Толеранттылықты тек қазақтан ғана емес, әркім өзінен де талап етуі керек.

«Я ему сказала, что я – казашка». Бұл – Ассоль Мирманованың сөзі.  Ормандай көп орыстілді сайттардың біріне берген сұхбатында ол осылай депті. Казашка, яғни – қазақ қызы.

Таяу күндердің бірінде Ассоль қоғамдық көлікте келе жатады. Айналасы толы ығы-жығы адам. Кондуктор аялдамаларды әдеттегідей орыстілінде хабарлап тұрады. Осы кезде бір қазақ үн шығарып, әлгі кондуктордан аялдамалардың атын мемлекеттік тілде жария етуін сұрайды. Ассольдің айтуына қарағанда, кондуктор қатты қысылып қалған, сосын жолаушылардың жәрдеміне сүйенген. Жолың болғыр жолаушылар көше мен аялдаманың  ресми түрде бекітілген «аты-жөнін» айтып береді. Ал, «нацпат» (Қазақстандағы орыстілінің белсенді жақтаушылары халық өкілдерін осылай атайды) болса, кондукторға  діңкілдеп, оның қазақша сөйлеуін талап ете берсе керек. Осы кезде айқайға Ассоль араласады. «Мен оған алдымен қазақша айтып түсіндірдім», - дейді ол.  Ассольдің өз сөзіне сүйенсек былай депті: «Кария адам неге тисеныз?»  (Ескерту: бұл Ассольдің емес, сайт журналисінің қате жазуы да болуы мүмкін). Сөйтіп кәрия адамға жақтасқан Ассоль мен «нацпаттың» арасындағы сөз қақтығыс енді екеуара дау-жанжалға ұласады. «Сенің есімің кәрісше» деген көрінеді біздің жігітіміз. «Есімімнің кәрісше екендігін біледі өзі» деп «қара қазақтың» білгіштігіне таңқалады  қызымыз. «Сен дұрыс тәрбие алмағансың. Әке-шешеңнен жөндемді тәрбие алсаң сен мен сияқты қазақша сөйлейтін едің» деп «бөскен» көрінеді кондуктордан қазақтілін талап еткен қазақ. «Ол  талабы бойынша өзін қанағаттандыратын жауабын естіді. Жалпы біздің елде әркім өзі қалаған тілде ақпарат алуға, қызмет талап етуге қақылы» деп сұхбат барысында Ассоль қарындасымыз заң-зәкөн соғып қояды. - Кондуктор қайтті? Оған содан соң не болды? – деп сұрайды әңгімені қыздыра түсу үшін тілші. - Үлкен кісіге обал болды. Қан қысымы артып, аурып қалды, - дейді Ассоль. Содан кейін: «Бердіжаров тілді жасы ұлғайған адамнан талап етпесін, алдымен орысша сөйлейтін шенеуніктерден талап етсін, ана тілін білмейтін жастардан талап етсін,  қала берді мына менен талап етсін», - деп ақтарылады. Тоқтай қалыңыз, бұл өзі көптен бері айтылып келе жатқан әңгіме және кім көрінген желеу ете беретін әңгіме. Біз сондықтан нақтысына көшейік. Жаңағы жүрегі ұстап, басы айналып құлап қала жаздаған байқұс кондуктор сірі жанын сүйретіп не істеп жүр қоғамдық көлікте? Қызмет етіп жүр. Нан жеп, нәпақасын тауып жүр. Демек, зейнет жасына әлі шыға қоймаған адам. Ал, сол адам Қазақстан Тәуелсіздігін жария еткен тұста неше жаста болды екен? Шамамен 34-35 жастың жасыл жағалауында болды. 34-35 –есірік соққан біреу болмасаң ес жиып, етек жабатын, пайдалы нәрсеге бой ұратын, біздің жағдайымызда төрт-бес ауыз қазақша сөз үйренетін жас. Орыс халқының шын жанашыры, орыстілінің Қазақстанда жасай беруіне аса мүдделі адам – Президент Назарбаев сонау тоқсаныншы жылдардың басында: «Қазақ тілін жасы ұлғайған адамдардан сұрамауымыз керек. Олар тілді қартайған шақтарында қайтіп үйренбек? Қазақ тілін жастар білсін, жастар үйренсін», - деген еді. Міне, содан бері 22 жыл өтіпті. Кешегі қырмызы келіншек (әлде асығын күткен сақа қыз) – бүгінгі кондуктор кәрілік жасына жетіпті. Кәртайыпты. Иә, оның ендігі халі «Қазақ тілін жасы ұлғайған адамдардан сұрамауымыз керек» деген ахлаққа тура келеді. Енді оған бірдеңе деу қате. Тіпті обал. Ассольдің тілімен айтсақ: «Кария адам неге тисеныз?»болып шығады. Міне, осылайша біз Қазақстан Тәуелсіздігін жария еткен тұстағы тарихи сәттерге бірге куә болған, сол кездегі 30-35 жастардағы тепсе темір үзетін отандастарымыздың саудасын бітірдік. Жарамсыз қылдық. Шаршаттық. Қарттайтық. Шаршаған, қуаты кеміген, қартайған адамнан, рас, «қазақтілінен неге мақұрым қалдың, байқұс-ау?» - деп сұрау бүгінде қиянатқа пара-пар. Алда қанша ұрпақты сорлатар екенбіз, оны бір Құдайым біледі... Алайда арамызда Ассольдар бар. «Ә» десең «мә» деуге дайын Ассольдар өсіп келеді. Бұлар да тәуелсіздік жылдарының төлі. Ар-ожданы, ұлттық намысы тапталумен келе жатқан қазақтың есесінен ер жеткен бала. Қазақты үнемі толеранттылыққа шақырып, тұқыртып ұстайтын билігіміздің жемісі. Шекеті нәтиже. Қазір олар саяси қаруланған. Билікпен бірігіп алып қазақты мазақ етудің мың түрлі әдісін де әбден меңгерген. Тірлігінің жетіскені шамалы қазақтың тіл мәселесіндегі титықтаған күйін былайғы жұртқа жексұрын етіп көрсетудің жолын да жақсы біледі. Мысалы, Ассоль былай дейді: «Нацики так увлечены ненавистью, что не заметили основную проблему». «Ұлтшылдардың өзгелерді жеккөрумен әуейіленгені сондай, негізгі мәселеге мән бермейді». Ал, сонда негізі мәселеміз не екен? Негізгі мәселеміз – қазақтың қараңғылығында екен. Тіл мәселесін айқайлап, ұрсып ұқтыруға болмайды екен. Әйтпесе қазақ тілін тілді үйренгісі келетіндерге қарсы қояды екен. Мұның ақыры тұрақсыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін екен. Қазақтар әдепті, сыпайы болмаса, іс насырға шабады екен.  Қазақстанның күштік құрылымдары мен құқыққорғау органдары, тұтас сот жүйесі, әкім-қаралар қазақты басқа ұрып отырып күнде ескертіп  қоятын басты жайттың бірі бұл. Соны Ассоль да айтады. Былай деп:  «Если казахи будут спокойными, уверенными и вежливыми – то стабильность у нас будет». Көрдіңіз бе,  бар мәселе қазаққа ғана байланысты:  Если казахи будут спокойными... Сонда тұрақтылық өзге ұлт өкілдеріне керек емес пе? Сонда толеранттылық таныту отандастарымыздың ойына кіріп-шықпайтын болғаны ма? Қазақтың жағдайын түсіну Ассольдерге сонша қиын ба? Әңгімемізге оралсақ, кәртамыш кондукторге аялдамалар мен көшелердің қағаз жүзінде бекіген атын жаттап алып айта салу да қиын ба? Қиын емес. Ең бастысы қажет емес.  Алайда оны Ассаольдардың айтқысы да, мойындағысы да келмейді. Сөйтеді де «қазақ тілін алдымен шенеуніктерден талап етсін, жастардан талап етсін, қала берді мына менен талап етсін» деп талтаяды. Дұрыс, қазақ тілін бәрінен талап ету керек. Соның ішінде ұлтараздығын қоздырған әлгі кәртамыш кондуктордан да талап ету керек. Талап еткенде жақсылап талап ету керек. Алматыны тәртіпсіз, бей-берекет, лас қалаға айналдырған, мемлекеттік құндылықтарды аяқ асты етіп отырған Алматы қаласының  ақ жағалы үлкен ұлығы Ахметжан Есімовтен талап ету керек. Ата Заңымызда мемлекеттік мәртебесі айшықталып көрсетілген қазақ тілін мойындамайтын автопарктің басшысынан талап ету керек. Осындай талап етулер қазақ мемлекетінің ауқымында тұтас күшеюі керек. Ақыры ресми билік, Үкімет, Парламент, т.б. тіл мәселесін шешіп бере алмайды екен, онда іске жекелеген тұлғалар араласып, белсенділік танытуы керек. Бұны түсінбегендерге жол ашық. Бара берсін. «Қымтай-қымтай қызымыздың іші білініп болды» демекші, қымтана-қымтана қазақтың да төзімі түгесіліп болды. Қоғамдық көліктегі жолаушыларға қызмет көрсету жайын қозғаған (тіл мәселесін емес!) Бауыржан Бердіжаров деген бауырымыз Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде тәрбие ісімен айналысатын көрінеді. Жаңағы бара берсіннен шығады, қазақ ұлтшылдары қысым жасауын қоймаса, біз Қазақстаннан кетіп қаламыз дегендей сөздің сыңайын танытады әлеуметтік желілерді шулатып жатқан қарындасымыз.«Я пыталась выяснить их платформу, программу, что именно они планируют делать, если все не говорящие казакша отсюда уедут. Каков их путь развития, когда они останутся маленькой и агрессивной кучкой?» Байқайсыз ба, Мирманова бикеш қалай-қалай сайрайды?.. Әңгіме былай. Бауыржан мырзаны бастапқы сөзден бұрып әкетіп тілдің ахуалына тірген соң біздің кейіпкеріміз оны суретке түсіре бастайды. Аты-жөнін шұқшиып жазып алады. Сөйтеді де әлеуметтік желілерге жазып жібереді. Ал әлеуметтік желілерде желдей ескен сөздер Бауыржанның іні-қарындастарының құлағына тимейді ме? Тиеді. Тиген соң, көздерімен көрген соң олар текке қарап отыра ма, пікір білдіреді, ойларын айтады, қайсібірі кіжінген де шығар. Онда тұрған не бар? Қарсы сөзге төзімсіз екенсің,қоғамдық пікірдің қара қазаны – әлеуметтік желілерге жазба, жолама, жыртыңдап шықпа. Әлде Ассольдар ғана сөйлеп, Ассольдар ғана айқайлап отыруы керек пе? Бүгінгі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарының дені аузына келгенін құса салатын, ойы пасық, ниеті қарау орыстілділердікі болып келді. Қоғамдық пікірдің мінбері солардікі болды. Сөйтіп жүргенде ғаламтордың арқасында, қазақ сайттарының қарқынды түрде дүниеге келуі мен әлеуметтік желілердің пайда болуыныңнәтижесінде қазаққа да есе тиді. Қазақ та сөйлейтін, ойын ірікпей ақтаратын, «ақырып теңдік сұрайтын» (Махамбет) мүмкіндікке жетті. Міне, мирмановалардыңқитығына қатты тиетін жайт – осы. Өйткені үйреніп қалған ауыз – тек өзі сөйлегісі келеді. Қашанғы дағды – өзінікі ғана жөн. Алайда, кейінгі екі үш жылдың шегінде дүние мүлде өзгеріп кетті. Қазақ қоғамындағы қалыптасқан ахуалды түбірімен өзгертуге көшкен құбылыс ол – ғаламтор. Демек, қазақты кез келген жерде кемсітіп кете беретіндер ғаламторға, әлеуметтік желілерге жінігіп жетіп бармастан бұрын ойланғандары абзал. Қайдағы жоқты қиялдан тудырып көкіместен бұрын көкейге қонатын сөз айтудың мәдениетіне жеткендері жөн. Бауыржан сияқты азаматтарды арандатып, бекерге күйдіріп, оқу орнына бүлікші, нацик етіп көрсетіп, артынан зәбір-жапа шегуші міскіннің халін кешкенсіп, алыс-жақын жұртқа, әсіресе, қазаққа қаны қатып қалған орыс билігіне жағаймсудың да қажеті шамалы. Демек, толеранттылықты қазақтан ғана емес, әркім өзінен де талап ете білуі керек.Сыпайлық пен сыйластықты да әркім өз бойынан іздеуі керек. Сол кездеғана «маленькой и агрессивной кучкодан» шығып Қазақстандағы барлық ұлттың өкілі қазақ дейтін дархан халықтың құшағынан орын табатын болады. Ал, Ассоль қарындасыма айтарым:  қартайып қалған адамға неге тисеміз? Тиіспейміз. Тиіскен де емеспіз.

Дәурен Қуат