Ел болып Тұңғыш Президент күнін атап өттік

N-Nazarbaev-360x2001991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сенімімен, яғни сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жеткен еді. Сол ерекше күн-1желтоқсанды осыдан бір жыл бұрын Елбасы мерекесі деп атап өту қолға алынды. Бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды.

2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда 1 желтоқсанда аталып өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын. Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі бағындырған шыңдары жетерлік.

Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен 20 жылдан сәл-ақ астам уақыт ішінде буыны енді беки бастаған ел әлемдік деңгейдегі алпауыттармен иық тірестіріп, тың бастамаларға ұйытқы бола алатындығын да паш етіп отыр. Оның жарқын дәлелі 11 жылдық тоқырауда болған ЕҚЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырып, Азиада ойындарын өткізуі, сонымен қатар көптеген халықаралық шараларға ұйытқы болуы, алдағы уақытта ЕХРО-2017 көрмесін өткізетіндігі дәлел бола алады.

Қазақстан кешегі тоталитарлық жүйенің түйіндерін шешіп, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды. Еуропаның төріне шықты. Әлемді мойындатқан көптеген жаңа бастамалармен жаһандық саясатқа белсене араласты. Міне, осының барлығының бастауында еліміздің Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұр.

Төрткүл дүниеге Қазақ елін танытқан Елбасымыз алдағы жарқын болашақтың жаңа көкжиектерін белгілеген "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты ел халқына Жолдауында: "Мен 21-ғасыр Қазақстанның "алтын ғасыры" боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз!", - деп алға үлкен міндеттер қойып отыр.

Бүгін еліміздің барлық түпкірінде мерекеге арналған түрлі шаралар, конференциялар, "дөңгелек үстелдер", игілікті жасампаздық істер жасалды.. Мерекелік шаралар "Бір ел, бір тағдыр, бір халық" ұранымен өтті.

"Қазақпарат"