Қазақ намыссыз болмаған...

images111Мақал да әбден зерттеліп, дәлелденген соң, өмірден алынып айтылады. Тіл жанашырлары біледі. «Қазақтың жауы қазақ», «Қазақ – жүрген жерің тозақ» деген нақылдар, өзбектердің «Орыс боламын десең – алдымен қазақ бол» деген мақалы өте дұрыс айтылған сияқты. Біз неге осынша намыссыз ұлт болдық? Өзбек, қырғыз халықтары өз ұлттарына тән мінез-қасиеттерін жоғалтпаған. Ұйымшыл, қандай жағдайда болса да бір-біріне көмек беруге дайын тұрады. Осыған орай, өз басымнан өткенді уақиғаны айтайын. 1969 жылы Ташкенттегі политехникалық институттың бірінші курсында оқып жүргенімде, студенттер қалашығында нан алуға дүкенге барып кезекке тұрдым. Алдымда бір орыс студенті тұрған. Біраз уақыт өткенде тағы екі орыс студенті келіп, менің алдыма тұра бастады. Мен оларды кезекте тұрмағанын айтып, ескерттім. Олар көнбеген соң, тартысып қалдық. Бір кезде екі-үш өзбек жігіттері, екі орыс баланы ұрып, теуіп қуып тастады. Мені танымайтындар болған соң аң-таң болып қалдым. Жатақханаға келіп жігіттерге айтсам: «Түрің өзбекке ұқсайды, сені өзбек деп, жақтасқан ғой» дейді. Қазақтарда қалай? Қайта қосыла сабайды. Біздің қазаққа қашанда осы екі нәрсе – намыс пен ұйымшылдық жетпей жатады. Қазір басқа ұлттарға: «Қазақ тілін үйренбейсің бе?» десең: «Алдымен өз қазағыңды қазақша сөйлетіп ал» дейді. Бір жағынан, дұрыс айтады. Киев қаласында жолыққан бір қырым татары, қазақтарды «рускоязычный» деді. Мен: «Оның бекер, біздің өз қазақ тіліміз бар десем», «Білмеймін, бізде қазақтарды солай атайды» деді. Тереңдеп ойласаң шынынды, қазақ тілін білмеген адамды – қалай қазақ дейсің?!. Қазақ тілінің жауы да – осы шалалар... Тіліміздің жауы – ұлтымыздың жауы. Неге «рускоязычный» өзбек, қырғыз, түркімен демейді. Рес қаншама ұлттар жойылды. Ұлт адамдары жойылған жоқ. Ана тілдерінен айырылған соң, ұлты жойылғандар мен Ташкентте қазақ тілін білмейтін қазақтарды көрдім. Үйінде де болдым. Көршілерінің бәрі өзбек. Түр әлпеті, тілі, жүріс-тұрысы, дәстүрі бәрі өзбекке ұқсас. Қазақпыз деген аты болмаса, қазаққа ұқсамайды. Қанында қазаққа тән қаситеттерден арылса, үрім-бұтағы жат ұлтқа сіңісіп кетеді екен. Біз де қазіргі қалпымыздан таймасақ, күндердің-күнінде орыстың тілін, дәстүрін, мәдениетін бойымызға сіңіріп, орыстанып кетуіміз әбден мүмкін. Яғни, орыстілді қазақ болады да, үрім-бұтағы қазақ болғандығын ұмытады. Оны да өзіміз жарнамалап жүрміз. Теледидардан орысша жарнамаларды, қазақтың жас балдарына айтқызып қойғанынан көруге болады. Телеарнада орысша бағадарламаларды қазақтардың жүргізуі де жилеп кетті. Астана ТВ арнасының «Лица столицы» деген бағдарламасында қазақша кимешек киіп, құмалақ ашып отырған қазақтың екі апасын келемеждеп, орысша сөйлетіп қойыпты. «Юрта-1» деген бағдарламасында да қазақтың киелі киіз үйінде қазақ қыздары мен жігітсымақтары орысша дәмсіз сөйлеп, мәз-мәйрам болып отыр. «7 канал» телеарнасындағы «40 миллион» бағдарламасында жүргізуші қазақ та, қатысушы қазақтар да орысша сөйлейді. Енді орыстарға ұқсастырып «Идеальный невеста» бағдарламасын шығарыпты. Жүргізуші мен қатысушылар ұлты қазақтар болғанымен орыс тілінде өткізіледі. Бір көрінісінде, қатысушылар – Фарида, Зарина, Жұлдыз, деген қазақ қыздары, қазақ жігітімен орысша сөйлесіп, өз ана тілдерін кемсітіп, орысша сөйлегендерін үлкен жетістік, мәдениет санайтындай кердеңдейді... НТВ телеарнасында да қазақтың жас балаларының орысша бағдарламалар жүргізгендерін жиі көріп, намысың келеді. «Қазақ ТВ» деген арнаның өзінде қазақтарды топырлатып орысша сөйлетіп қойған... Қазан айының басында қыздардың байқауын көрдім. Тағы орысша. Әділқазылар да түгелдей қазақ бола тұра, орысша сын, бағалар айтады. Телеарнада қытай, кәріс т.б. ұлттарды қазақпен орыс тілінде айтыс өткізуді шығарыпты. Бұл – қазақтың айтысын сайқымазаққа айналдырудан басқа ештеңе емес... Ол-ол ма, Қазақстанда қазақша, қазақ актерлері ойнаған киноны орыс тілінде көреміз. Не деген масқара? «Білім» бағдарламасында да оқымыстылар орыс тілінде сөйлейді. Спорттық ойындарды да екі тілде жүргіземіз. Қазақтілді жаңалықтарда министр, прокурор, әкімдер орыс тілінде жауап беріп тұрса, мемлекетіміздің ресми өкілдері шетелдік қонақтармен орыс тілінде сөйлессе, қазақ тілі қалай көгереді?.. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, «Қазақ тілі» күнін, бүйректен-сирақ шығарып «Европалық тіл күні» атап, басқа жұртқа ана тілімізді жығып бердік... Биліктегі қазақтар неге үнсіз? Көздерін шел басып, құлақтары керең болып қалған ба?.. Қазақ жастары қазір қоғамның басқару жүйесіне араласудан аластап бара жатыр. Жастарымыздың ұлттық рухани дүниелерден, әдебиетінен сауатсыздығына 99 пайыз үлкендерді кінәлі санаймын. «Тілімізді көгертеміз» десек, телеарналардан ұлты қазақтарға орыс тілінде сөйлеуге, жүргізуге тиым салу керек. Қазақша білмейтіндерді шығармау керек. Екі-үш жыл аралығында жаңалықтарды орыс тілінде беруді тоқтатқанымыз жөн. Дәрменсіздік пен жігерсіздіктен – намыссыздық туады. Немесе, керісінше... Намыссызға дауа бар, ол – ар-ұятты ояту. Ар-ұятын жоғалтпаған адам қандай қиындықты да жеңеді... Жарқынбек СЕЙТІНБЕТҰЛЫ, ОҚО «Қадірменді қариялар» ҚБ төрағасының орынбасары