Өткен аптада елімізде орын алған жаңа кадрлық тағайындаулар

1342688470Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алып, Елбасы Өкімімен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының жаңа орынбасары өз қызметіне кірісті.

Мемлекет басшысының Өкімімен Марат Өмірбекұлы Қалқабаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 52 жастағы М.Қалқабаев 2003-2009 жылдары аралығында ҚР ҰҚК 9-шы (тергеу) департаментінің басшысы қызметін атқарған. Ал 2009-2011 жылдары ҚР ҰҚК Астана қаласы бойынша департаментіне басшылық жасаған. Бұдан кейін ҚР ҰҚК 9-шы (тергеу) департаментінің басшысы қызметінде болған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев ҚР Мұнай және газ вице-министрі болып тағайындалды. Осы қызметке дейін М. Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инновациялық даму және сервистік жобалар жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол 1978 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Тұран университетін, Астана қаласындағы дипломатиялық академияны, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетін бітірген. 2007-2010 жылдары «Теңізсервис» ЖШС-нің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның бас директоры болған. 2010-2012 жылдары аралығында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның атқарушы директоры қызметін атқарған. Сондай-ақ осы апта ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Директорлар кеңесі шешімімен жаңа штаттық кесте, орталық аппараты мен филиалдардың жаңа құрылымы бекітілді. Өзгерістер несие қоржынының өсуіне, Жұмыспен қамту жол картасының екі бағытын Қор арқылы жүзеге асырылуына және ауылды жерлерде шағын несиелеуді тиімді жүргізу қажеттілігіне байланысты енгізілді. Қор басқармасының шешімімен ұйымдастырушылық құрылымы оңтайландырылды: мониторинг департаменті жабылып, шағын несие ұйымдарымен және проблемалық қарыздармен жұмыс жүргізу жөніндегі департаменттер ашылды. Қоғамның бұйрығымен Болат Көлдеев - басқарма төрағасының кеңесшісі, Әсемгүл Қайырденова - проблемалық қарыздармен жұмыс жүргізу жөніндегі департаментінің директоры, Раушан Мәдиева - шағын несие ұйымдарымен жұмыс жүргізу жөніндегі департаментінің директоры, Өмірзақ Сыздықов қауіпсіздік департаментінің директоры болып тағайындалды. Microsoft компаниясы Devices&Services бағытын дамытуға қызметін өзгертуге байланысты Қазақстандағы бөлімшесінің басшысын ауыстыру шешімін жариялады. Оған сәйкес Алексей Рештенко 1 қарашадан бастап Mайкрософт Қазақстанның Бас директоры қызметін атқаруға кіріседі. Майкрософта 2001 жылдан бері жұмыс жасайтын А. Рештенко бұған дейін Беларусь, Молдова, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Моңғолия секілді елдер тобында бизнесті дамытуға жауапты болған еді. Онда негізінен үкіметпен байланысты орнату және оған қолдау көрсету, Майкрософтың серіктестер желісін дамыту, сондай-ақ клиенттермен өзара қатынасты нығайту жұмыстарымен айналысты. Әйелі және үш баласымен Алматыға көшіп келген ол Санкт-Петербор мемлекеттік телекоммуникациялар университетін 1998 жылы радиобайланыс, радиохабар және теледидар саласындағы инженер мамандығы бойынша бітірген.

ҚазАқпарат