Бикен Римова 90 жасқа толар еді

1543
0
Бөлісу:

kinopoisk.ru-Menya-zovut-Koga-1437387Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бикен Римованың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтті, деп жазады «Айқын» газеті. 

Торғын ТАСЫБЕКОВА, Қазақстанның Халық артисі:

– Бізге Бикен апа жөнінде айту әрі қиын, әрі оңай. Өйткені апам көп жылдар бойы біздің отбасымыздың үлкен анасы, балаларымыздың әжесі ретінде болды. Әкем театрға 1961 жылы келдім. Содан бастап өнерде жолым болды деп ойлаймын. Өйткені театр табалдырығын қалай аттадым, содан бастап Бикен апамен біргемін. Неге екенін білмеймін, өзім осы кісіге жақын жүрдім. Кейде ер адамның қолынан келмейтін істердің көбісі Бикен апамның бойынан табылатын. «Баяғыда соғымды озім әкеліп, балконға шығарып алып реттейтінмін» деп күлетін. Жастайынан жетім қальш, қиындық көргенін өзі кітабында жазды ғой. Бірақ апам жолдасының арқасында кейінгі жылдарда жақсы өмір сүрген. Ол кісі мәпелеп алақанына салып, аялап ұстаған. Шақаң ағамен қол ұстасқан бақытты кезін айтып тауыса алмайтын. Балаларына, жарына деген махаббатын Бикен апайдай түсініп қастерлей алатын адам бар ма, жоқ па, білмеймін. Театрдағы кейбір қиындықты елемей, ескермегені отбасындағы бақыттылығынан ғой деп ойлаймын. Кейде ерте кетті дейін десең – өзінің жасарын жасап, асарын асап, бала-шағасын құтты орнына қондырып, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып, бәрін тап-тұйнақтай қылып кеткені көрінеді. Түсіме бір жетіде бір енеді десем өтірік айтпайтын шығармын, аян беріп жүргендей болады. Өйткені апамды өте жақсы көрдім, ешкімге айтпайтынымды тек сол кісімен бөлісіп, ақылдасатын едім.

«Қорланды» дайындап жүргенде апам ауырып жүрді. Қолқасына суық тиіп қалатыны бар. Сөйтіп, сырылдап жүріп күндізгі репетицияға ол, кешкісіне мен барамын. Мен алғашқыда: «Апа, өзіңіз ойнай беріңізші. Қорлан сіздің жасыңызға келіп тұр, нағыз қазір жасайтын образың, мен кейін бір ойнармын» десем: «Жоқ, болмайды, сен екінші күні ойнайсың. Мен қанша жүрер дейсің» деп кәдімгі бірдеңені сезгендей болды. Айтқандай Қорланды екі рет ойнап, аманатқа қалдырып кеткендей. Енді маған «не істеп жатырсың» деген сияқты көрініп, қатты тебіренемін. Қалай ойнап жатқаныма халық сыншы, ойым – апамның жасағанынан төмен түсірмей, сол деңгейде алып жүру.

Ғазиза ӘБДІНӘБИЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:

– Аяулы, ардақты Бикен апамыз жайлы айтатын болсам, ол кісі менің 1966 жылы Алматыға алғаш келгеннен бастап сырттай ғашық болып жүрген талантты бір актрисам еді. Мен 1993 жылы алғаш М.Әуезов театры босағасын аттап келгенде сәті түсіп Бикен апамен «Кебенек киген арулар», «Мәңгілік бала бейне» сияқты спектакльдерде бірге ойнап, сахнада партнер болдым. Кейін ол кісімен етене жақын болуымызға септігі тиген – «Тоғысқан тағдырлар» көп сериялы телефильмі. Ал әріптес ретінде 5-6 жыл сахнада бірге жүрген кезімде ерекше құрметтейтінмін.

Ол кісінің өнер туралы білімінің терендігі ұшан-теңіз еді. Өзінің алдындағы аға ұрпақтың, өзінен кейінгі жастардың айырмашылығын, болашаққа көзқарасын көзі тірісінде кітабында жазып кетгі. Осының өзі Бикен апаның болашаққа деген көзқарасында, білімінің тереңдігінде жатса керек.

Бикен апаны сағынсам, «ардақтым-ай, аяулым-ай, кемеңгерім-ай» деп есіме алғанда, көкірегіме ащы ой, көзіме жас толады. Ол кісі әлі де болса арамызда жүріп, біраз еңбектер жазу керек еді. Өкінішке қарай, туу бар да, өлу бар ғой. Қасында жүргенде ол кісінің адамгершілігін, қамқорлығын, жұртқа жасаған жақсылығын, өнердегі өнегелі өмірін көп білуіміз керек еді. Сол кісі өмірден кеткеннен кейін, кітабына қарап отырсам, соншалықты өнерді терең түсінгендігін, өнердің қай саласында болмасын сурет, режиссура, сын саласында талай адамға үлгі болатындай шын мәнінде, жанашырлықпен пікір айтқан. «Кеңпейілім-ай» дейтінім, қарап отырсаңыз бүкіл өзінің теңдесінен де, кейінгі жастардан да үйреніп, өнерге деген құштарлығымен көз алдымда асқар Алатаудай болып тұрады. Бикен апа адамның қас-қабағына қарап отырып, жан дүниеңді оқып білетін. Кино түсіріліп жатқанда қолы қалт етсе, балаларының суретіне қарап, бір ауыр ойда ыңылдап отырып, көзінің жасын бір сығып алып:

– Ғазиза-ай, баяғыда Хасантайдың артынан кетіп қалатын едім, мені әзір ұстап тұрған осы кино, оның біткеніне жетемін бе, жетпеймін бе? Бір жұмыстарым бар, соны бітіре алсам болды. Бәріне ризамын. Мен енді өнерде жаңалық ашады дейсің бе?.. Мен өлімнен қорықпаймьн, тек қолымнан келсе көңілімде жүрген біраз ойларымды жазып кетсем деймін, – деп өзін-өзі ақтық күнге дайындап жүрген сияқты көрінді. «Театрдан қалай кетемін, бар сәніммен кетсем жөн болар еді» депті. Соңғы рет өзіне арнап жазған «Естайдың Қорланын» қандай жақсы көрді. Бірақ көп ойнай алмай, екі-ақ рет ойнап, көрерменмен қоштасты. «Еңлікпен келіп едім, Қорланмен кетіп барамын. Құрмет, қошеметтеріңізге үлкен рақмет. Махаббат жайлы спектакльмен келіп, сонымен кеттім. Алақандарыңа салып әлпештеп жүрдіндер. Сахнада осы театрдың Бикен Римова деген актрисасы болып еді, сахнамен осылай қоштасып еді деп айтып жүрерсіңдер» деп шығып кетті. Мен сахнаның сыртында күтіп тұрып: «Неге олай дейсіз» деп едім: «Ей, Ғазиза-ай, біздің уақытымыз жақындады ғой» деп күмілжіді.

Шіркін, Бикен апам-ай! Өмірден өтсең де кейінгі ұрпағыңа шарапатың әлі тиіп жатыр. Табиғатынан кең пейілінің шарапаты бізге тиіп, неміс жерін, Германияны көріп қайттық. Біз онда «Естайдың Қорланымен» қазанның 16-сынан 26-сына дейін болдық. Сонда қасымызда өзің болмасаң да, рухың бізбен жүргендей сезіндік. Кейде Бикен апамды ойлап толқып отырып артында қалған асыл азамат, өте мәдениетті, білімдар ұл-қызы барына қуанасың. Бұл кісі тәубешіл еді. Үлкенде тәуба, шүкірлік болмай, ортада парасат болмай, жастарда ізет болмай, өнер де, өмір де жақсармайды деп ойлаймын.

baq.kz

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу

он бір − екі =