ВИЧ індетінен 9 жасар жеткіншек көз жұмды

shymkent_malchikШымкентте ВИЧ індетіне шалдыққан 9 жасар жеткіншек көз жұмды. "Балаларды СПИД-тен қорғайық" қоғамдық қорының төрайымы мұны ақ халаттылардың салғырттығынан көріп отыр. Айта өтейік, өңірде жаппай індет тараған уақытта онсыз да ауыр дертіне ауру жамап алған бүлдіршіннен ата-анасы жеті жыл бұрын бас тартқан болатын. Туа бітті мүгедек бала екі жасында мемлекеттің қарауына тапсырылған. 9 жасар баланың салмағы бар болғаны тоғыз келі болған. Жүдеп-жадағаны сонша, қараудың өзі ауыр. "Балаларды Спид-тен қорғайық" қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, марқұм аштықтан өлуі әбден мүмкін. Өйткені ВИЧ індетінен бөлек бірнеше ауыр диагноз таңылған дімкәс баланың тамақ ішуі де соңғы уақытта қиындап кеткен. Осыдан екі жыл бұрын балпанақтай болғанын мына суреттер дәлелдейді. Туа бітті сал аурымен ауыратын Бекжан соңғы жарты жылда тым жүдеп кетті дейді. Өйткені қарайтын адам жоқ. Ол әуелі бес жыл бойында облыстық психоневрологиялық диспансерде емделген. Бұл мекемеде елу балаға бір ғана маман жауапты екен. "Олар енді бірінші кезде "ол балада СПИД қой деп айтты". Кейін ана мен бала орталығы дәрігерлерінен сұраған кезде, ол баланың иммунитеті 1070 болды. Ол деген сау ... менде 1070 жоқ. Иммунитеті вирусный нагрузкасы 400-ден төмен болды деген. Сондықтан ол ВИЧтен СПИДтен өлді деп айтуға болмайды. Ол тек қана жөнді қарамаған үшін, салғырт қарағаны үшін осы әлеуметтік мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің көз жұмды", - дейді ЖИТС-ке шалдыққан балаларды қорғау қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева.

Бақилық болған баланың соңғы уақытта денсаулығы нашарлағанын ана мен бала орталығы мамандары да растап отыр.

Денсаулығы тым нашарлағанда, Бекжанды дәрігерлер осы орталыққа жеткізген. Ал өткен бір жылдың ішінде науқас бала емдеу мекемесіне тоғыз рет жатқызылыпты. Соңғы рет қаңтар айында жеткізілген ол, 38 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, ес жимаған. Ал облыстық психоневрологиялық диспансер басшысы тілшілермен тілдесуді қажет деп таппады. Сәлемдемесін күзетшісі арқылы жолдады. Есесіне әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшылары өз қарамағындағы мекеме қызметкерлерін ақтап алуға тырысып бақты. ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мәдина Есімова: Мекеме қарамады деп айту мүмкін емес. Денесінің терісінің сонша жұқалығы 15 минут жарты сағат жатса, пролеж бола береді. Сондықтан оны қайта - қайта аударып тұрады", - деп ақталды. Алайда қоғамдық қор төрайымы бұл уәжге тоқтағысы жоқ. Өйткені онсыз да туа бітті науқас балаларды қарауға шамасы жетпесе, маман сұратуға болар еді деп санайды. Сондықтан енді прокуратураға арызданбақшы. Айта кетейік, 2006 жылы Оңтүстікте жаппай ВИЧ індетін жұқтырған балалардың 15-і дүние салды. Бүгінде аты жаман ауруға шалдыққан балалардың саны өңірімізде 235-ке жетіп отыр.

nur.kz