Алаш идеясы – Тәуелсіз Қазақстанның басты идеясы болуы тиіс.

Alash kosemderi
Бұл жолы «Алаштың мерейтойын атап өту жөнінде нендей іс-шаралар атқарылуы керек» деген сауалды Бас редакторларға қойдық. Мәселен белгілі журналист Серік Жанболат «Ұлт рухының ұландары» деген тақырыпта деректі сериалдар түсірсем бе деймін» деген ойын ортаға салды. Ал, белгілі ақын Қазыбек Иса «Ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Әрбір қалада Алаштын ескерткіштері орнатылуы тиіс. Кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз етуі керек» деген ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, жас журналист Қуат Әуесбай болса «Үкіметке қаратпай-ақ, Әлихан Бөкейхан атындағы тәуелсіз сыйлық тағайындаудың жолын қарастырсақ деген арман-тілегіміз бар» дейді.
1. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылу керек? 2. Сондай-ақ өз тарапыңыздан қос мерейтойға қатысты қандай үлес қосасыз?

Серік ЖАНБОЛАТ, республикалық «Алаш айнасы» газетінің Бас редакторы:

«Деректі сериалдар түсірсем бе деймін»

1.Жаһандану заманы келді деп құшағымызды айқара ашып ұрандап жатырмыз ғой. Бірақ дәл сол жаһанданудың кімнің мүддесі үшін жасалып жатқанына мән бермейміз. Бұл дамыған ұлттардың дүниені жаулап алуға жұмсайтын заманауи қаруы екендігін түсінетін уақыт жетті. Солымызда алып Ресей, оңымызда алып Қытай. Олар күш жинап келеді. Жаһандану ең алдымен соларға тиімді. Әрине, оларға қарсы тұратын қауқар бізде аз. Дегенмен бар. Ол ұлттық рух. Ұлттық рухы күшті елдер жаһанданудың үрдісін де өз қажетіне қолдана алады. Ал қазақтың бағына қарай ұлттық рухтың қайнар көзі бізде бар. Ол кешегі Алаш партиясының ұстанымы мен бағдарламасы. Алаштың асыл мұраттары әлі күнге мәнін жойған жоқ. Мысалы, алаштықтар қазақты саяси күреске кіріктірудің жолы білімде деп білді. Сол себепті де халықтың сауатын ашуға барын салды. Сондықтан да Әихан Бөкейханның кеңесімен Мағжан Жұмабаев «Педагогиканы», Жүсіпбек Аймауытов «Психологияны», Міржақып Дулатұлы «Математиканы» жазған жоқ па? Ал осы салаларды жазу үшін алдымен өздері меңгеруі керек еді. Елге қызмет етудің, асыл мұрат жолында жанқиярлықтың нағыз үлгісі дегеніміз міне, осы. Олар адам ретінде Абайша айтқанда «семізді байлап, сұлуды жайлап» өмір сүргісі келмеді дей аламыз ба? Бірақ ұлттық мұрат жолында уақытын да, бақытын да құрбандыққа шалды. Яғни, біз үлгі алатын нәрсе тек білімге ұмтылыс емес, сол білімді ұлт мұраты жолында сарқа пайдалануды үйрену, жанқиярлықпен жүзеге асыру. Латын Америкасының тұлғасы Симон Боливар төрт жүзден аса ұрыс өткізген екен. Жеңіліс тауып жүріп жеңіске жетті. Ұлттық рухы жоқ елдің болашағы жоқ. Бұл бүгін ақиқатқа айналды. Біз ең алдымен алаш арыстарының мұраттарын зерделеп алайықшы, соның өзі аздық етпес еді. Соны мектеп оқулықтарға енгізсек, жоғары оқу орындарында алаштану курстарын ашсақ ұлттық рухтың ядросы пайда болар еді. Ол өз кезегінде ұлттық инженерияны, ұлттық конструкторлық ойды, ұлттық машина жасауды, ұлттық ғарыш ғылымын туғызатыны анық. Ал онсыз ұлттар мен тілдер жойылып жатқан алмағайып заманда үлкен болашақ туралы айту қиын. Қысқаша айтқанда Алаш мұратын мен осылай көремін. 2. Мүмкіндік болса «Ұлт рухының ұландары» деген деректі сериалдар түсірсем бе деймін. Жұмыс жоспарын бірнеше телекомпанияларға ұсындым. Қалай қарайтынын білмеймін. Әзірше Астана қаласының әкімі, ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов Кейкі батырға арналған деректі фильм түсірсем деген ұсынысымды қуаттап, қолдап отыр. Кейкі алашорданың мүшесі болмағанмен даланың еркіндігі жолында қандай жау болса да қасық қаны қалғанша күрескен адам. Алаш – қазақтың екінші аты. Онда Кейкіден де біз ұлттық рухтың қайнарын көруге тиіспіз.

Қазыбек ИСА, ақын, «Қазақ үні» газетінің президенті:

«Алаш үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз!»

1.Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын да мемлекеттік деңгейде өткізуіміз керек. Жалпы, Алаш пен Әлиханның мерейлі даталарына біртұтас, кешенді түрде қарау керек.  Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан «қазақтың  қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, нарықты экономикаға негізделген мемлекет қана өркендейді дейді. Бұл арманын да бүгінгі Қазақстан бейнесінен көруге тиіспіз. Ендеше, біз бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген Алаш арыстарын ардақтауды неге кешіктірудеміз. Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Алаштың 90 жылдығы жергілікті деңгейде ғана аталды. 2012 жылдың қараша айының 23-інде «Ақ жол» партиясы осы датаға орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «ХХІ ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Осы конференцияның және Алматыда, бірқатар облыстарда жалғасын тапқан Алаш тақырыбына өткізілген әртүрлі жиындардың қатысушылары «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, оның дайындығына Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырды. Енді Алаштың 100 жылдығын үкіметіміз қалай атап өткелі отыр? Өйткені Алаш жеке ұйымның немесе жеке партияның ғана меншігі емес, Алаш – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған алғашқы толыққанды үкімет пен саяси партия. 1). Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін Мемлекеттік комиссия құруды, сондай-ақ оған жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісін жүктеу керек. 2). Ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Әрбір қалада Алаш арыстарының ескерткіштері орнатылуы тиіс. Кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз етуі керек. Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту  жүйеге айналуы қажет. Алаш оқулары жолға қойылып, еліміз бойынша  қанат жаюы тиіс. Алаштың ордасы болып, Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол үйді мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе. 3). Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынғаны жөн. «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе ол ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдары. Қазақстан тарихында ұлттық саяси басқарушы топқа (элита) және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келеді. Қазақстандағы репрессия тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны дұрыс. 2. Өз тарапымнан айтарым, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары ретінде партияның Алашқа байланысты жасаған депутаттық сауалдар жасауын жалғастыру және оның жүзеге асуы, Алаш пен Ә.Бөкейханов мерейлі даталары мемлекеттік деңгейде аталып өтуі  жөніндегі жұмыстар жүргіземіз. «Қазақ үні» газеті жетекшісі ретінде Алаш пен Әлихан Бөкейхановқа байланысты материалдар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүйелі жариялануын ұйымдастырамыз. Алаш үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз! Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс.

Қуат ӘУЕСБАЙ, «Халық сөзі» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

«Әлиханның атымен бір қаланы атасақ...»

1.Сөз жоқ, бұл екі айтулы дата да елеусіз қалмауы керек. Десе де, ас та төк той өткізіп, Алаш арыстары жайлы том-том кітап шығарып, зал толтырып, ұзын-сонар баяндама жасаумен ғана шектеліп қойсақ, одан келетін пайда бар ма?! Осы күзде Көкшетауға Абылайханның 300 жылдығына барған едік. Әдепкі ас ішіп, аяқ босатудан ары аса алмадық шыны керек. Рас, конференция болды, спектакль қойылды, деректі фильм де көрсетілді. Ат шаптырылып, ас та берілді. Мерзімді баспасөзде етектей-етектей мақалалар жазылды. Бас-аяғы екі күнге созылған тойдан түптеп келгенде ештеңе түйе алмай қайттық, қысқасы. «Тым құрыса, Щучинскіге Абылайхан атын берейік» деген мәселе көтердік газет бетінде, ол да елеусіз қалды. Әлиханның атымен бір қаланы  атасақ, кім қой деп жатыр. Біз айтқанмен, орындала салса, қане, Алаш арыстарын ұлықтаудың  жолы, жөні көп қой. Астанадан Керекуге шығатын жолды «Алаш тас жолы» деп атап жүр. Меніңше, Есілдің сол жағалауынан, көрнекті жерге Алаш арыстарының саябағын салу керек. Сонда Әлихан,  Ахмет,  Міржақыптардың ескерткіштері қойылса. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін сол саябаққа барып, арыстарымыздың рухына тағзым етіп тұрса анағұрлым пайдалырақ болмас па еді?! Назарбаев университеті секілді іргелі басқа да оқу орындарын Алаш қайраткерлерінің атымен атасақ та артықтығы жоқ. 2. Әркім өз шамасына қарай іс қылады ғой. Бұл тарапта журналистер қауымының миссиясы үлкен, меніңше. Бұл күнде Алаш арыстарының іздеушісі деп қазақ тілді БАҚ-ты айтуға болады. Сондықтан осы бағытта қажымай-талмай еңбек етіп, тер төгіп жүрген әріптестерімді ынталандырып қоюдың да ретін жасау керек шығар деп ойлаймын. Егер қалталы, қолы ашық азаматтар табылып жатса, Үкіметке қаратпай-ақ, Әлихан Бөкейханның атындағы тәуелсіз сыйлық тағайындаудың жолын қарастырсақ деген арман-тілегіміз бар.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ "Жебе" газеті, 12 желтоқсан 2013 жыл

*Тақырып өзгертілді.