Миллиардер қызына үйленген күйеужігітке көп қаржы бермек

Гонконгтік "Cheuk Nang Holdings" компаниясының иесі әрі 78 жасар миллиардер Сесил Чао 33 жасар қызын тұрмысқа шығара алмай әлек. Оған қызының сексуалдық талғамы кедергі болып отыр. Алайда жанашыр әке қызының мұндай таңдауына сенбей, жақсы жігітке тұрмысқа шықса бәрі дұрысталады деген ойда. Гаги көңіл білдірген жігіттердің бәрінен теріс айналғандықтан, әкесі күйеу баласын 130 млн долларға сатып алмақшы, деп жазады bnews.kz lenta.ru порталына сүйене отырып. Чаоның қызына адал жар іздеп жүргені туралы ақпарат алғаш рет 2012 жылы тараған болатын. Ол кезде миллиардер қызын алған азаматқа 500 млн гонконг долларын ($65 млн-ға тең) қоса беруге уәде еткен. Әрине, мұндай жомарт ұсыныс БАҚ назарынан тыс қалмай, жаңалық әлемге әп-сәтте тарап кетті. Ақпарат тараған бір сағаттың ішінде миллиардердің күйеу баласы болуға жүздеген жігіт ниет білдірген. Солардың арасында қазақстандық бизнесмен Қуандық Арсыланов та бар. Жерлесіміз Гигимен Швейцарияда демалып жатқан кезінде танысқан екен. Бизнесменнің айтуынша, әкесі саудаға салған қыздың қылығы ерекше, ал оның гомосексуалдығы шындыққа мүлде жанаспайды. Сондықтан, жаны нәзік қызбен жұп жарастыруға қазақ жігіті де қарсы емес екен.

Алайда Қуандық қалыңдық арқылы әкесінің қазынасына қол салудан аулақ екенін айтады.

"Мен оны сатып алғым келмейді. Өзім де сатылмаймын. Жұбымыз жараспай қалса, тағдырдың жазғаны болар. Ал ақша көздеген алаяқты басқа жерден іздеңіздер", - деп мәлім етті тілшілерге бизнесмен. Алайда әкесінің компаниясында атқарушы директор қызметіндегі Гиги Чао жігіттердің сұлтанына да сүйсініп қарайтын емес. Қосымша түрде кедейлерге көмек көрсетуші қайырымдылық қорын басқаратын әрі ЛГБТ қозғалысының белсендісі болып табылатын ол тоғыз жыл бойы бір шаңырақ астында тұрып жатқан сүйіктісі Шон Ивті (әйел адам) ешбір жігітке ауыстырар емес. Ал күйеу бала іздеп әбігерге түсіп жатқан әкесіне Гиги өкпелемейді және болашақта ол қызының таңдаған өмір салтына көндігеді деген сенімде. Бірақ күйеу бала іздеу науқаны 2014 жылдың басында тағы қызды. Қарт әке айтқанынан қайтпай, екі жылда күйеу баласына ұсынатын сыйкәдені екі еселеп отыр. Енді ол қызының қолын сұраған жігітке бұрынғыдай 500 млн емес, 1 млрд гонконг долларын ұсынуда, ол дегеніңіз 130 млн АҚШ долларына тең. Сесилдің айтуынша, қызы өзін жалғыз сезінеді, сондықтан ер азаматтың жан жылуына зәру әрі бала туып, ана атануы тиіс.

bnews.kz