Бизнес әліппесі: Бизнес-идеяны қарызға сұраймыз, бұл тиімді ме?

mediaАдам кез келген іске кірісерде бейне бір тау қопарып тастайындай асқан құлшыныспен білек сыбана жұмысына кіріседі. Бұл бизнесте жүрген азаматтарға ғана тән дүние емес, барлық іске ынталы адамның бойында бар қасиет. Бірінші кезекте бастаған ісің өзің үшін жалқы, өзіндік даралығы бар болып көрінуі мүмкін. Ал уақыт өте келе сол іспен басқаның да айналысып, шаруасын дөңгелетіп алғанын көріп көңілің пәс тартады. Міне, осындайда біздің кәсіпкерлеріміз ешкімге ұқсамайтын жалқы идея іздейді. Ендеше бизнесте ешкімге ұқсамайтын иедеяны қайдан аласыз? Бәлкім, қарызға шығар?! Алаш айнасы бүгін Бизнес әліппесі арқылы осы тақырыптарда ой қозғауды жөн санады. Сәтті идеяның құны қанша? Негізінде, бізде идеяны ойластыруға қатысты арнайы мамандардан жасақталған зерттеу орталықтары бар. Оның қайсыбірін компаниялар «пиар менеджерлер» деп те атайды. Идеяны сәтті таңдағысы келетіндер тіптен олардың қызметіне де жүгініп жатады. Осыны ескеріп біз алдымен сол идеясын сататын орталықтардың қызмет ақысы қанша екенін есептеп көрдік: • Бұл ретте егер арзан қызмет іздесеңіз, алдымен жарнама агентіктеріндегі пиар менеджерлердің қызметіне жүгінесіз. Олардың қызметінің құны 1-3 мың доллардың көлемінде. • Сапалы қызмет іздесеңіз, онда брендинг-менеджерлер қызметіне жүгінесіз. Ол брендинг-менеджерлер сапалы бренд атауын тауып беруге 5-8 мың АҚШ долларын сұрайды. Ресейде мұндай агенттіктердің қызметіне жүгіну 10-12 мың доллар тұрады. • Есіңізде болсын, бізге Батыстан көмек сұраудың қажеті жоқ. Өйткені жаңағы менеджерлердің қызметін қымбатсынатын кәсіпкерлер батыстағы идеяларға «жиендік» жасайтын көрінеді. Бірақ сарапшылар мұндай бизнес идеялармен халықаралық нарыққа шыға алмайтынымызды құлаққағыс жасауда. • Бұған қоса өз бетіңізше немесе фокус-группа көмегімен де жарқын идеяларға қол жеткізе аласыз. Мысалы, иіссуға (немесе басқа тауар мен қызметке) байланысты бейтарап немесе жағымды ассоциацияларды жазып алу керек. Айталық: иіс – сабырлылық – тыныштық тағы сол тәрізді. Бұдан кейін кітапханаға барып, осы терминдер тобына жататын түрік, парсы, ағылшын, түрікмен және басқа да бауырлас тілдерде қалай оқылатынын немесе аталатынын анықтап алу қажет. Жиі жіберілетін қате: сіз бауырлас халықтар дәл осы иіс су түрін қалай атайтынын анықтамай, брендке бірден өз қиялыңыздағы атауды қоясыз. Мұның арты тауар өтімділігіне кері ықпал етуі мүмкін. Міне, ақылы идея алудан қашқақтасаңыз, осылай сәл-сәл миыңызды жаттықтырып алып небір идеяларға сүңгіп кетуге болады. Десек те, мамандардың пайымдауынша, біздегі кәсіп иелері көбіне бизнестегі идеяның орны қаншалықты екенін таразылай бермейді. Осыдан барып жетістікке де діттеген межеде жете алмай жатады. Бизнестегі идеяның орны айрықша екенін ескерткен мамандар, бізге керегі бірегей болу екенін алға тартып отыр. Бірінші болуды емес, бірегей болуды ойлаңыз Жалпы, бизнес идея туралы сөз еткенде кеңесшілер бірінші кезекте бірегей болуға ұмтылу керектігін баса айтуда. «Біздің кәсіпкерлердің бір олқылығы олар бірінші болуға ғана тырысады. Ал бірегей болу көпшілігінің қолынан келе бермейді» дейді мамандар. Марал Төртенова, экономист-сарапшы:  - Отандық кәсіпкерлердің жіберетін ең бастысы және ең қауіпті қателігі бәсекелестерімен бір шеңберде сайысу. Бәсекелестерінің іс-әрекетін қайталау стратегия тұрғысынан қарағанда сәтсіздікке ұшырау деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлердің негізгі мақсаты өз өнеркәсібін нөмірі 1 немесе 2 тіпті озық компания болу емес, маркетинг жолдарын тауып бірегей сауда ұсынысын паш ететін бірегей кәсіпкер болу керек. Міне, қандайда бір идеяны жүзеге асырып одан жетістікке жетуі үшін бізге осы жетіспейді. Сондықтан бәсекеге қабілетті болу үшін бұл бірегей болуға ұмтылу бізге қажет қасиет.  Борышкер болып идея сұрамаңыз Бағамдасақ, идеяны қарызға алуға да болады. Қолында қайраты бар, бірақ қаржысы жоқ адамдардың дені кәсіп ашуда осы бағытқа жүгінеді. Бірақ көпшілігінің айтары борышкер болып бизнеске бас қоюдың тиімділігі аса жоғары емес. Бұған қатысты айтар болсақ, рас қазірде адамдардың көбі бір-біріне қарыздар. Бірақ басым бөлігі осыны мойындағылары келмейді. Қарыздар әртүрлі болуы мүмкін. Тіпті адамның бір-біріне берген уәдесінің өзін қарыз деп білетін жапондар бұл жерде бизнестегі қарыз атаулыға аса сақтықпен қарайды. Сондықтан бизнес-идеяны қарызға алу жөнінде жапондық қаржыгер Окума Сигэнобу «бизнесте қарыз алуда, уәде беруде аса сақ болған жөн. Ешуақытта уәде беруші болмаңыз. Бәрі өзгереді, бәрі уақытша. Сіздің бүгін берген уәдеңіз ертең орындалмай қалуы мүмкін. Уәде де қарыз» деген екен. Мұны отандық кәсіпкерлеріміз де қуаттайды. Жалпы, бизнесте банктерге, менеджерлерге, пиар менеджерлерге борышкер болып идея сатып алудың дұрыс еместігін кәсіп иелері түсіне бастаған. Әйтсе де біздегі кәсіп иелері идеясының жалқы екенін таразылай бермейтіндіктерін мойындап та отыр. Абзал Шыныбеков, кәсіпкер:  - Өз басым расымен де идеямыздың жалқы, дара екеніне оншалықты мән бере қоймаппын. Мүмкін, кей тұстары олқы түсіп қалатынымыз да содан шығар. Бірақ біздегі бизнес кеңесшілерінің де біліктілігі жеткіліксіз болып жататытынын, бизнес менеджерлердің өзі тым жастар екенін, олардың өз саласын терең меңгере бермейтінін ескерсек, бізге отандық бизнеске идея шынымен де жетіспейді. Мысалы, біз идеямыздың жалқы немесе жалпыға ортақ екенін аңғара бермейміз. Ол үшін қандай талдаулар қажеттігіне де аса көіл аудармаймыз .Ал қазір негізі бизнеске керегі сауатты идеяы екені даусыз.  Идеяңыз жалқы ма?  Сонымен, бизнеске керегі дара идея екенін біраз жіктедік. Ал енді идеяңыздың халыққа өтімді екенін, жалқы өзіндік дара екенін таразылап алу үшін қандай жайттарға назар аудару керек? Мұны да назарға ұсынған жөн тәрізді. Ендеше біз жіктеген төмендегі жайттарға зер салып көріңіз. Мұндай зерттеулер жүргізу арқылы сіз идеяңыздың өзгеден даралығын біле аласыз. • Адамдар сіздің өніміңізбен қызметіңіз үшін ақша төлегісі келе ма? Әлде сіз өніміңізді адамдарға өзіңіз тықпалайсыз ба? Егер адамдар өнімге және қызметке ақша төлеуге дайын болса, онда бұл идеялар жетістікті бизнеске айналады. • Сіз өніміңізді жастарға немесе қарттарға сатуды жоспарлайсыз ба? Мүмкін, сіз ұсынып отырған қызмет түрі тек әйел адамдарға немесе тек қана ер адамдарға арналған шығар. Екінші кезекте осы арасын анықтап алыңыз. • Клиенттер ортасын анықтап алғаннан кейін нарықтық зерттеу жүргізіңіз. Сатып алушылар қаншалықты қымбат төлеуге дайын екенін білсеңіз тіптен жақсы. • Бұдан соң сіздің өнімге қызығу бар болса, бірақ адамдар ол үшін төлеуге дайын болмаса, бизнестің альтернативтік яғни тауарды таңдаудың баламалы үлгісін қарастырудың мәні бар. Міне, сіз өз идеяңыздың жалқы екендігін, нарықты дендеп алатынын білгіңіз келсе алдымен осы бір төрт бағытпен жұмыс істеуіңіз керек. Осы бағытты айқындап алғаннан кейін барып шаруаңызды еш кедергісіз дөңгелете аласыз.   Қаперіңізде жүрсін: Жапон қаржыгері Окума Сигэнобудің бизнес идея туралы ойлары: 1. Қай жерде идея туралы әңгіме қозғалса да, сіз біреудің идеясынан бірдеңе алып қалуға оны әрі қарай ширатып әкетуге тырысыңыз. Бұл сіздің бизнестік дағдыңызға айналсын. «Идея жоқ» деп ешқашан айтпаңыз. Керісінше, кез келген ортада идея табуға тырысыңыз. 2. Ешқашан тың ойлардан, жаңа қадамдардан, жаңалықтардан, жақсы істерден бас тартпаңыз. Олар сізді жаңа табыстарға жетелейді. 3. Идея үшін өтем төлеу жақсы. Оны сақтап қалу үшін сізге идея ұсынған адамға өтем төлеңіз, абзалы қарызға идея алмаңыз.

"Алаш айнасы" 4. Ең бастысы жоспар құра біліңіз. Жоспармен жұмыс істеу сізді тиянақтылыққа жетелейді.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы