Ақтөбелік ақжолдық делегаттар сайланды

595
0
Бөлісу:

актобе

«Ақ жолдың» Ақтөбе облыстық филиалының тізгінін қолына алған кәсіпкер Асқар Садықов партия мүшелерінің сенімінен шыға алды. Бар-жоғы бес айдың ішінде оның іскерлігіне көз жеткізген көпшілік біраз істің бетін бері қаратып үлгерген басшының қызметіне жақсы баға берді. Қазан айының аяғында Ақтөбе қалалық партия ұйымының есеп беру конференциясы өтті. Қазір қаланың өзінде он шақты партия ұйымы жұмыс істеп жатыр. Әр сейсенбі сайын партияның бесенді мүшелері Парламенттік сағатқа қатысып, халық қалаулыларымен онлайн арқылы жүздесіп тұрады екен. Қалалық конференцияда да кісі қарасы көп болды. «Ақ жол» ҚДП-сы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақтығұл Қанатов мырзаның ұйғарымымен облыстық конференцияға делегеттар сайланды.

Ал, осы делегаттардың қаты­суымен өткен облыстық партия филиалының конференциясына «Ақ жол» партия төрағасының орынбасары, белгілі ақын, «Қазақ үні» ЖШС-ның Президенті Қазыбек Иса мен Мәжіліс депутаты Меруерт Қазыбековалар қатысты. Қазыбек Иса мырза облыстық филиалдың кезекті конференциясына сәттілік тіледі. Осы басқосуда сөз алған партияның облыстық филиалын басқарып отырған Асқар Садықов бес айда атқарылған жұмыстарға тоқталып, есеп берді. Аз уақыттың ішінде біраз істің беті бері қараған. Ең бастысы тарыдай шашырып кеткен партия мүшелерінің басы қосылыпты. Жасыратыны жоқ, бұрынғы филиал төрағасы Ізімғали Көбеновтің кезінде «үй ішінен үй тіккендер» де болған. Өйткені партияның қалалық бөлімшесі мен облыстық филиал арасында байланыс мүлдем болмаған кездер де болыпты. Жаңа басшы Асқар Садықов: «Бұрынғы жетекші Ізімғали Көбенов маған партия мүшелерінің тізімін де табыстаған жоқ. Сондықтан барлығын қайта бастадық. Тіпті, партия филиалын жаңадан құрғандай болдым. Қазір, шүкір, бастауыш ұйымдардың кеңселері заманауи техникалармен жабдықталды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілікпен жұмыс істеп жатырмыз» – деді. 300-ге тарта адам жақында партияға мүшелікке кірген екен.
Ал, бүгінгі күні барлық бизнес өкілдеріне хаттамалар жіберіліп, мүшелікке тарту шаралары жанданып жатыр. Дегенмен, партия филиалының жаңа басшысы тағайындалғалы бес айдың ішінде жиырмадан астам қоғамдық мәні зор шаралалар ұйымдастырылды. Аудандар шалғай болғандықтан, Ақтөбе облысында ол жерлерге қатынау да әсіресе қыс айларында өте қиын. Кейбір елдімекендерде партия ұйымдарының кеңселері де жоқ. Сондықтан, партия филиалының басшысы Асқар Садықов алдағы күндері де атқарылар жұмыстар аз еместігін алға тартты. Ақтөбеде қоғам үшін қалтасындағы қаражатын аямай, ел игілігіне жұмсап отырған кәсіпкерлер аз емес. Мысалы, облыстағы Әлия ауылында бір жомарт кәсіпкер тамаша мешіт соқтырған.
Ал, дәл осы Қобда ауданында 3 млн. АҚШ долларын жұмсап, өз қаражатына зәулім балабақша тұрғызып берген кәсіпкер жігіт те бар. Сондықтан, партия басшысы болашақта да кәсіпкерлікпен айналысып жүрген, жүрегінің жылуы мол қалталы азаматтарға партия үміт артатынын жеткізді.
Ал, конференцияда сөз алған партия мүшелері жаңа басшы келгелі шынымен де, жұмыстың жандана бастағанын жасырмады. Көпшіліпен тіл табыса білетін, ел игілігі үшін аянып қалмайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат Асқар Садықов туралы жақсы пікірлер айтқандар да аз емес. Осындай басшымен біз алға қарышты қадам жасай береміз деп сенім білдіргендер де болды. Өйткені, соңғы кездері мемлекеттік мекемелерде қызмет етушілердің де «Ақ жол» партиясына мүшелікке қабылдануы байқалады. Жалпы, осы отырыста партияның халықпен етене араласа бастағаны расталды. Енді 3-ші желтоқсан күні мұнайлы өңір Шұбаршиде мүгедектер күніне орай үлкен шара ұйымдастырылады.
Темір ауданының Кеңқияқ мәдениет үйінің директоры Ардақ Құбашованың, ақтөбелік полковник Виссарион Кимнің және тағы басқа ақжолдықтардың республикалық «Қазақ үні» газетіне білдірген зор ықыластарынан соң, Асқар Садықов мырза да газетке өз ризашылығын білдіріп, 2014 жылға 2000 данаға жазылуды барынша қолға алып жатқандарын айтты.
Бұл жолы Республикалық «Ақ жол» ҚДП-сының съезіне 7 адам делегат болып сайланды.

Раушан СЕЙСЕНБАЙ,
өз тілшіміз

Ақтөбе облысы

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

20 − 1 =