйым құрып, жержүзіне ортақ ақша жасайық, ол ұйымға барлық елдердің өкілдері тең дәрежедегі дауысқа ие мүше болсын деп айтып көріңізші. Алдымен Американың өзі ер-тоқымын бауырына алып, тулап шыға келері сөзсіз, өйткені доллардың дәрежесін олар түсіргісі келмейді. Мұнайдың да, басқа да байлықтардың халықаралық нарықтағы бағасын өздері белгілеп, капитализмді қарғап, коммунизмді қолдаған қауға сақалды Карл Маркс әлдеқашан анықтап айтып кеткендей өздері өктемдік жүргізгісі келеді. Сондықтан күдікті жолмен құралған капиталдың арқасында күн көріп отырғандар өзгелердің ұсынысымен өлсе де келіспейді. Олай болса себеп пен салдарды қоя тұрып, теңгемізді тегеуірінді етеміз десек, оның дауасын мүлдем басқа жақтан іздегеніміз жөн болар. Доллардың қымбаттауына байланысты ірі кәсіпорындар шетке шығаратын өнімдері арқылы мол табыс табады дегенге де сене қою қиын. Біріншіден, бізде айтарлықтай сапалы өнімді сыртқа ұсынып жатқандар саусақпен санарлық, шикізат өнімдерін есепке алмасақ. Екіншіден, доллар біз сияқты дамушы елдерде ғана қымбаттап отырғанын ұмытпауымыз керек. АҚШ үшін оның бізде қымбаттағаны керек, бір сөзбен айтқанда доллар Африкада да доллар болып қала береді. Бұл алдында айтқандай валютамыздың құнсыздануының халықаралық саяси-экономикалық жағдайға тәуелді екендігінің тағы бір дәлелі. Сыртқа тәуелділікті тоқтату үшін өз өндірісімізді даңғыл жолға қойғанымыз абзал. Реті келгенде айта кетейік, теңгенің құнсыздануына байланысты халықтың қарсы қимылы көп күттірмегенін көзімізбен көрдік. Бүгінгі әртүрлі дәрежедегі банктерде орын алған жанжал соның айғағы. Салымшылар банктердегі ақшаларын жанталаса қайтарып алуға кірісті. Оған теңгенің құнсыздануына байланысты бесінші «себеп» түрткі болған сияқты. Онда бұдан кейін айырбас бағамының қатаң қадағалануынан бас тарту айтылған болатын. Яғни банкке ақша салып өсім алу мүмкіндігіне деген кепілдік кеміді деген сөз. «Біздің банктерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ақшамыз жетерлік» деген бас банкирдің кезекті аңызына көпшілік құлақ асар емес. Өйткені «аузы күйген үрлеп ішеді», несиелік жоғары пайызымен қанайтын біздің банк атаулыға халық сенімін жоғалтып болды. Түптеп келгенде, теңге төңірегіндегі дау-дамайдың өз экономикамызды жоғары деңгейге көтеріп, өндірісімізді қағаз бетіндегі түрлі бағдарламаларда емес, нақты түрде, іс жүзінде дамытпай дамыл таппасы да анық. Зейнолла АБАЖАНОВ