Қазақ халқының дәстүрлі діні қайсы?

namaz07Осы күнге дейінгі біздегі қалыптасқан пікір бойынша  дін мәдениеттің құрамдас бөлігіне жатады деген тұжырым бар. Мұндай тұжырымның қалыптасуына 17-18 ғасырларда Батыс Европа елдерінде дін мен қоғам арасындағы қайшылықтың туындауы тікелей ықпалын тигізді. Алайда, бұл тұжырымның дұрыс еместігін уақыт сан мәрте дәлелдеп берді. Дін мәдениеттің құрамдас бөлігі бола алмайды. Өйткені, дін  адам баласының ойынан шығарылған нәрсе емес. Дін адамзат қоғамынан тыс ортада пайда болып, сол жіберілген қоғамның игілігі үшін қызмет жасайтын ілімдер жүйесі. Адамзат қоғамында жалпы мәдениет пе, салт-дәстүр ме, әдет-ғұрып па, мемлекеттік жүйе ме барлығы діни ілім мен діни таным негізінде қалыптасады. Сол себепті, дін ешқашанда мәдениеттің құрамдас бөлігі бола алмайды. Керісінше, дін мәдениеттің құрамдас бөліктерін қалыптастыратын негізгі қозғаушы күш болып табылады. Дін мен діни танымнан тыс қоғамның рухани-мәдени өмірі мен қоғамдық қатынас жүйелерінде ешнәрсе болмайды. Өйткені, қоғамдағы барлық жүйелер осы діни таным негізінде қалыптасып, сол діни таным шеңберінде қызмет етеді. Бұл діннің қоғамдағы қызметінің сан-салалы екендігін көрсетеді. Сондықтан мәдениет әркезде дінге тәуелді болады. Діннен тыс ешқашан мәдениет болмайды. Діннің қоғамдағы ролінің артуы – ол қоғамның нұрлануына, гүлденуіне, мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне әкелсе, діннің қоғамдағы ролінің  төмендеуі, керісінше,  қоғамның азғындауына, тоқырауға ұшырап, ыдырауына әкелетін қауіпті факторға айналады. Діннің қоғамдағы ролінің қаншалықты жоғары екендігі туралы XX ғасыр басындағы  орыс ойшылы В. С. Соловьев былай деп жазады: «При таком внутреннем соединении (а несмешении) религиозной идеи с народностью выигрывает и та и другая сторона. Народность перестает быть простым этнографическим и историческим фактором, получает высший смысл и освящение, а религиозная идея обнаруживается с большой определенностью, окрашивается и воплощается в народности, приобретает в ней живую историческую силу для своего существования в мире. И чем значительнее народная сила, тем выше она должна подниматься  над национальном эгоизмом, тем полнее она должна отдаваться своему вселенскому служению». В. С. Соловьевтің бұл пікірі кез-келген халықтың деңгейі, рухани қуаты діни идеяның халықтың ой-санасынан қаншалықты терең орын алуына байланысты екендігін көрсетіп отыр. Басқаша айтқанда,  халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің қай бағытта дамитынын айқындайтын 09былыс – дін, діни таным. Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі дінінен, діни таным негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Жаңа қабылдаған дінннің талабына қарай жаңа мәдениет пен дәстүр қалыптастыруға мәжбүр болады. Осы тұрғыдан келгенде Президент жолдауындағы «Дәстүр халықтың генетикалық коды» деген тұжырымын – қазақ халқының болашағына алаңдаушылығы деп түсінген дұрыс. Сондықтан, дін халықтың міндетті түрде салт-дәстүрімен сабақтас болуы шарт. Олай болмаған жағдайда ол дін халықтың рухани, мәдени болмысы мен салт-дәстүріне қауіп төндіретін факторға айналады. Салт-дәстүр халықтың генетикалық коды Егерде қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт дәстүрі негізінде Құдайлық негіз болса, онда, олардың барлығының киелілік сипаты бар жүйе. Және бұл салт-дәстүр Ислам дінінен әлдеқайда бұрын пайда болғандығына көз жеткізу қиын емес. Біздің шамалауымызша қазақ халқының бүгінге дейін сақталып келе жатқан салт-дәстүрінің негізінде Оғыз қағаннан қалған Тәңірлік дін жатыр. Мысалы, «Оғыз қаған» аңызының Марданбайұлы Есқали нұсқасында Оғыздың әкесі Қарахан Яфестің тоғызыншы ұрпағы. Бұл хандардың барлығы мәжусилік дінін ұстанғаны туралы айтылады. Бұл Оғыз қағанның Яфестен тараған халықтарды бір Тәңірге мойынұсынуға шақырып, халықты иләһи дінге бет бұрғызған киелі тұлға болғандығынан хабар береді. Басқаша айтқанда, Оғыз қағанды Түркі даласынан шыққан пайғамбар деп тануға болады. Рашид ад-дин Шыңғыс ханның да осы Оғыз қағаннан келе жатқан Тәңір дініне мойынұсынғанын жазады. Олай болса, бұл түркілердің ұзақ ғасырлар бойына Оғыздан қалған Тәңір дініне мойынұсынып, сол дінде болғандығын көрсетеді. Сонымен бірге, Оғыз қаған алғаш рулық, тайпалық жүйелерді топтастырып, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін алғаш қалыптастырған тұлға. Бұл Оғыз қағанның түркі тарихындағы орны қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді. 766/767 жылы түркі халықтары өз тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басты. Осы жылы  түркі халықтары тарихындағы жаңа сипаттағы, негізгі идеологиясы ислам дінінің оппозициялық бағыты қайсанийа-мубаййидийа ағымын ұстанған Қарлұқ, Сырдың төменгі ағысында Оғыз түркі-ислам мемлекеттері дүниеге келді. Түрік халықтарының ислам дінін қабылдауы түріктердің жаңа сатыға көтерілуіне ықпалын тигізді. Түріктер арасында ғылым мен мәдениет жылдам қарқынмен дамыды. Түріктерден  жүздеген ғалымдар шықты. Олар ғылымның барлық саласында ірі жаңалықтарды дүниеге келтірді. Бұл жалпы ислам мәдениеті мен ғылымына қосылған қомақты үлес болғанымен, мұның есесіне түрік халқының мәдениеті мен дәстүрі күн санап өше бастады. Әсіресе, рухани, мәдени салада бұл процесс өте жылдам жүрді. Ол кездегі түсінік бойынша ислам дінін қабылдау араб болу дегенді білдіретін.    Түркі халықтарына ислам діні парсы тілі арқылы келді. Өйткені, ханафилердің басшылығымен көптеген діни, методологиялық маңызы бар кітаптардың араб тілінен парсы тіліне аударылуы ислам дінінің Орталық Азия халықтарына парсы тілі арқылы таралуына ықпал етті. Бұл өз кезегінде ислам дінін қабылдаған халықтардың парсылануына әкелді. Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары өздерінің дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен ажырап, толық парсылануға бет алды. Оған дәлелді ұзақтан іздемей-ақ, түркі ғұламалары тарапынана жазылған кітаптар ішінде XI-ғасыр ортасына дейін бірде-бір не діни, не ғылыми, не әдеби шығарманың жазылмауынан көруге болады. Тек, Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» атты еңбегі түрік тілінде жазылған алғашқы шығарма болды. Одан  кейін Махмуд Қашқаридің «Диуан луғат ат-Түрік» еңбегі мен Ахмед Йүгнекидың «Атыбат ал-Хақа’иқ» атты еңбектері дүниеге келді. Бұл шығармаларды түркі халықтарының қауіпті шепке жақындағанын білдіретін сол дәуір зиялыларының  жанайқайы десе болады.    Түркі халықтары өзінің тілін, дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жоғалтып қойған жоқ. Солармен бірге, көнеден келе жатқан түрік мемлекеттігінің қалыптасқан жүйесін де өзгертуге мәжбүр болды. Оған түрік халықтарының ішкі қоғамдық қатынастарын реттейтін жүйенің араб қоғамының ішкі қатынастарын реттеуге арналған шариғат үкімдерімен алмастырылуы тікелей ықпал етті. Бұл біртіндеп түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығарылуына әкелді. Көнеден келе жатқан некелік қатынас өзгертіліп, экзогамдық қатынастар  эндогамдық қатынаспен алмастырылды. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастар осы кезге дейін сақталып келген рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді. Мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі қалыптасты. Түріктер өздерінің дәстүрлі мәдениетінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, тілінен, мемлекеттік басқару жүйесінен ажырады. Ислам әлемін X-ғасырдан бастап шарпыған тоқырау, XII ғасырда Ислам әлемінің бар өлкесіне таралды. Исламның рухани қуаты әлсіреп, материалдық байлық үшін, билік үшін талас шегіне жетті. Ислам әлемінің Батысы крестшілер жорғын бастан кешірсе, Шығысында қарахандық мемлекеттер толығымен қарақытайлардың қоластына түсті. Бұған сол Исламдағы рухани тоқырау тікелей себеп болды. Билеушілер сыртқы жаумен емес, тақ үшін өздерімен өздері қырқысты. Ол кезеңді Қожа Ахмет Йасауи былайша сипаттады: Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кеті, Күннен күн бетер деген хадис жетті. Пайғамбар айтқандары келіп жетті, Бұл дүниені қараңғылық басты достар.   Ғалымдар бар ілімін малға сатты, Көріп, біліп, өздерін отқа атты. Өзі амал қылмай халыққа ілім үйретті. Дүние үшін діндерін сатты көргін.   Ұстаз, дінсіз құлдар болды хакім, Мемендіңк дүкенін ашып, болды залым, Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым, Көпшілігі халықтың кәпір болды көргін.   Дінсіз ұстаздарға еш қауіп жоқ. Дүние малын жиып еш тояры жоқ. Ұшып, қонып, өлімнен еш хабары жоқ. Ол жанның дүние діні болды көргін! Міне осы кезеңде ислам әлемінің рухани сауығуына ықпал еткен, Исламға иман мен рухани құндылықтарды қайтарып берген тұлға Қожа Ахмет Йасауи болды. Ол соплық ілімді тариқат дәрежесіне көтерді. Бұрын сопылық жеке тұлғалардың, немесе сол жеке тұлғалар айналасына топтасқан адамдардың ғана игілігі болса, енді ол ілімді Қожа Ахмет Йасауи жалпы халықтың игілігіне айналдырды. Ол иманды бар ғибадаттың алдына шығарды. Имансыз діннің болуы мүмкін еместігін соңына ерген халыққа ұғындыра білді. Ол ислам дінінің тоқырауы – діндегі иманның әлсіреуімен байланысты екендігін  көре білді. Иманды қалпына келтіру үшін Исламның ішкі қуатын ашу қажеттігін түсінді. Ол айтқан «дафтари сани» сол исламның ішкі рухани қуаты-жүрек көзін ашу болатын. Ол жол – тариқат жолы деп аталды. Қожа Ахмет Йасауи иманды қайтадан қалпына келтіру жолына бар өмірін арнады. Бұл дағдарыстан шығу жолы иманнның қайтадан қалпына келуіне байланысты екенін баса айтады. Ол былай дейді: Хикмет бірлән әууал адам дін бар айлады, Он сегіз мың қамуғ алам қайран ерур. «Қалу бала» деген құлдар үлес алды. Сакут еткен құлдар діні ойран болур.   Хақ тағала иман ата (сыйлады) қылды бізга, Аууал Мұстафа расулы айды бізга. Друд етсак қууат берар дінімізга, Йоқ ерса, қылғанларым ойран ерур. Бұл «Хикмет» жолдарының мәні иман болмайынша, толық сенім болмайынша, адам баласының қылғандарының ойран болатыны, Иманның барлық ғибадаттың алдында болу керектігі айқын көрсетіп тұр. Йасауи Ислам шариғатындағы негізгі бес негіз – бес парыз бен осы бес парыздан туындайтын қырық парызды қалдырып, қоғамдық қатынастарды реттеу жолын толығымен түркінің көне дәстүріне берді. Бұл басқаша айтқанда, бұдан жан мен тән қажеттілігіне қарай адам болмысының екіге бөлінгенін көруге болады. Тариқат жолы тән қажетіне байланысты мәселелерді қарастырмайды, адамның рухының қажеттігін өтейтін амалдарды қарастырады. Адамның жаны, рухы исламдық негізге мойынұсындырылып, мұсылмандық дәстүрлер қалыптастырылды. Мысалы, қазіргі қазақ дәстүріндегі кісі қайтқанда жетісін беру, қырқы, жүзі, жылын беру, иіс шығару, әруақтарды еске алу, әулиелерге бару – бұлардың бәрі рухтың қажетін өтейтін амалдар болып табылады. Және бұл дәстүрлердің барлығы Йасауи хикметтерінде жеткілікті түрде түсіндірілген. Мысалы, жоғарыда айтылып өткен қайтқан кісіні шығарып салуға қатысты жол-жоралғылардың барлығы рухтың қозғалысына қатысты туындаған дәстүр болып табылады. Қожа Ахмет Йасауи адам рухының жеті сатысы туралы айтады. Рух сатыларының кісі қайтыс болғаннан кейінгі жерден көтерілу процесі осы дәстүр арқылы аталып отырған. Дәстүрдің бүгінгі күні кванттық физика ғылымы тарапынан толығымен дәлелденуі Йасауи бабамыздың бұл саладағы білімінің қаншалықты терең болғандығын көрсетсе керек. Кванттық физика адам рухының жеті қабаттан тұратынын, оның бір қабаты тоғыз күнде, екінші қабаты қырық күнде, үшінші қабаты тоқсан күнде, ал бір жылда рухтың жерден толығымен көтерілетінін толығымен дәлелдеді. Демек, бұл қазақ дәстүріндегі шариғатта жоқ деп жүрген амалдардың негізі бар екендігін және олар тариқат жолы арқылы қалыптасқандығын көрсетеді. Қожа Ахмет Йасауи тек дәстүрді емес, бүкіл рухани-мәдени болмысына қатысты дүниенің түріктік сипат алуына ықпал етті. Түркі қоғамының рухани қажеттілігі толығымен түрік тілінде өтелетін болды.  Ол дін тілін түрік тілінде сөйлетті. Ғылым, білім, мәдениет, әдебиет пен мемлекет тілі толығымен түрік тілінде сөйледі. Йасауиден кейінгі түрік рухани болмысының түркілік арнаға толығымен бет бұрғанын көруге болады. Осылай түріктердің Исламдағы жолы Йасауи жолы шеңберіне сыйғызылды. Түріктер осы жол шеңберінде ғана өзінің түріктік ерекшелігін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болды. Бұл шеңберден тыс ислам дінінде қалу мүмкін болғанымен түрік мәдениетінде қалу мүмкін емес еді. Йасауидің бұл бастамасы түрік жұртына арналғанымен, өзге халықтарға өнеге болды. Өзге халықтар да Йасауидің ізімен әр түрлі тариқаттарды дүниеге келтіріп, өздерінің рухани-мәдени тәуелсіздіктерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Бұл қазір ғылымда ислам дінінің өмір сүру формасы деп аталып жүр. Біз қазіргі күні қазақ халқының дәстүрлі діні дегенімізде осы Йасауи жолы деп білеміз. Өйткені, қазақ халқының  Йасауиден соңғы 850 жыл бойына жинақталған рухани мұрасы мен мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы осы Йасауи жолы негізінде қалыптасты. Ал, қазіргі күні келіп, қазақтың ана салт-дәстүрі, мына әдет-ғұрпы Құранда  жоқ, исламға жат деп үкім шығару – қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы екендігін көпшілігіміз түсіне бермейміз. Демек, қазақ халықының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қазақ халықының діні мен діни танымымен тығыз байланыста болып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізі болған Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолы негізінде қалыптасып, киелілік сипатқа ие болды. Оның үстіне мың жыл бойы исламда дұрыс деп қабылданған «Ахл ал сунна уа-л жама‘ның» құрамындағы ханафи мазхабының құрамдас бөлігі болып табылады. Әрине, Йасауи жолының өзіндік ерекшелігі бар. Алайда, бұл ерекшеліктер исламға қайшы келмейді. Сопылық тариқаттар – Аллаға баратын жолдар деген мағынаны білдіреді. Әркім ол жолдар ішінен өзінің мүмкіндігі мен уақытына қарай таңдайды. Йасауи жолы – түркінің рухани, мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жасалған, оның рухани қажеттіліктерін толық қамтитын Аллаға ұластыратын жол. Қазірге дейінгі қазақ халқының дәстүрлі діни танымы осы Йасауи жолы негізінде қалыптасып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің  өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалыптастыруға негіз болды. Басқаша айтқанда, Йасауи жолы ислам дінінің түркілер арасындағы өмір сүру формасы еді. Йасауи жолында түркілердің тек рухани, мәдени болмысы емес, мемлекеттік жүйесі де осы жолмен бірлікте қалыптасты. Мысалы, некелік қатынастағы жеті атаға дейін қыз алыспау мәселесі біріншіден, қан тазалығын сақтауға мүмкіндік берсе, екіншіден, түркілік мемлекеттік жүйенің негізін құрайтын рулық, тайпалық жүйенің сақталуының кепілі еді.  Некелік қатынасқа мұндай қатаң талап Йасауи жолынан өзге бірде-бір тариқатта жоқ. Өйткені, рулық, тайпалық жүйе  мемлекеттіктің тірегі ретінде тек түркі мемлекеттігінде ғана бар. Ол жүйені сақтау - түркі мемлекеттігінің негізін сақтау. Бұл түркі халықтарының тек рухани, мәдени болмысы емес, мемлекеттік жүйесі де Йасауи жолы негізінде қалыптасқандығын білдіреді. Ортағасырларда Йасауи жолынан шегіну Алтын Орда, Өзбек ұлысы сияқты мемлекеттердің ыдырауына әкелсе, Қазақ хандығының күйреуі де Йасауи жолынан шегінуге байланысты болды. Бүгінгі күні қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізін құрайтын Йасауи жолына жасалып жатқан шабуыл  ертеңгі күні қазақ халқының толығымен тарих сахнасынан кетіруге ықпал етері хақ. Бүгінгі күні «әсіре исламшылдар» Йасауиге, Йасауи жолына, осы жолдың өзіндік діни жол-жоралғыларына: атап айтқанда, әулиелерге зиарат ету, әруақтарға арнап ас бару, зікір ғибадаты сияқтыларға шабуылдаумен шектеліп отырған жоқ. Йасауи жолы негізінде қалыптасқан бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қарсы шабуылын үдетіп отыр. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері халықтың діни танымының материалданған көрінісі, символдары. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін өзгерту діни таным негіздерін, киелі саналған бүкіл символдарын жояды. Бұл халықты діни танымымен қоса, рухани, мәдени болмысынан толық ажыратуға әкеледі. Басқаша айтқанда, қазақ халқын тамырымен қопарып, тарих сахнасынан кетіреді. Сондықтан, қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни таным негіздерін, осы негіздермен сабақтас қалыптасқан дәстүрін сақтап қалу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені, салт-дәстүр халықтың генетикалық коды.

Жандарбек Зікірия, т.ғ.к.,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы

Халықаралық қазақ-түрік университеті

Abai.kz