Театр адам жанын тазартады

kulemiz_teatr_auezovaАқтөбеде өткен Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған Қазақстан дра­ма театрларының ХХІ рес­пу­бликалық фестивалінде Қа­зақстанның Халық артисi Ес­мұқан Обаев қазылар алқасына төрағалық етті. Театр өнерінің жайын бес саусақтай білетін Есмұқан Несіпбайұлына бірер сұрақты көлденең тартқан едік. — Тахауи Ахтановқа арналған фес­ти­вальде Ахтановтың пьесалары ғана көр­се­тілетін шығар дегенбіз. Жалпы, өзі­ңіз ре­жис­сер ретінде Ахтанов дра­матургиясына деген көзқарасыңызды біл­дірсеңіз. — Ақтөбе киелі жер ғой, Жұ­ба­нов­тардың, Қазанғаптың елі, тіпті жалғыз Әлия Мол­да­ғұ­ло­ва­ның өзі неге тұрады? Жа­зушының мерейтойы тұ­сында  Тахауи Ах­танов пен Қуандық Шаң­ғытбаевтарға арнап ескерткіш қойылып жатыр. Өмірден өтіп кеткен асылдарымызды жоқтайтын кез келді. Тахауи сынды суреткер жазушының  сұлу да сырлы сөзінің қадіріне жете алсақ, ғанибет қой. Ахтанов тарихи тақырыпқа бір-ақ рет  қалам тартқан: ол — «Ант» се­кіл­ді күрделі пси­хологиялық драмасы, өзі­нің айтуынша, ол — трагедия, ел бірлігі ха­­қында айтылады.  Әуезов тәрізді  ақ өлең­­мен жазған Тахауи Ахтановтың төгіліп тұр­ған тілі қандай, оның астары қандай те­­рең десеңізші... Ондай шығарманы жазу екі­нің бі­рінің қолынан келмейді. Тахаңның қа­рымды қа­ламгерлігінің бір көрінісі осы дер едім.  Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасынан» бір кем түспейтін дең­гей­лес дүние. Ахтановтай жазушының 90 жылдығына дөп кел­ген фестивальде, шынында да, бірақ оның өз пье­салары қойылғанда орынды болар еді,  ұйым­дастырушылардың ұйғарымы осылай болған шығар. Тахаңның драматургиясы маған жақсы таныс, 21 жасымда Әуезов атындағы ака­де­мия­лық  драма театрда  Ахтановтың «Бо­ран» пье­са­сын қойдым. Тахаңның көзі ті­рісінде тізе бі­рік­тіріп жұмыс істегенбіз. Мені жассынбай, тең дә­режеде сөйлесетін. Өзінің спектаклінен қал­май­тын. Актерлер әр спектакльде әртүрлі ой­най­ды. «Таха, сіз де ерінбейсіз, бір қо­йы­лым­нан қалған жоқсыз», — дейтінмін.  Әр келген сайын Ыды­рыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова сияқ­ты артистердің ойынына сүйсініп: «Бү­гін Фарида ерекше ойнады», — деп отыратын. Кейін Семейде «Антын», «Арыстанның сы­ба­ғасын», «Күшік күйеуін»  сахналадым. Та­хаң­ның дүниелері өміршең, оның пьесаларында кө­те­рілген мәселелер әлі күнге өзекті. Мысалы, «Кү­шік күйеу» ко­ме­дия­сында домбыраны ескіліктің қалдығы деп жүрген қаланың гитараны пір тұтқан тік­бақай жастарын екі аспапты айтыс­ты­рып, домбыраға тәнті қылып қоятыны бар. Та­хаң­ның қай шығармасында да ұлттық мүддені естен шығармайтыны байқалады. Сол коме­дия­сын­да «Төл мәдениетіңнен нәр ал, дүниежүзілік мә­дениеттен де құр қалма» деген ой айтады. — Ақтөбеде өткен фестиваль ту­ра­лы айт­саңыз. — Телехабарға қатысқанымда «Фес­ти­валь не­ге керек, қыруар шығын шығарып» де­г­ен се­кіл­ді қырғиқабақ пікір білдірген кө­рермен бол­ды. Бұл — өте қате пікір. Осы  фес­тиваль 21 жыл­да еліміздің барлық об­лыс орталықтарында, Ас­тана, Алматы, бас­қа да қалаларда өтті, ха­лық­тың ықы­ла­сы айрықша болды. Үлкен театр мерекесі деуге болады. Бұл фестиваль 1992 жылдан бері өткі­зіліп келеді. Сол жылдары мен мәдениет жә­не ақ­па­рат министрінің бірінші орын­ба­сары едім, осы фес­тивальдің ұйым­дас­ты­рылуына ұйытқы бол­дым, содан бері кө­біне қазылар алқасының төр­аға­сы міндетін ат­қарып келемін. Бұл шара жер­гілікті әкім­дікке  көп салмақ салмайды. Се­бе­бі жо­ла­қы шығынын әр театр ұжымы өзі кө­те­реді, ал олардың жататын жеріне, тағы бас­қа­сы­на ке­те­тін қаржы Мәдениет министр­лі­гінің мой­нын­да. Ақтөбеде өткен фестиваль өте жақсы ұйым­дас­тырылған. Фестиваль қонақтарын, қа­­ты­­су­­шыларын бәйек болып күтіп жатыр. Ри­за­мыз. Жылда өтетін бұл фес­тивальға 15-16 театр қатысып жүр. Фестиваль — театр ұжым­да­ры үшін ауадай қа­жет нәрсе. Театрдың ма­ман­да­ры осын­дай кезде бір-бірінің жұмыстарын кө­реді, өзара аралас-құралас болып, бірінің же­тіс­тігін, бірінің кемшілігін көреді, содан сабақ алады. Ақтөбеге келген сегіз театрдың үшеуі ака­де­мия­­лық атағы бар  мемлекеттік театр­лар, олар: 90 жылға жуық тарихы бар Әуе­зов атындағы ака­­­демиялық театр, екін­шісі – ел Тәуелсіздігімен құр­дас Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қа­зақ музыкалық драма театры,  үшіншісі – М.Горь­кий атын­дағы академиялық орыс драма теа­тры. Қал­ғандары қалалық, облыстық театр­лар. Оларды жергілікті әкімдік қаржыландырып отыр. Өнер – ортақ, сондықтан қазақ драма театр­ларының қазіргі кәсіби деңгейі  қай шамада, ак­терлер шеберлігі, сахна суретшісінің жұмысы, осы салаға келген жас буынның аяқ алысы —  бә­рі-бәрі сынға түседі. Фестивальда көрсетілетін спек­такль­дер­ге билет сатылмайды. Театрға кіру тегін, халықтың театр өнерінің тың туындыларын тамашалап, рухани азық алуына мүмкіндік береді. 2008 жылы М.Әуезов театры осында гастрольдік сапармен келген-ді, сол жолы халықтың ықыласына тәнті болдық. Кейін «қап, біз ол театр­дың келгенін кеш естідік» деп бір айға дейін іздеп жүрген кө­рермендер бо­лыпты. Театр — көз алдыңда өтіп жа­татын үдеріс, адамды жауыздықтан тік­­сіндіретін, жүрегін жұмсартатын, әр­бір нәрсеге деген өз көзқарасын қа­лып­тас­ты­ратын, сұлулыққа ынтық қы­латын, адамның нәзік сезімін оятатын ға­жайып өнер. — Қазақстанда театр режис­сер­лері жетіспейді, осы мәселе қайт­кенде ше­шімін таппақ? — Режиссерлерге тапшылық бар, елімізде 10 жақсы театр режиссері болса, Қазақстандағы 57 театрға сол жетіп жатыр. Мысалы, мен қазір Әуезов театрында екі жас режиссердің қасында кеңесші болып отыр­мын, олар сахналап жатқан қойылым бо­йын­ша бағыт-бағдар беремін, бар тә­жіри­беммен бө­лі­се­­мін. Режиссер дайындау  мә­селесіне де   Мә­де­ниет және ақпарат  ми­нистр­лігі  баса на­­зар аударуы қажет. Бірде маған ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа: «Басқа ма­мандық ие­ле­рінің бәрі «Болашақ» бағдар­ла­масы арқылы дүниежүзіндегі оқу орындарында  оқып келіп жатыр, неге өнер саласы маман­да­рына ондай мүм­кіндік қарастырылмаған?» – деп айтудың сәті түскені бар. Қазір «Болашақ» бойынша театр­дың хормейстер, балет­мейс­тер­лері оқып жа­тыр.  Сол сияқты режиссерлерге де солай бі­лім жетілдіру керек. Театр өнері жоғары деңгейде дамыған Ресейде оқуға жағдай туғызса болды. Әзірбайжан Мәмбетов те  Мәскеуде оқыған режиссер. Біз кезінде Мәскеудегі ГИТИС-те жоғары режиссерлік курсты  68 адам бітіргенбіз. Бәрі шетінен мықты режиссер болды, кәсіби мек­тептің жөні бөлек.  Олар: Райымбек Сейт­ме­тов, Ерғали Оразымбетов, Маман Байсеркенов,  Жа­қып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Қадыр Жетпісбаев тағы басқалар. Қазір де  режиссер жоқ дей алмаймын. Тә­уел­сіздікпен бірге келген Оралдағы, Ақтаудағы қазақ театрларының ре­жиссерлері Мұқанғали Томанов, Гулсина Мерғалиева сияқты жақсы ре­жис­серлер шоғыры бар. Өскемен, Семейдегі театр­лардың режиссерлері де сол топқа жатады, Те­мірбек Жүргенов атындағы Өнер акаде­мия­сы­на өзіміз даярлаған магистранттар, аспи­рант­тар, бір сөзбен айтқанда,  кәсіби мамандар бар­ды. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, режиссері жоқ театрдың бордай тозып кетері сөзсіз. Ахтанов атындағы театрға да атына лайық режиссер қарастыру керек. «Птица — это время» деген спектакльді қойған Балтабек Нұрғалиев — болашағынан үміт күттіретін жас. Қазақ труп­па­сында Еврипидтің «Медеясын» сахналауының өзі батылдықтың көрінісі.  Мәскеуге ГИТИС-ке (Мем­лекеттік театр өнері институты) тә­жі­ри­бе­ден  өтуге бара жатыр, екі жылда  қайтып осы Ақ­төбеге келмей ме? Талабы бар жас маманды ұстап қалу керек, осы жердің баласы, отбасылық жағ­дайына қарасып, қамқорлық жасаса, басына үй берсе, сонда ғана одан бірдеңе талап етуге болады. Ресейде оқу үшін де оған қаржылай, моральдық тұрғыдан үлкен қолдау керек. Ахтанов театрына осыдан бірнеше жыл бұрын бес-алты шәкіртім кетіп еді, кейін жан-жаққа бытырап кетіпті. Жас мамандарды тұ­рақтандыру үшін ең алдымен жағдай ту­ғы­зып,  баспана мә­се­лесін шешіп беруге тырысу ке­рек. Ахтанов театры­ның бағын ашу үшін кәсіби мамандарды ша­қырып, олардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалғаны жөн. Мысалы, Астананың жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың ұжымында 40 жас актер қызмет етеді. Фестивальда өздеріңіз көрдіңіздер, сол жастарға Астананың әкімі Иманғали Тас­ма­ғам­бетов 40 пәтер берді.  Ұлттық өнерге жаны ашы­ған адам ғана осылай істейтін болар. Облыстық театр­ларда жалақы да онша көп емес. Нарық заманында бір жалақымен күн көру өнер адамына оңай емес. — Әуезов театры актерлерінің жағ­дайы, жалақысы жақсы шығар? Об­лыстық театр­лар­дың бұрынғыдай Мәдениет және ақпа­рат министрлігі арқылы республикалық бюд­жеттен қаржыландырылғаны тиімді сияқ­ты… — Әрине, бірақ әзір бұл мәселе жергілікті әкімдіктің құзырында. Біздің театрда жекеменшік хор ұжымы бар, соның тапқанынан ай сайын актерлердің жала­қы­сына 50 пайыз үстеме қосамыз. Айына 30 спек­такль көрсетіледі,  алтауы – кіші залда, қал­ғаны – үлкен залда. Зейнеткерлерге де театрға түс­кен пайдадан қосымша қаражат беруге ты­ры­самыз. Бізде Алматыда актерлерге мүмкіндік көп, театры, киносы, дубляжы, телевидениесі бар дегендей... Ал облыс орталықтарында мұн­дай мүмкіндік жоқ, сосын тойда жүреді. — Қазақ драматургиясы кенжелеп қал­ды, сахнаға лайық дүние жоқ дегенге қалай қарайсыз? — Жалпы, «жоқ» деген жақсы сөз емес, бү­гінде жұрттың бәрі, оның ішінде журналистер де, тіпті депутаттар да, ғалымдар да пьеса жазып кетті. Онда тұрған ештеңе жоқ, жазсын, әркім өзіне таныс мәселені қозғайды. Көп пьесаның іші­нен бір қажетімізге жарайтын дүние та­былады. Қазір бізде драматургтердің көркемдік ке­ңесі жұмыс істейді. Кеңес сол пьесалардың ішіндегі іске жарайтындарын таңдап алып, көтерген мәселесі өзекті болғанымен, жазылуы шикілеу болса, соны қырнап-жонып іске жа­ра­тады.  Төрт аяғы тең келген пьеса жазып әкелетін еш­кім жоқ, жас талап драматургтерге дем беріп, одан әрі жазып кетуіне мүмкіндік жасасақ дейміз.

"Алаш айнасы"