Көкбөрінің таңбасы

шошкабасТарихи деректерге жүгінсек, қазіргі кең байтақ қазақ жерінде, ерте орта ғасырда (VI - IX ғ.ғ.) алғашқы ірі феодалдық мемлекеттердің бірі - Түрік қағанаты құрылды. Қағанаттың бірінші басшысы – қаған (хандардың ханы) жоғарғы билеуші және әскербасы саналды. Алтай тауларының бір шыңы төбесі шошақ бас киімге, қазақша «дулығаға» өте ұқсас еді, ал дулығаның ежелгі түрікше атауы - «турик». Түрік тайпалары, түрік тілінде сөйлеп, көне түрік жазуымен жазған. 35 әріптен тұратын көне түрік әліпбиі түрік тайпаларының таңбалары негізінде жасалған сына жазу – түріктердің төл жазуы. Оның пайда болу мерзімі біздің жыл санауымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтың ортасы. Бұл кезеңді айғақтайтын түрік жазба мәдениетінің көне ескерткіштері – «Орхон - Енисей», «Құтлығ қаған», «Білге қаған», «Құлы- Шора», «Мойын- Шора», «Күлтегін» (түркі қағанаты туралы сөз, авторы – Йоллығ тегін, тұңғыш тас кітапқа мемлекеттік трактат жазып қалдырған баба жазушы), «Тоныкөк» және «Талас» жазулары түріктердің өркениеті мен рухани ой-санасының тамаша көрсеткіші - ренессанстық «Ояну дәуірі» деп айтуға әбден болады. Түркілер мәдениетінің рухын, тарихын, тілін, этногенезін, географиясын, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін, дүниетанымын айшықтайтын осы көне петроглифтерде салынған мыңдаған суреттер мен таңбалардың бірегейі–көктүріктердің (жалпы түрік ) әлемдік деңгейдегі елдік белгісі- көк түсті желек туда бейнеленген Көкбөрінің таңбасы болды, ол - «Бөрілі байрақ» деп аталады. Байрақ бүкіл әскердің, мемлекеттің қасиетті рәмізі саналған. Сыртқы пішімінде, мәнінде ұқсастық болғандықтан, қазіргі түркі тектес халықтар тілінде байрақ, ту, жалау атаулары бір-бірінің синонимі ретінде қолданыла береді. Байрақ – қан қызыл, қоңыр және сары түстерден құралып, үш түстің әрқайсысы бір-бірінен жол-жол болып бөлінген, байрақтың жоғарғы тұсына, кейбір байрақтың ортадағы жолағы ішіне, бөрі басының бейнесі салынған, байрақтың ұзындығы 1 метрден кем болмаған. Түркілердің өмірінде байрақты көтеру, тігу, қадау, ұстау – үлкен рухани, әскери мәнге ие. Байрақты бейбіт кезде де аса зор құрметпен жеке үйде арнаулы сандықтың ішінде сақтап, тек жаугершілікте ғана көтеріп шыққан. Жорықтарда байрақты сақтаушы ретінде беделді сұлтандар мен батырлардың біреуі сайланатын. Байрақтан айырылу - өліммен бірдей еді.Онда әскердің киесі, күші бар деп түсінгендіктен, оның құлауы немесе жоғалуы жеңіліс саналып, жауынгердің жеңіске деген үмітін сөндіріп, жігерін мұқалтып, рухын жойған. Майдан даласындағы барлық қимылдар байрақтың көтеріліп, түсуіне байланысты өрбіген, оның үнемі желбіреп тұруына күллі әскер мүдделі болған. Сарбаздардың көтерген байрақтарына және найза ұшының тұғырына алтыннан жасалған бөрінің бас суреті міндетті түрде бейнеленетін.«Бөрілі байрақ» біздің уақытымызға дейін ата-баба рухы секілді желеп-жебеуші күш ретінде танылып, көне түркілердің тікелей ұрпағы- қазақ ішінде ұлы жүздің шапырашты руы туының аты және ұраны болып сақталып жетті. Түркі әлеміне ортақ Көкбөрімен байланыстырылған этникалық ұғым, бейне – белгілер және аңыздар мен ертегілер, жырлар, генеалогиялық әпсаналар өте көп. Көкбөрі анаға қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, моңғол аңыздарында, қытай тіліндегі жылнамаларда сақталып қалған. Аңыз бойынша, бір шапқыншылық кезінде жетім қалған жас баланы қалың шөптің арасына жасырып кеткен екен, ашығып қалған нәрестені Көк Тәңірінің қалауымен, Көкбөрі ана келіп емізіп, түркілердің ұрпағын құтқарып қалған. Сондықтан Ашина өзінің шыққан тегін білдіру үшін сарай қақпасының алдына бөрінің басы бейнеленген байрақ ілген. Бізге жеткен қолжазбаларда: «Ежелгі түркі билеушілері басқа елдің елшілерін осы бөрі басы бейнеленген байраққа тізе бүгіп, құрмет көрсеткеннен кейін ғана қабылдайтын болған» - деп айтылады. Көкбөрі ана құтқарушы тотем ретінде «Оғызнаме» жырында, «Ергенеқон» дастанында, татар халқының Ақ қасқыр туралы әңгімелерінде көп кездеседі. Қазақтарда бөріге табынудың белгісі – оның қасқыр атын атамауы. Балаға, бәйге аттарға тіл - көз тимеу үшін бөрінің тырнақ, көз, тіл сияқты мүшелерінен кесіп алып, тағып қоятын болған. Тісі де қасиетті саналған. Көкбөрі - түз тағысы, бірақ өте ақылды, аса сақ, қайсар, азулы жыртқыш, күшке көнбейтін өр мінезді еркін даланың батыры. Адам арыстанды да, жолбарысты да, аюды да таяқпен қорқытып, өзіне құл етті де, цирк аренасына шығарды. Ал, бөріні әлі күнге дейін ешкім бағындыра алмай келеді. Ол - айбындылықтың, еркіндік пен тәуелсіздіктің, бостандықтың символы. Тарихқа көз жүгіртсек, ататегіміздің рухын, салт- санасын, қаҺармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман- тілегін жеткізетін құнды белгі де, біріктіруші күші де – Көкбөрінің таңбасы болған. Жер шарының Азия, Африка, Европа, Америка сияқты құрлықтарына түгел тараған түркі халықтарының ортақ Елтаңбасы – Көкбөрінің таңбасын қайта жаңғыртса, рухани мәдениетіміздің тегершігі тектес дәстүр-дағдыға енгізсе, бүкіл түркілердің атамекені, тарихи отаны - қарашаңырақтың иесі болып отырған қазақ жеріндегі біз үшін ардақтап, мақтан тұтар, киелі де, құнды жәдігерге айналар еді. Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ, алаштанушы, «Ақ жол» партиясы Орталық аппаратының сарапшысы