«Әміре – аяқталмаған ән...»

3333          Қазақтың Париж көгінде әнін қалықтатқан Әміре Қашаубаевтың туғанына 125 жыл. Қазақ әнінің атасы саналатын атақты әнші, актер әрі музкант ұлын Алтай мен Атырауға дейін, Алатаудан, Арқаға дейінгі созылған кең атырап әсте есінен шығарған емес. Соның бірі және бірегейі Алаш астанасы Семейде ұйымдастырылды. Қазақ әдебиетінің тау тұлғасы, жазушы Медеу Сәрсеке бастаған зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиын кітап көрмесінен бастау алып, Әміреге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімімен жалғасын тапты. Жергілікті әдебиет өкіл­дерінің қатысуымен өткен шарада Әміренің басынан кешкен өгейлік өмірі және қазіргі таңда күрделі болып тұрған мәселелері талқыға салынды. Жұлдыздай жарқ еткен ғұмырының соңғы 9 жылы келмеске кеткен кеңестік кезеңнің құрбаны болғаны белгілі. Бірақ та, әлі күнге дейін 39 жасында күллі Еуропаны таңқалдырып, таңдай қақтырған, дарын иесі жайлы тарихта толық мәліметтің жоқтығы сөз болды. Өкінішке қарай, мәліметтердің аздығына байланысты қойлымда тарихи деректер толық емес. Айта кетейік, сахналық қойылымның көп көріністері қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязовтың ойынан құрастырылған. Сондықтан бұдан тарихи мағлұматтар іздеудің өзі артық. – Бұл, күрделі мәселенің барлығын «Дариға-ай» жастар театрының «Әміре- аяқталмаған ән...» атты қойылымында қамтуға тырыстық. Әйтсе де, біраз қиындықтар туындағаны рас. Шын мәнінде, атағы жер жарған Әміре жайлы мәліметтерді де көп біле бермейміз. Ақыры, ақылдаса келе, жұмылып жұдырық болып психологиялық драма ретінде сомдауды шештік. Бұл, біріншіден – көркемдік шығарма. Көп көріністер қиялдан туындаған, - дейді Нұрлан Жұманиязов. Режиссердің айтуынша, қойы­лымға драматургтар арасында байқау жарияланған. Әміре жайлы жазылған тырнақалды туындылардың ішінен, «Дариға-ай» жастар театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Рахымжановтың шығар­машылығы үздік деп танылған. Ал автордың «Әміре - аяқ­талмаған ән...» атты шығарманы жазуына, оның өмірінің құпия сәттері арқау болған. - Өзімнің тың туындымда айбынды ұлдың өмірден көрген тепкісін және Еуропаны аузына қаратқанын жаздым. Бірақ та, ғұмыры қысқа болды. Қазақтың әнін әлемге танытқанда осы – Әміре еді. Оның бар жазығы елін, жерін шексіз сүюі. Әміренің жұмбақ күйінде қалуына ұлтының бетке ұстар ұлдарының құшағын ашқандығы да басты себеп. Осы тұста, А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай сынды зиялы қауыммен қарым-қатынастығы өмірін емес, өнерін тұншықтырудағы сәтке айналады. Осының барлығын қалам тербеген сәтімде сахнаға шығаруға тырыстым. Алайда, толық қамту мүмкін болмады, - деді. Қалалық Мәдениет сарайында Арқаның «Ән-ата» әншілік мектебінің тұсауы кесілді. Дәстүрлі әншілердің басын бір арнаға тоғыстыратын мектептің ашылыуы, бұл – заңдылық. Бұған дейін, жергілікті дәстүрлі әншілердің байқауы өткізіліп жүргенімен кейінгі буынды дайындайтын мектеп жоқ еді. Енді, Семей жеріндегі қазақтың қара домбырасын жандарына серік еткен әншілер үшін артылған жүк те ауыр болмақ. Олай дейтініміз, дәстүрлі әншілерге Әміре Қашаубаев орындаған және жергілікті композиторлардың әндерін кейінгі буынға насихаттау міндеті жүктелді. Ендеше, аманатқа қиянат жасамауды алдағы уақыт еншісі көрсетпек. Ұлан НҰРАХМЕТОВ Семей қаласы