АЗАМАТТЫҚҚА ЖЕТУДІҢ АЗАБЫ

1218
5
Бөлісу:

oralman

Қазақ көші азапқа душар болды.  Жақында Республика Үкіметі тарапынан ұсынылған ҚР «Еңбек мигранттарына байланысты кейбір заңнамалық әктілерге өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасында оралман қандастарымыздың құқығын шектейтін заң баптары қаса-қана тықпаланған болатын. Қазақ қоғамының қатты наразылығын тудырған осы заң жобалары Парламент Сенаты мен Мәжілісінің келсіміне сәйкес елге оралған қандастарымыз азаматтыққа қол жеткізуі бұрынғы заң жобасындағыдай бес жыл емес, төрт жылға қысқарыпты. Күлесің бе, жылайсың ба!? Қазақтың ұлттық мүдесін бұдан артық қалай мазақ етуге болады?!

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда ел тізгінін ұстаған азаматтардың пейілі түзу, ойлары оң болғандығынан шығар, елге оралған ағайын ары кетсе бірер жылда Қазақстан азаматтығын алып үлгеретін. Құқықтық база мен Үкімет қаулылары да оңай дайындалып, қандастарымыздың алдын кесетін кедергілерді аластап отыратын еді. Жағдайдың нілдей бұзылғаны соңғы жылдардағы өзгерістерге байланысты өрбіді. Атап айтқанда Кәрім Мәмімов Үкімет басына келгеннен кейін-ақ жағдай жыл өткен сайын қиындай берді. Ең алдымен  дәл осы адамның қолымен жасалған сан түрлі әкімшілік кедергілер  қазақ көшінің жағдайын мүлде тұралатты. Одан кейінгі кезек оралмандардың құқықтық жағдайын одан бетер қиындатуға ауысты. Қаржы дағдарысының жаңа толқыны қайта соқса, дәрменсіздік танытуымыз мүмкін деп тарап кеткен өткен Парламент қабылдаған «Халықтың көші-қоны туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  ҚР заңдары 2011-жылдың  16 тамызынан бастап ресми қолданысқа енді. Аталған заң жобаларын қабылдау барысында  ұлттымыздың болашағына жауапкершілікпен қарайтын аз санды депутаттардың ара түсуінің арқасында, жаңа заңда көптеген қайшылықты да түйіткілді мәселелердің оң шешімін тапқаны дау тудырмайды. Бірақ,  бір таңғаларлығы 2009 жылдың 30 желтоқсанында  Қазақстан Республикасы Үкіметінің  №2252- қаулысымен  Қазақстан  Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасында «Қазақстан Респубикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңының 17-бабына төмендегідей толықтырулар жобасы ұсынылған болатын: «Осы баптың бірінші бөлігі 7) тармақшасының ережелері Қазақстан Республикасы ратификацияланған мемлекетаралық шарттардың күші қолданылатын, сондай-ақ осы Заңның 16-бабының бірінші бөлігі 1) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген және шетел азаматтығынан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішпен өздері азаматы болып табылатын мемлекеттің азаматтық мәселелері жөнінде шешім қабылдайтын лауазымды адамына жүгінген адамдарға қолданылмайды.» Ал, 16-бабының бірінші бөлігі  1) тармақшасының екінші абзацындағы мына мәтінге ешқандай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылмаған. Мәтінде: «Қазақстан Республикасының азаматтығына  қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, пайым қабілетін жоғалтқан адамдардан және Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сіңірген адамдардан, сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, олардан осы тармақшаның бірінші абзацында көзделген шарттардың болуы талап етілмейді»-делінген. Түсініксізі 2011 жылдың 22 шілдесінде Президент қол қойған,16 тамыздан бастап ресми қолданысқа енген  №478 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында: «Сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса»-деген мәтін алынып тасталған. Қолданыста заңнан аталған мәтіннің алынып тасталуы елге оралған қандастарымызға үлкен қырсық болып жабысты.  Содан кейін елге оралған  қандастарымыздан ҚР-ның азаматтығын алуға құжат тапсыру кезінде Ішкі Істер органдары шетел азаматтығынан шыққаны не сол елдің азаматтығы тоқтағаны жайлы анықтама талап ететінді шығарды. Осы бір кедергінің кесірінен сан мыңдаған қандасымыз азаматтыққа құжаттарын рәсімдей алмай 9 ай бойы сарсаңға түсті. Сонымен  2012  жылдың мамыр айында ғана сәті түсіп, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының кезекті жиналысында жазушы Сымғул Елубай ағамыз біздің өтінішімізбен Елбасының алдында аталған шындықты ақтарып салғаннан кейін, «заң мәтінінде техникалық қателіктің орын алғандығын» ашық мәлімдеген Прездент бір ай ішінде аталған кемшілікті түзетуге уәде берді. Нәтижесінде 17 күнде қолданыстағы заң өз қалпына келіп, қандастарымыздың азаматтық алуыны бір мезгіл жақсы мүмкіндік жасалып еді.Бұл жерде мына бір жағдайды ашық айтуға тиіспіз.Мұндай «техникалық қателік» ешқандай кездей соқтық емес, мысық тілеулі біреулердің қаса-қана жасаған жымысқы әрекеті екені дау жоқ. Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ.Содан көп өтпей-ақ Кәрім Мәсімов Үкіметі тағы бір айланы ойлап тапты. Мұнда «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2102 өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2012 Жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысын шығару арқылы елге келіп ҚР азаматтығына өтініш берген өз қандастарымыздан «келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты» талап ететін болды. Ал, келген елінен алып келген сол құжатқа сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері мөр басып мақұлдағанда ғана заңды күшіне енеді екен. Қазақ көшінің жирма жылдан аса тарихында елге оралған қандастарымыз дәл осындай қолдан қиындатылған кедергіге кездескен емес еді.

Әрине, ҚР Үкіметінің аталған қаулысы елімізге сырттан келетін келімсектердің көші-қон ағынынан туындайтын қауіп –қатерлердің алдын алу мақсатында қабылданды деп түсінуге де болар еді.  Бірақ, Осы Қаулының 11- бабы 2- тармағына  енгізілген: «ҚР-да өзге де заңды негізде уақытша болатын адамдар: келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты; кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшін шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде болуы мүмкін шетелдіктің азаматтығына ие мемлекетінің жазбаша келісімін ұсынады» делінген өзгертулерде өз қандастарымыздың мүдесі ескерілмеуі оралман бауырларымыздың азматтыққа құжаттарын рәсімдеуге қасақана жасалған кедергі екендігін байқау қиын емес. Содан бері дәл осы бір талап қандастарымыздың азаматтық алудағы барлық қиындықтың бастауына айналып отыр. Бұрын бұл талаптардың этникалық қазақтарға қатысы жоқ болатын. Және бұған дейінгі Үкіметтік Қаулылардың көбінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда, «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген сөйлем арнайы қосылатын. Өкінішке қарай, соңғы бір неше жылдың көлемінде шетелдегі қазақтар мүдесі көбінде ұмыт қалып, немесе қасақана бұрмаланып, олардың дәрежесі өзге де шетелдіктердің дәрежесіне дейін құлдырап кетті.

Міне енді сол құлдыраған құқықтық жағдайды түпкілікті заңмен шегелей бекітуге барын салып жүрген саяси топтардың желі оңынан тұрып, айтқаны орындалатынға ұқсайды. Себебі, өзгертуге ұсынылып отырған заңнамалық актілердің ішінде «ҚР Азаматтық туралы» заңының 16 бабына мынадай редакция жасау ұсынылыпты: «ҚР аумағында заңды түрде кемінде 4 жыл тұрақты тұрған, немесе ҚР азамттарымен кемінде 3 жыл некеде тұрған оралмандар.» Егер аталған өзгертулер шынымен қолданысқа енетін болса, елге оралған өз қандастарымыз табаны күректей төрт жыл бойына өз отанында екінші сортты адамының күйін кешіп,  рухани және экономикалык шектеулерге ұшырайтын болады. Атап айтқанда олардың меншігінде егістік жер, өріс-қоныс және бау-бақшалы тұрар жәй болмайды. Мемлекеттік қызметтің есігі жабық, басқаның төлқұжатымен жүргендерді еңбек ұжымдары да тұрақты жұмысқа алуға құлықты болмайды. Тіпті, олардың кінәсіз бүлдіршіндері де өз отанында өздерін жат жұрттық келімсектердей сезініп, өз жерінде кеуде керіп, алшаң басып жүре алмайтын болады.

Өз отанының толық қанды азаматы атану қазақ көшінің ең жанды жері. Азаматтыққа жетудің азабы дәл осылай қалыңдай беретін заман шынымен өз қандастарымыздың басына орнайтын болса, бойында намыс оты сөнбеген қазақ баласы мұндай мазақ пен азапқа көне алмайды – ау деп қорқам!

           Рақым Айыпұлы

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 5 пікір жазылған

  1. Пикир 22 Желтоқсан, 2013 09:56 Жауап

    Ей, сорлы казах ! Оз билигинди кашах оз колына аласын. Саган жай Гана бермейди. Оян казагым , оян

  2. Бір қазақ 22 Желтоқсан, 2013 14:08 Жауап

    Қазақ тілінің жағдайы анау:ағылшын мен орыс тілінің ортасында қысылып,өз елінде өгей баланың күйін кешіп жүр.Қазақ көшінің жағдайы мынау:қазаққа өз Отанының есігі жабылды.Қазаққа Майдан керек.Украиндарға қызығасың,бірін-бірі қолдап жатыр.Ал қазақтар бірін-бірі жамандап,аузы бірікпейді.Оралманды ата жауындай көреді,біреу пікір айтса қарсы пікір айтады.Қазаққа бірлік,татулық керек.

  3. Мұқитұлы 23 Желтоқсан, 2013 21:22 Жауап

    Бізде Президенттік басқару емес пе,Президент мұндай сорақылыққа қалай төзеді.Өзінің 2020 жылға дейінгі Бағдарламасында қазақты 20 миллионға апарамыз дегендей болып еді ғой, Енді міне қазаққа жаны ашымас Парламентсымақтар өз қазағын тағы да мазақ қылып отыр ғой, Жұдырықты бір қойып, Өзінің Ветосын қоймай ма бұл Заңсымағына!!

Пікір немесе жауап жазу

төрт × 5 =