Қазақстан әлемдік рейтингте 34 орынға көтерілді

tenge

Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Швейцария және басқа да елдердің ғалымдарынан құрылған топ Ресей ғылым академиясы Экономикалық стратегиялар институты базасында жұмыс атқарады.Халықаралық сарапшылар тобы жыл сайын дүниежүзіндегі 100 мемлекеттің интегралдық қуатының ғаламдық рейтингісін жасайды.

Бұл рейтинг орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жарияланады. "Қазақстан экономикасы бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы тәуелсіздігін алған 22 жылдың ішінде көптеген салаларда ауқымды реформалар жүргізді. Стратегия-2050 бағдарламасында қоғамның барлық саласын дамытудың нақты қадамдары егжей-тегжейлі көрсетілген", - дейді Халықаралық сарапшылар тобының мүшесі Ресейлік профессор Александр Агеев. "Әзірге әлем бойынша сіздердің президенттеріңіз әзірлеген стратегияға тең келер бағдарлама жоқ деуге болады. Бұл – Қазақстанды XXI-ғасырда дамыған 30 елдің қатарына қосады. Біздің есебіміз бойынша, 2025 жылы Ғаламдық рейтингте Қазақстан 10 орын ілгерілеп, 24-орынға дейін көтеріледі", - деп жалғастырды сарапшы. Зерттеулердің нәтижесі бойынша Қазақстан 2013 жылы бұл рейтингте 34-орынға көтерілген. Жалпы ғаламдық рейтингті жасау кезінде экономикалық көрсеткіштердің белгілі критерилері ғана негізге алынады. Ал нақты бір мемлекеттің интегралдық қуатын анықтау үшін экономикалық индикаторлардан бөлек, сол елдің озық математикалық үлгілері, ішкі саяси тұрақтылығы, сыртқы саясаты, ұлттық қауіпсіздігі, мемлекет пен оның басшысының әлем алдындағы беделі, халықаралық қатынастардағы бастамалары негізге алынады. Бұл тізімде алғашқы ондықты АҚШ, Еуропа одағы, Қытай, Ресей, Германия, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Жапония және Бразиялия сынды мемлекеттер бастап тұр. Бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған Украина Қазақстаннан бір саты төмен 35-орынға жайғасыпты.

Baq.kz