Сенатор қазақ тілінің болашағына сенбейтін шенеуніктерді сөз қылды

kuanysh_aytakhanovМемлекеттік тіл мемлекеттік дәрежеде талап етілмегендіктен, көп азаматтар қазақ тілінің болашағына сенбейді "Мемлекеттік тіл мемлекеттік дәрежеде талап етілмегендіктен, көп азаматтар Қазақстандағы қазақ тілінің болашағына сеніңкіремейді. Тіл мәселесін шешудің басты тетігі іске қосылмай келеді. Бұл – мемлекеттік тілге деген қажеттілік", - дейді Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов. "Бүгінде Үкіметтен бастап, билік тізгінін ұстап отырған басшылар, мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі тиіс деген қағиданы басшылыққа алмайтын секілді. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін алғанымен, мемлекеттік органдардың есігінен сығалап кіре алмай, кірсе де төрге шыға алмай жүр. Сондықтан да оны үйренуге  ешкім ынталанбайды. Бүгінде қазақ балаларының 37 пайызы орыс мектептерінде оқуы осының айғағы", - дей келе депутат елімізде қазақ мектептері санының жетіспеушілігін алға тартты. Оның айтуынша, еліміздің кейбір өңірлерінде қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен 161 бала өзбек тілінде, 101 бала ұйғыр тілінде оқуға мәжбүр.

" Қазақстан-Заман" газеті