Министрдің туыстары қалай босанып жүр екен?!

  1747Денсаулық сақтау министрлігі «біз тұрғындарға емхана таңдау құқығын бердік. Ол қай емханаға жүгінгісі келсе, өздері біледі. Дәрігерді де өздері таңдайды» деп «ысқырықтары жер жарып жатыр». Ал, шын мәнінде, халықтың дәрігер таңдамақ түгіл, қарапайым медициналық көмекке жүгінуінің өзі қиын болып кетті. Тіркеуге тұрған жерің бойынша емханаға барсаң, тұрғылықты жерің бойынша жақын емханаға бар дейді, ал тұрған жердегі емханаға барсаң, мекенжай бойынша тіркеуіңді сұрайды. Емхана дәрігерлері барынша өздеріне жолатқысы келмей, тұрғындардан қашатын дәрежеге жетті. Денсаулық сақтау саласындағы мақтаулы жүйелердің ха­лыққа бар бергені осы болды. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру орнына, керісінше, медициналық көмекті тұрғындардан алыстата түсті. Министр сөзбен «қарық» қылады, дәрігер «саңғыт» қылады Терапевтен медициналық көмек алатын уақытша кодымды алған соң №10 емхананың гинекологіне бардым. Мұның алдында бірнеше рет түсік түсу жағдайы орын алғандықтан, қауіптің алдын алу үшін ертерек жүкті ана ретінде тіркеуге алынғым келетінін, толықтай дәрігердің бақылауында болуды қалайтынымды, денсаулығыма да шағымым бар екенін жасырмай айттым. Учаскелік гинеколог Есіркепова Сәуле мұндай жағдайда тек өзіме өзімнің ғана көмектесетінімді айтып, тіркеуден бас тартты. «Өзіңді күт. Әзір ерте, бір айдан соң кел» деп шығарып салды. Арасында жедел жәрдем шақырып, денсаулығымның нашарлауына орай ауруханаға жатып шықтым. Осы орайда айта кетер жайт, былтырғы жылдың аяғында Денсаулық сақтау министрлігі жүктілігін анықтап, ерте тіркеуге тұрған азаматшаларға 16 мың теңге көлемінде сыйақы төленетіні туралы жарияға жар салды. Жүктіліктің алғашқы 12 аптасына дейін тіркеуге тұрған аналарға сыйақы тағайындау елдегі демографиялық ахуалды жақсарту, ана мен бала арасындағы өлім-жітімді барынша азайту, өз денсаулығына салғырт қарайтын аналарды ынталандыру үшін тағайындалып отырғаны да айтылды. Мен де ертерек жүкті ана ретінде тіркеуге тұрғым келді. Сыйақы алу үшін емес. Құрсағымдағы баланы сақтау үшін. Бірақ тіркеуге тұра алмадым. Тіркеуге алмаған соң жүкті ана ретінде тегін медициналық көмектерден де қағылып, ақылы медициналық көмекке жүгіндім. Сонда министр не дейді, дәрігер не дейді? Сыйақы түгіл, аяғы ауырлағаннан бастап, қалтасынан ақша шығарып дәрі сатып алады, қарапайым ультрадыбыстық қондырғы да мемлекеттік емханалардан табылмайды. Халықтың тегін медициналық көмекпен кепілдендірілгені Ата Заңымызда да айтылған, денсаулық сақтау саласының мамандары да жиі айтып жатады. Бірақ іс жүзінде мүлде олай емес. Болашақ аналарға арналған тегін медициналық көмек қайда? Ауруханадан шыққан соң гинеколог алдына қайта келдім. Ең болмаса дәрі жазып беруін өтіндім. Құрсақтағы баланың жағдайын анықтау үшін УЗИ-ге жіберді. Одан соң құрсақтағы балада Даун синдромы белгілері бар-жоғын анықтау үшін Молекулярлы медицина орталығына жіберді. Алматыдағы Құрманғазы мен Мұқанов көшелерінің қиылысында орналасқан Молек­лярлы медицина орталығының табалдырығын аттадым. Қабылдау бөліміндегі қыз консультация – 2 мың теңге, анализ 6 мың теңге екенін айтты. «Маған консультация қажет емес, дәрігерім маған Даун синдромы үшін анализ тапсыруым керек екенін айтты. Анализ ғана тапсырам» дедім. «Жоқ консультация міндетті» деді тіркеу бөлімінде отырған қыз. Консультациясына кірдім. «Аты-жөнің, туған жылың, күйеуің туысқаның емес пе, ол қай жылғы» деген сұрақтар қойған «ақыл -кеңес» беруші қыздың сол қызметі үшін кассаға 2 мың теңге төлеп, анализ тапсыруға кірдім. Ол үшін кассаға тағы 6 мың теңге төледім. Осы орайда айта кетер жайт, айналдырған төрт-бес сұраққа жауап алатын көзбояушы консультацияның не керегі бар?! Ақша алудың амалы екені сөзсіз. Айта кетер жайт, жүкті ана ретінде кезекке алғанша үш рет УЗИ-ге түсірудің әрқайсысы ақылы медициналық орталықтарда 2500 теңгеден болды. Жүктілік кезеңінде ішетін дәрілер де удай қымбат. Алғашқы айларда дәрі үшін 10-15 мың теңге кетсе, УЗИ мен Даун синдромын анықтау үшін тағы 15-16 мың теңге кетіпті. «Болашақ аналар үшін барлық медициналық көмектер тегін, мемлекетіміз ана мен баладан көмегін аямауда» деп, денсаулық сақтау министрі күн сайын жарнамалап жатса да, бүгінгі күні ана үшін бірде-бір дәріні емханадан тегін ала алмадым. «Құрсақтағы балада Даун синдромын анықтау анализі де барлық аналар үшін ақылы ма» деген сұрағыма гинеколог «айына үш-төрт ана үшін ғана ақша бөлінеді, бірақ ол бәріне бірдей жете бермейді» деді. Сонда сол аудан бойынша айына бар болғаны үш-төрт ана ғана жүкті болуы керек пе? Мемлекеттің барлық болашақ аналарға жағдай жасауына шамасы жетпей ме? Тіпті Алматы қаласындағы емханаларда құрсақтағы баланың жағдайын анықтап беретін, жүкті ана үшін бірден-бір қажетті нәрсе – қарапайым УЗИ қондырғысы да жоқ. Сонда мемлекет ана мен бала үшін жасамаған медициналық көмекті кім үшін жасап жатыр? Жыл сайын медициналық көмектің сапасын арттыру үшін көлемі артып жатқан медицина саласына бөлінетін қаржының рақатын қарапайым халық қашан көреді? Шіркін, Салидат Қайырбекова ханым, шенеунік қалпында емес, қарапайым ананың кейпіне еніп барып еліміздегі емханалардың жағдайын бір көрсе, денсаулық сақтау саласындағы жағдайды сезінер еді-ау...

Қуаныш Әбілдақызы, "Алаш айнасы" газеті