Тас жол тайғақ кешуге айналды
2013 ж. 11 қазан
2459
2
Егер «бір ауылдың тұрғындары түгелдей қырылып қалыпты» деген тосын хабар естіген болса, кім-кімнің де төбе шашы тік тұрар еді. Алайда бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары (ЖКО) салдарынан жыл сайын көз жұмып жатқан адамдар саны бір ауыл тұрғындарының санына тура пропорционалды болып жатқанын ескеріп жатқан ешкім жоқ сияқты. Күн сайынғы көлік апатынан қайтыс болған адамдар жайлы хабарларға етіміз үйреніп те кеткен. Қаралы статистикаға селт етпейтін болдық.
Көлік апатының басты себептері
Мамандар жол-көлік оқиғасына соқтыратын басты екі себепті алға тартады. Бірінші себеп – жүргізушілердің жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы. Расымен де, жол-көлік оқиғаларына жасалған талдау осыны айғақтайды. Жол-көлік оқиғаларына қатысты жасалған сараптама қорытындысы көлік апатының 90 пайыз жағдайында жүргізушінің кінәсін анықтаған. Нақты сандарды сөйлетсек, оның ішінде жылдамдықты шектен тыс асыру жағдайы – 21,6%, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 9,3%, жол қиылысы ережесін бұзу – 8,6%, қарсы бағытқа шығып кету 8,3% болған. Сонымен қатар мас күйінде көлікті басқару салдарынан ағымдағы жылдың алты айында 249 ЖКО орын алып, салдарынан 50 адам опат болып, 285 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Екінші себеп – тас жолдардың тарлығы мен сапасыздығы. Сарапшылардың анықтауынша, ірі жол апаттары күре жолдарға тиесілі көрінеді. Өйткені еліміздегі республикалық деңгейдегі жолдардың дені екі жолақтан тұрады. Ондай жолдарда көптеп, тізбектеліп жүретін жүк көліктерін қуып өту аса қауіпті. Өйткені алда келе жатқан көлікті қуып өтуді тек қарама-қарсы бағытқа шығып қана жүзеге асыру мүмкін. Өкінішке қарай, кей жағдайда қарсы бағытта келе жатқан көліктің жылдамдығын болжай алмағандықтан, қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Сондай-ақ жол ортасындағы шұңқырды айналып өтемін деп, көліктердің қақтығысып жататыны да жиі кездеседі екен.
Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:
– Жол-көлік оқиғаларына жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы себеп болатыны – шындық. Ал сол жол ережесін бұзғандарды анықтап, әкімшілік жаза қолданатын – Жол полициясы. Менің ойымша, жол ережесін бұзушыларға қолданатын заң қатаң және айыппұл мөлшері қомақты болуы тиіс. Сонымен қатар сол заңның орындалуын қадағалайтын Жол полициясы қызметкерлері де заң аясынан шықпауы керек. Олар жол ережесін бұзушылардың көкесіне де, қалтасына да қарамауы тиіс. Өйткені көбіне-көп жол ережесін бұзатындар – көкесі барлар мен қалтасы қалыңдар. Егер қалтасының қалыңдығымен, көкесінің көмегімен мәселені шеше алмасына көзі жетсе, онда олар жол ережесін сақтайтын болады. Себебі олардың көлік жүргізу құқығынан айырылып, жаяу жүргісі келмейтіні анық.
Жол-көлік оқиғаларының салдары
Осыдан бес жыл бұрын 2 млн болған еліміздегі көлік саны бүгінде 4,2 миллионға жеткен. Соның салдарынан жыл сайын жол апатының саны да артып барады. Нақты дерекке жүгенсек, жыл сайын еліміздегі тас жолдарда 3 мыңнан астам адам фәни дүниені тәрк етіп жатса, 17 мыңнан астам адам түрлі тән жарақатын алады екен. Арифметикаға көшер болсақ, жыл сайын ел халқының әр 100 мың тұрғынға шаққанда 30-ы жол-көлік оқиғасы салдарынан дүние салатыны анықталып отыр. Дүниежүзілік стандартпен салыстырғанда, бұл – дабыл қағарлық жоғарғы көрсеткіш. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Сондықтан да Қазақстан жол-көлік оқиғасы салдарынан орын алатын адам шығыны бойынша дүниежүзілік ұйымдардың қара тізіміне ілінді. Ресми мәлімет бойынша ағымдағы жылдың жеті айында 10 727 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 1446 адам ажал құшып, 13 958 адам түрлі тән жарақатын алған.
Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары мен салдарынан қайтыс болған, жарақат алған жандарды санамалап, біріміз жүргізушіні жазғырып, біріміз сапасыз жолдарды жамандап, енді біріміз Жол полициясы қызметкерлерін қаралаудан әріге бара алмай отырған сияқтымыз. Жол-көлік оқиғаларының отбасыларға келтіретін қасіретімен қатар, қоғамға, мемлекетке тигізер зиянын ескере бермейміз.
Дүниежүзілік банк мамандарының мәліметіне қарағанда, Қазақстан жол-көлік оқиғалары салдарынан жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызына тең мөлшерде қаржы жоғалтатын көрінеді. 2012 жылы бұл шығын көлемі 600 млрд теңгені құраған. Сол жылы қорғаныс саласына 200 млрд теңге жұмсалғанын ескерсек, жол апаты әкелетін шығын шаш етектен екені қожаға да, қараға да түсінікті. Жол-көлік оқиғаларының салдарын жою, көлік апатынан асыраушысынан айырылғандар мен мүгедек болып қалғандарға төленетін жәрдемақы – мұның бәрі – ел бюджетіне түсетін салмақ. Сонымен қатар онсыз да тапшы болып тұрған еңбек күшін жоғалтамыз. Ал бұл ел экономикасын етектен тартары анық.
Тағы бір ескеретін жайт, Қазақстанның мемлекеттік саясатының құрамдас бөлігі болып табылатын демографияға да жол-көлік оқиғаларының кері ықпалы орасан. Демографтардың болжамына қарағанда, көлік апаты 10 жылда табиғи өсімнің 100 мың адамға артуын тежейді екен. Қазақстан үшін жер байлығын толықтай өзі игеруге, экономиканың өсуіне, елдің қорғаныс қабілеті мен мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 100 млн адам қажет екенін ескерсек, бұл – орасан шығын.
Не істеу қажет?
Әлеуметтанушы мамандар «Жол полициясы жазалаушы органға айналып кетті, олар жол ережесін бұзушылықтың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбей отыр» дейді. Олардың пайымдауынша, Жол полициясы қызметкерлері көп жағдайда жол ережесін бұзғандарға айыппұл салумен ғана шектеліп жүр. Олар тарапынан жасалып жатқан алдын алу жұмыстары жоқтың қасы. Сондықтан әлеуметтанушы мамандар «Жол полициясы қызметкерлері БАҚ-тармен тығыз байланыста болып, сол арқылы жиі насихат жұмыстарын жүргізіп отыруы тиіс» дейді.
Қожамқұл АЙТБАЕВ, әлеуметтанушы:
– Жеке өз басым Жол полициясы қызметкерлерінің теледидарға шығып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша насихат жүргізгенін көрген жоқпын. Жүргізушілерді жол ережесін сақтауға үндейтін әлеуметтік жарнаманы да көрген емеспін. Газет беттерінен де байқай қоймадым. Не автопарктер мен таксопарктерге барып, профилактикалық жұмыс жүргізгенін естімеппін. Қайта «тығылып тұрып, жол ережесін бұзғандарды жазалайды» дегенді жиі естиміз. Қарап отырсақ, халықтың мақтауынан гөрі даттауы көп. «Халық айтса, қалт айтпайды» демей ме?! Сондықтан да Жол полициясы қызметкерлері халықпен жүздесіп отыруы керек. Ал халықпен жүздесудің ең тиімді жолы – бұқаралық ақпарат құралдары.
"Алаш айнасы"