38 млн теңгеге сатып алынған шырша әкім үшін "арзан" екен

elka2111Керекудің бас шыршасы төңірегінде дау шықты. Биыл ғана жаңартылған желектің құны 38 млн теңгеге бағаланған. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, жаңа жыл мерекесінің символы бюджет қаржысын біраз қаққаны анық. Екі апта бұрын қойылған шырша бұрыңғысынан он метр биік. Биылғы ағаштың биіктігі отыз метр. Бұл жергілікті биліктің таратқан ақпары. Алайда, Павлодар облыстық тұтынушылар қауымдастығының өкілі Юрий Павленко мұнымен келіспейді. Айтуынша, шыршаға қарап-ақ ұзындығын 22-24 метр екенін бағамдауға болады. Оның үстінде Керекуде 30 метрлік көтергіш те жоқ, дейді ол. Мемлекет қаржысының талан-таражға салынуына налыған Юрий Павленко бірден құзырлы органдарға жүгініпті. Бүгінде бұл істі қаржы полициясы бүге-шүгесіне дейін тексеріп жатыр. Павлодардың бас шыршасына осыншама қыруар ақшаны жұмсаудың қажеті жоқтығын айтқан қауымдастық өкілі, бұл орынға тірі шыршаны отырғызса деген пікірін жасырмады. Онда жыл сайын қазына қаржысы 252 мың АҚШ долларына кемімес еді. "Ресейлік өндірушілердің шыршасының бағасын қарап шықтым. Сонда 22 метр болатын желектің құны 5-6 млн теңгеден аспайды. Бұл нақты ақпарат. Ал, безендіргіштерге келсек, мұндай көлемге кететін гирлянданың бағасы 3 млн ғана. Сонда, жалпы бас шыршаның құны 10 млн-ның төңірегінде болуы тиіс", - дейді Павлодар облыстық тұтынушылар қауымдастығының өкілі Юрий Павленко. Мәселеге қатысты биліктің өз уәжі бар. Жергілікті атқа мінерлер барлығы заңға сай жасалған деп ақталды. Олардың мәлімдеуінше, шырша Ресейден сатып алынған. Өзіндік құны 16 млн 700 мың теңге тұрады екен. Ал, қалған ақша безендіргіштер, түрлі жаңа жылдық атрибуттар мен қызмет көрсету жұмыстарына жұмсалыпты. "Солтүстік арай" деген атауға ие болған гирлянданың бір өзі қазынаны 9,4 млн теңгеге ортайтқан. "Меніңше, қымбат емес. 38 млн теңге туралы айтып отырсыздар ғой. Бәрін тексердім. Қолымда тауардың бағасы көрсетілген құжат бар. Егер құны қымбат болса, әрине, кінәлілер жауапқа тартылады. Тіпті, қылмыстық іс қозғалары рас. Бірақ, осындай қатерге ешкім бара қоймас деп ойлаймын", - дейді Павлодар қаласының әкімі  Оразгелді Қайыргелдинов.

nur.kz