2013 жылы республикалық бюджет тапшылығы 80 млрд теңгеге қысқартылады

novye-tenge2013 жылғы республикалық бюджеттің тапшылығы 80 млрд. теңгеге немесе 0,2 % төмендетіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев айтты.

 «790,6 млрд. теңгені құрайтын республикалық бюджеттің тапшылығы 80 млрд. теңгеге немесе 0,2 % төмендетілетін болады», - деді ол.

  Сонымен қатар, ол үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша жүктемені төмендету мақсатында бюджет тапшылығын 870,6 млрд теңгеден 790,6 млрд теңгеге дейін қысқарту ұсынылғанын атап өтті. «Түсімдер бойынша нақтыланған болжам мен тапшылықтың азайтылуын ескере отырып, республикалық бюджет шығыстарын 6 033,4 млрд теңгеге дейін немесе 65,6 млрд теңгеге оңтайландыру ұсынылады», - деді Е.Досаев. Министрдің мәліметі бойынша, жалпы шығыстарды азайту 165,8 млрд теңгені құрайтын болады, оның ішінде, мемлекеттің міндеттемелерін орындауға байланысты қалыптасқан үнемдеу есебінен 30,2 млрд теңге, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде қалыптасқан үнемдеуден 19 млрд теңге және болжамды толық игерілмеу 116,6 млрд теңгені құрайды. «Әкімшілерге игерілмеу нәтижесінде азайтылатын шығыстардың 2014 жылы қалпына келтірілмейтінін түсіну қажет. Барынша жұмыла жұмыс істеу және көзделген қаражат шегінде қойылған міндеттерді шешу керек», - деді Е. Досаев.