ТҮРКИЯДАҒЫ САЯСИ ДАҒДАРЫСТЫҢ СОҢЫ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?

 erdogan_golosislama.ru_ Бүгінгі таңда Түркиядағы саяси дағдарыс жайлы көп ақпарат таратылып, тіпті түрлі пікірлер де айтылып жатыр. Өткен жылы Ердоғанға қарсы ұйымдастырылған жаппай халықтық наразылықтан соң, Түркияда тағы да үлкен шу шықты. Бұл жолы Ердоған үкіметінің беделіне жемқорлық туралы іс дақ түсірді. Түркия премьері істі қозғаған полицияны «үкіметке қарсы әрекет етіп отыр» деп айыптады. Бұл оқиға Түркия полициясының  Түркияның  Иранмен арадағы алтын саудасындағы алаяқтықты тексеруінен басталып отыр. Бұл іс Ердоған үкіметін тағы бір саяси дағдарысқа ұрындыруы мүмкін екендігін Түркиялық БАҚ жазған еді. Естеріңізге сала кетсек, жемқорлық ісінде Түркия министрлер кабинетінің үш мүшесінің балаларына, 80-ге тарта бизнесмен мен шенеунікке «пара алды», «заңсыз ақша жасады» деген айыптар тағылған.  Ал Ердоғанның айтуынша, «бұл істі бастағандар үкіметті аяқтан шалып, мемлекет ішінде мемлекет құруды көздейді».  Үкімет басшысы ешкімнің атын атап, түсін түстемегенімен, жұртшылық оның АҚШ -та тұратын ықпалды діни қайраткер Фетхуллах Гүленнің жақтастарын тұспалдап тұрғанын түсінді. Стамбулда шығатын Hurriyet Daily News басылымының саяси сарапшысы Барвин Инанч: «Ердоғанның «гүленшілерге» шүйлігуі бір бұл емес. Қазірдің өзінде Гүленнің жақтастары сот пен полиция органдарында ықпалды орындарды сақтап, өз дегендерін жүргізіп отыр» деген болатын. «Премьер-министр немесе министрлер «банда», «жапсарлас билік», «мемлекет ішіндегі мемлекет» деген сөздерді қолданғанда олардың кімді меңзеп тұрғаны түсінікті. Себебі үкімет басшысы мен оның қарамағындағылар астыртын билік туралы айтып келе жатқалы біраз болды», - дейді ол. Тергеушілер күдіктілердің үй-жайларын тінтіп, істің жай-жапсары ақпарат құралдарына тарап кетті. Басылымдар «мемлекет қарамағындағы Halkbank басшысының үйінен аяқкиім қораптарына жасырылған 4 миллион 500 мың доллар, ал тағы бір үкімет мүшесінің ұлының үйінен бума-бума ақша мен ақша санайтын құрал табылғанын» жарыса жазды. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Ираннан сатып алынған мұнай мен газ үшін  Түркия төлеген ақша алтынға айырбасталып, Дубай арқылы Иранға жеткізіліп отырған. Иранға салынған халықаралық санкцияға қарамастан, Түркия «мұнай мен газ ел экономикасына қажет» деген желеумен Ираннан көмірсутегі шикізатын сатып алып келеді. Иранмен доллар не еуромен сауда жасауға тыйым салынғандықтан, Түркия лирамен есеп айырысады. Ақпарат құралдарының дерегіне қарағанда, ирандықтар Halkbank-тегі есеп-шоттарда жатқан сол лираға Түркиядан алтын сатып алып, арнайы курьерлер миллиондаған доллардың алтынын қол сөмкеге салып Дубайға тасып келген. Ол жерде әлгі алтын шетелдік валютаға сатылған немесе Иранға жөнелтілген. Бұл дау тек Түркия мен Иранның төңірегінде қалып қоймайтыны анық. Себебі, АҚШ Түркияның алтын саудасы арқылы Иранды қаржылай қолдауына қарсылық танытып келген. Ядролық бағдарламасының кесірінен халықаралық санкцияларға ұшыраған Иран әлемдік банк жүйесінен оқшауланып, қаржылық мүмкіндіктері шектелген еді. Астыртын алтын саудасы АҚШ-тың Иранға бағалы металл сатуға тыйым салған санкциясын да бұзады. Өршіп кеткен бұл дауға жауап ретінде үкімет полиция мекемелерінің алты басшысын, соның ішінде Стамбул полициясы басшысы Хусейн Чапкынды қызметінен алып тастады. Бұған қоса Ердоған бұл істі тергеуге қатысатын екі прокурорды өзі тағайындайтынын айтты. Ал ақпарат құралдары «осы әрекеті арқылы Ердоған бұл істі жауып тастауы мүмкін» деген болжам жасады. Жемқорлық ісі Ердоған үкіметін ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр, себебі ол басқаратын «Әділет және даму» партиясы 2003 жылы «жемқорлықтан таза қол» деген ұранмен халық көңілінен шығып, билікке келген. Бұл үлкен дау партияның беделіне нұқсан келтіреді. Оның үстіне аймақтық басшылар мен президент сайлауы да таяп келеді. Барвин Инанчтың  айтуынша, бұл жанжалдан діни-консервативтік «Әділет және даму» партиясының билікке келуіне көмектескен Гүлен жақтастары мен Ердоған арасына жік түскені байқалады. «Бұл екі тарап та зайырлы әскери және сот жүйесін жақтайтын кемалистерге қарсы бірлесе күрескен. Енді олар басқару әдісіне келіспей, өзара таласып жатыр. Іс жүзінде бұл – билік бөлінісі үшін талас, яки, олар белгілі бір істе шешуші сөзді кім айтады деген мәселені шеше алмай жатыр», - дейді ол. Фетхуллах Гүлен жақтастары да, Ердоған командасы да исламға негізделген бизнесті дамытуға мүдделі. Ердоған өзі басқаратын саяси партияға сүйенсе, «гүленшілер» ғалымның еңбектеріне сүйенеді. Олар өздерін дара қауымдастық санайды. Гүленнің кейбір көзқарастары Ердоғанның қазіргі саясатына кереғар. Гүлен еврейлер және христиандармен дінаралық диалог орнатуды жақтайды. Бір кездері жақсы болған Израиль-Түркия қатынастары Ердоған билікке келгелі нашарлап кетті. Ердоған үкіметі ел ішіндегі оқушылар мен талапкерлерді емтиханға дайындалу орталықтарын жабуға әрекет жасады. «Гүленшілер» бұл орталықтарды жаңа жақтастар тарту және қаржылай пайда табу мақсатында пайдаланатыны белгілі. Гүлен 1999 жылы АҚШ-қа ем алуға кетіп, содан қайтып оралмады. Сол кездері «Гүлен елдегі өз жақтастарын үгіттеп, Түркияда ислам мемлекетін орнатуға күш салуы мүмкін» деген сөз көбейіп кеткен еді. Жемқорлыққа қатысты іс пен «гүленшілер» арасындағы бәсеке – биыл Ердоған үкіметін тығырыққа тіреген көп проблеманың бірі. Лондондағы Экономика және саясат мектебінің Түркия жөніндегі сарапшысы Джеймс Кер-Линдсейдің айтуынша, «бұрын Ердоғанды «зайырлылар» сынап келсе, енді оның өз айналасындағы «исламшылдар» оны авторитарлық билік жүргізу стилі үшін сынап шыққан. Биылдың өзінде Түркияның түкпір-түкпірінде оның билігіне қатер төндіретін әрекеттер көп болды. Мамырдың соңында басталып, маусым айына дейін жалғасқан «зайырлылар» шеруі автократиялық, исламшыл тенденцияға ойысып бара жатқан Ердоған саясатына қарсылық болғаны айқын. Ал қазір біз діни тұрғыдағы тайталасты көріп отырмыз. Енді исламға көбірек арқа сүйейтіндер бас көтеріп, Ердоғанның бағытын сынап жатыр», - дейді ол. Жуырда қозғалған жемқорлыққа қатысты істің «билікті асыра пайдалану әрекеті» деп аталуы да Ердоғанның өктем басқару стилін меңзеп тұрғандай. Ердоғанның қарсы шабуылға көшуі оның осыған дейін жүргізіп келген басқару стратегиясынан таймайтынын білдіреді. Оның «төңкеріс жасауға тырысты» деп айыпталған генералдарды түрмеге қаматып, әскерилерді саясаттан тықсырып шығарғаны белгілі.   ЕРДОҒАННЫҢ САЯСИ ТӘСІЛІ Бірақ Ердоғанның ел алдында қысылмай сөйлеуіне Түркияның экономикалық көрсеткішінің жоғары болуы да ықпал етсе керек. Түркия экономикасы 2010 жылы тоғыз пайызға дейін өсіп, ең жоғары көрсеткішке жетті. Биыл бұл шама 4 пайыз мөлшерінде ғана болса да, түріктер Ердоған тұсында экономикамыз гүлденді деп санайды. Хакураның айтуынша, «түріктердің көбі алдымен экономикалық жетістікке мән береді, ал сыбайлас жемқорлық екінші орында тұрады».  - Түрік қоғамы экономикалық дамуға риза, осы жағдайда парақорлық туралы тергеу Ердоғанның беделіне аса көп нұқсан келтірмеуі де мүмкін. Ал елде экономикалық жағдайға наразылар көбейсе, парақорлық туралы мәліметтер отқа май құя түсетін еді, - дейді сарапшы.  Ердоғанның сайлаушылары үшін тағы бір маңызды себеп - елде оның партиясына төтеп берерлік балама күш жоқ. Түркия бойынша сарапшы Гарет Дженкинс пен АҚШ-швед компаниясы «Silk Roads Studies Program» дерегі бойынша, «Ердоғанды азаматтардың көбі қолдайды. Себебі билікке келген кезде ол «Әділет және даму» партиясын консервативтік партия ретінде көрсетті. Оңшыл-орталық (central-right) бағытты ұстанатынын жариялады. Бірақ соңғы жылдары оның партиясы исламшыл бағытқа ауа бастады. Дегенмен оның елдегі ықпалы төмендесе де, сайлаушылар басқа партияны таңдай алмайды. Өйткені,  бұл елде таңдау жасау мүмкіндігі аз». Сейілбек АСАН www.qazaquni.kz