ҚОШКЕНІҢ «ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ» «ҚАЗАҚ ЕЛІ»

Кошке Кеменгерулы 2

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет атауын өзгертуге байланысты пікірі қоғамдық қызу талқыға түсті. Мемлекет басшысы: «Уақыт өте келе ел атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет шығар, бірақ мұны алдымен халықпен ақылдасқан жөн»,- деді. Болашақта ел атауы қалай болатынын біз білмейміз. Оны уақыт көрсетеді, халық шешеді. Осы орайда біздің айтпағымыз, «Қазақ елі» ұғымы қазақпен бірге ертеден жасап келе жатыр. Әсіресе, оны Алаш оқығандары зерттеулерінде, шығармаларында жиі пайдаланды. Мысалы Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» атты кітапшасында осы тіркесті көп қолданды. Кітапша Мәскеу қаласындағы Нәзір Төреқұлұлы басқарған «Күншығыс» баспасынан 1924 жылы жарық көрді. Оған Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы берген мынадай бағасы бар: «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамедұлының «Исатай - Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз». Төменде Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» атты кітапшасынан бірқатар үзінділер келтіреміз.  
  • Ресейге бағынбай тұрғанда таңбасыз тайға, енсіз қойға ие болған қазақ елі – киіз үйді ғана мекендеген, толық көшпелі еді. Жекелену, хатта үй ішіне бөліну мүмкін болмаған көшпелі тұрмыстың арқандалған кіндік қазығы – ру еді.
  • 1788 жылы Бұқардың бас министрі: “қазақ еліне Ресейге қарсы соғысқан түрікке болысу керек. Әр рудан 2-3 бала оқуға жіберіңдер. Шығыны бізден. Жібермесеңдер күнәлі боласыңдар. Құран оқуға бұйырады”,- деп жарнама таратты. Сырым батыр: “Мен даярмын”,- деп жауап қайтарды.
  • Приказ ашылып, болысқа бөлінген соң, 5 жылдан кейін мал басы қазақ алым төлейтін болды. 1868 жылға шейін осы ретпен келді. Одан кейін қазақ елі сайлау құмарлықпен үй есебін жасырмайды деп, шаңырақ алымы шығарылды.
  • Хүкімет қазақ баласын оқытқанда білім алсын, елін ағартсын деп ойлаған жоқ. Қазақтың жас баласын елінен айырып, орыстың рухын сіңдіріп, қазаққа орыстың идеясын тарататын үндеуші қылу мақсұтында болды. Жалпақ қазақ елінің білім-өнерге бейіл бермей жиіркенуі, тарихи көзбен қарағанда табиғи. Алғаш оқыған қазақ басшыларының балалары французға еілктеп, күлкіні күйлеген. Князьдардың, генералдардың үйлерінде тұрып, ойын-сауық, билеуді ғана үйреніп, тәрбиелі білім ала алмай, біраз оқыған соң сахараның магниті тартып, тұрған жерлеріне қайтатын болды.
  • Халық қаһарманы Кенесары мен Наурызбай өлген соң қазақ елі жылдың оны өткенде мүлде жуасыды. Одан кейінгі күн шығыс мұсылман елдерінің көршілестік әсерімен Кіші жүз ішінде бірен-саран толқыншылар болды; Есет Көтібар баласы, Байқадам би, Жоламан батыр, Жанқожа Нүрміште баласы сияқтылар.
  • Қазаққа өз басынан да, тұрмыстың тұтқасы – мал бағалы. Қазақ басын жоқтамаса да, парамен болса да өнетініне көзі жетсе мал даулайды. Екі қазақ бір-бірінен бір тиын болса да, іздесіп алатын болды. Ал  “жылтыр түйме”, “картоз” жүрген жерге аяғын сирек басып, онда да жанға батарлық малы кетсе ізденетін болды. Мұның бәрі қазақ елінің мінез, хұқық жағынан ұғымы, бағасы нөлге жеткендікті көрсетеді.
  • Төңкеріс болмай ескі “ән”-мен есеп бергенде, қазақ елінің түгелімен пайдашы (батрақ) болып кету хаупі туған еді. Пайдашылыққа ұмтылғандық Ақмола, Семей облысында көшпелі елде жұқпалы аурудай таралып еді. Бұл-дағы көшпелі елдің кедейінің өте күйзеулігін көрсетеді.
  • 1905-1916 жылдардың арасында төрт облыс қазақ еліне алты-ақ процент қосылған. Қазақта өлім әйел арасында көбірек. Бұл қазақ әйелінің тұрмысының өте нашарлығын көрсетеді.
  • Шоқан айтады екен: “Бәрінен бұрын өзімнің қазақ елімді, одан соң Сібірді, одан соң Ресейді, содан соң ғана бүкіл адам баласын жақсы көремін; қазақты орыс ұрып жатса, қазаққа болысамын.
  • Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан  барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды.
  • Қазақ елінің әр түрлі тұрмыстың жұмбақтарына кездесіп, даң болып тұрған кезіне “Қырық мысал” мен “Оян, қазақ!” деп келіп, әлеумет жұмбақтарын шешкендіктен, елді оятқан үлкен күш болды. Тақпақты сүйетін қазақ бұл екі кітапты үлгі орнында ұстап, мысал орнында айтатын болды.
  • Ол кездегі ақ жүрек жастарда тұрмыс тәжірибесі болмады. Енді қалған үркердей халықшыл азаматтар “парламентарный идеялдық” көзқараспен миланған, басқа саяси партиялардың астарымен таныс болмаған және қазақ елін “әулие” қылып ұстаған еді.
  • Бұл ұран жоғарыда айтылған нашар сипаттар қанына сіңген қазақ еліне бит шаққандай да әсер берген жоқ. Және де бір болыстық елдің ішінде сайлаумен болатын хакімшіліктерге қазақтың екі ұдай болып таласуын әншейін бақ құмарлықтан деп ұғынып жүрді, біздің азаматтар.
  • Алыс-беріс ақы жөнінде қарасы жоққа теңдік бермейді және де қызмет атқарғанда алым-шығын ақшасын өсімге жібереді. Осындай пайдаларды көре тұрып, сайлау партиясына кірісу жалпы адамшылық есі кірмеген қазақ елінде түгіл, басқа мәдени елдерінің таптар күресінде де бар.
  • Әр жерлерде шала жансар, жоқтан бар мұғалімдер курсы ашылды. Бірақ бұл курстар орыстан 300 жыл соң қалған қазақ еліне дария қасындағы тамшыдай ғана болды. Ана тілі болсын деп айттық, бірақ ана тіліндегі кітаптарды шығаруға қам қылынбады. Азаматтар саяси сағымға құлаш ұрып, оқу жағына үстірт қарады.
  • Мінеки, 1922 жылдың ішіндегі халіміз: 1) Көптің рухына (психология) үлкен өзгеріс кірді: тұрмысқа көзқарасы өзгерді. Жастар, кедейлер хакім болуға үйренді, 2) Үй ішінің тұрмысына да үлкен өзгеріс кірді. Кедейлерден байыраққа ауысып жатқан әйелдер болса да, әйелдің көпшілігі бостандыққа ұмтылып, дүниеге көзқарасын кеңейтіп, рулықтың түрін бұзып жекелікке бет алды. Әзірге бостандықтан еңбекшіл қазақ елінің алып отырған бар екі олжасы осы.
  • “Өлгенін жасырасың, көмгенде қайтерсің” дегендей, елдің басында тұрған кемшіліктерді де жасырып болмас, айтып өтейік: ... Бала оқытуға ықыластанған ел жоқ. Бала оқытқан ынталы мұғалім жоқ. Бала оқытқан ынталы мұғалімдер күні, тамағы үшін басқа қызметтерге кіріп кетті. Яки, өз шаруаларымен айналысып кетті. 5) Басылып дүрілдеп шығып жатқан кітап жоқ. Басқаларға табылған қағаз баспаханаға табылмады. 6) “Ұмсындық” пен “Мәмбеттің” кебін киіп еңбекшіл қазақ елі тұр.
  • Қысқасынан айтқанда, ескі олжамызды күн сайын басып жоққа айналдырып, қазақтың келешегіне үмітсіз көзбен қаратып, қазақ елінің жоғалу хаупін көзге елестетеді. Патшалық дәуірінде-ақ мінез, шаруа жағы ақсай бастаған қазақ еліне мына кемшіліктер жығылған үстіне жұдырық болып, “болу, не болмау” мәселесі туып, айырық жолдың үстінде қалай жүрерін біле алмай қазақ елі тұр.
  • “Бұл бір уақытша кедергі. Тарих ағымымен қазақ елі қалқып отырып, жылақонып, эволюция жолымен мәдениет жүзінде ер жетеді” дегендердікі де – адасқандық.
  • Осы ретті шабандық, қазақ елінің әлеуметтік шарттарын өте тексеріп негіз салмағандық жоғарыдағы кемшіліктерді өлшеуден шығарып отыр. Автономиядан мақсұт: қазақ елінің өз тұрмысына қолайлы жолдармен жүріп, төтесінен жалпы адамзат үй ішілігінің қоғамына кіру еді. Өзін-өзі алдаған кісі болмаса, жоғарыдағы оқиғаларды салмақтап отырып, қазақ елі ілгері басып барады деп айтуға аузы ұялар.
  • Қазақ қолынан шыққан заттардың бағасы жетілмей, кездемеге қарағанда көп есе төмен ұсталып отыр. Бұдан былай  “қазақ елі бүкіл дүние саудасының алқасына кіреді” деп иманды берік ұстау керек. Қазақ шаруасы Ресейдің өзі ішінен асып, шет патшалықтармен қоян-қолтық болмақшы. Мұндай қоян-қолтықта қазақ шаруасы бұрынғыдан да басқа түрге түсіп өзгереді.
  • Қазақ елі құрымас үшін отырықшы болу керек” деушілер бар. Қағаз бетінде отырықшы болумен мәдениет көктен түспейді, жерден шықпайды. Отырықшылықтың көп шарттары бар. Сол шарттар орындалса ғана мәдениет гүлденбекші.
  • Ең тұщы суға бай Көкшетау уезінің маңдай жерлері орыстың үлесіне кіріп кетті. Ақмола облысында ащы көлдер неше мыңдап болады. Қара топырақты тұщы көлдер түгелімен келімсекке кетті деуге болады. Қазақ елі көбінесе құдықпен күн көреді. Көкшетауды кіндік қылып алғанда айналасында мал бағуға жарайтын 2 миллион десятиндей жер бар. Бұл жерге арық жүргізілмесе егіндікке жарамайды.
  • Қазақтың өзінен шыққан қызметкерлерді алсақ, етектен алып жеңге, жеңнен алып етекке жамаған сияқты. Бір өзінде 5 қызмет болып, дел-далмен тиянақты іс атқара алмай жүр. Тарихи тәрбиенің арқасында зор кемшіліктер мен ауыл үй қонған қазақ елінің алдында жұмбақты ауыр жұмыстар тұр. Мұны меңгеріп әкететін білімді қазақ елі жоқ, не жеткілікті оқыған азаматтар жоқ.
  • Жалғыз-ақ қазақтың келешегіне үміт көзімен қарататын, мәдениетке жетекші болатын шарттар: 1) Қазақта діни фанатизмнің әлсіздігі. 2) Қазақтың еліктегіштігі. 3) Көптің қамын қарастырған үкіметтің барлығы. 4) Қазақ елінің жалпы оқуға ұмтылғандығы.
  • Оқыған азаматтар, өзара саяси-әлеуметтік тәрбиенің әлсіздігі көп жұмыстардың гүлденуіне бұл уақытқа шейін орасан кесел, кесір болып келді. Патшалық үкіметінің жемсаулы, тар уысты саясатының арқасында қазақ еліне сіңген бақ-құмарлық, кек алғыштық, жаяу өсекшілдік біздің оқыған азаматтарымыздың көбінде бар.
  • Бақкүндестік, бәсекешілдік, жаяу өсекшілдік, кек алғыштық жүрген жерде қара халықтың қамы қарастырыла ма? Әсересе терең жардың қабағында тұрған қазақ елі кең жазыққа шыға алар ма? Халық пайдасына деген жеңіл пландар (аурулары былай тұрсын) тұрмыс жүзінде іске асар ма? Жоқ, тіпті жоқ. Сондықтан бақ құмарлықты, кек алғыштықты, жаяу өсекшілдікті жоғалтатын сяаси-әлеуметтік тәрбиені күшейтуді бірінші жолға қойып отырмын.
  • Оқу жұмысы осы күнгі қалыппен жүріп отырса, қазаққа жеткілікті мәдени қызметкерлер 50 жылсыз шыға алмайды. Ол 50 жылға шейінгі қилы-қилы заман өтіп, шаруа құлдығы қазақ елін жермен-жексен қылуға мүмкін. Менің жобам: оқуды бірінші майдан деп, төңкеріс жолын қолдану керек.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

филология ғылымдарының кандидаты

*Кемеңгерұлы Қ.  Үш томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: «Алаш», 2005. – 320 бет.

www.qazaquni.kz