НАМЫС БОЛСА, шалыс болмайды...

images111

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік тіліміздің тиісті тұғырына қона алмай тұрғандығы құпия емес. Бүгінде еліміздегі ең ірі екі этнос – қазақтар мен орыстар, қазақтардың саны бүкіл халықтың 65,2 пайызын құраса, орыстардың үлесі – 21,8 пайыздың шамасында. Қазақстандағы басқа 100- ден астам ұлт өкілдерінің саны 1 пайызға да жетпей отыр.

Ә дегенде, арнайы заң қабылданса, күллі қазақ қоғамы қазақ тілінде лезде сай­рап кететіндей көрінгенімен, қоғамдық ой-сана мен табиғи үрдістердің даму сатылары өз заңдылықтармен ғана жүреді екен. Әйткенмен, қазақ қоғамы қалың ұйқыда емес. Зиялы қауым да үнсіз жатқан жоқ. Қазақ тілінің мүддесі туралы маңызды ой-пікір мен базына­лы бастамалар көтеріп жүрген «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы арнайы мәлімдеме жариялады.

«Кеңестер Одағының дәуірлеп тұрған кезінде 1 миллион 200 мың халқы бар Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болғанын ескерсек, бүгінгі таңда, халқының саны 2 миллионға жуықтаған қалада 59 қазақ мектебі бой көтерген. Еліміздегі қазақ мектептерінің көп үлесін кілең ауылдағы қазақ мектептері толтырып тұр. ХІХ ғасырдағы орыс миссионері Н.И.Ильминскийдің осы са­лада сіңірген еңбегіне орай «Ильминский оқыту жүйесі» деген атқа ие болған аралас мектептерге қатысты көптеген мәселе шешімін күтуде. Мыса­лы, қазақ-орыс аралас мектебі болып саналатын білім орда­сында, тым болмаса, екі тілде білім беретін сыныптар саны бірдей болуы қажет. Ал респу­блика аумағында көп жағдайда аралас мектептегі 2 немесе 3 сынып қана қазақ тілінде білім береді және ол сыныптардағы қазақ балаларының саны 30- 50 оқушыны әрең құрайды. Аралас мектептердің көпшілігі орыс мектептерінің санын азайтып көрсетудің бір тәсілі іспетті. Бұрынғы одақтас республикалардың бәрінде дерлік аралас мектептер жабы­лып, оның орнына жаппай бір ғана тілдік мектептер ашылып жатыр.

«Қазақ мектебінің білімі төмен» деген ұғым Кеңес дәуірінде әдейі қалыптастырылғаны белгілі жайт. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Сол се­бептен қоғамдық іс-шаралар, пікірталастар, ғылыми жары­стар, бүкіл ғылыми жарыстардың тілі көбіне орыс неме­се ағылшын тілдерінде өтеді. Соған орай «қазақ мектебінің білім деңгейі төмен» деген пікір қалыптасқан. Мұның бәрі қазақ мектептерін тұқырту үшін әдейі ұйымдастырылып жатқандай әсер қалдырады. Болмаса, биыл «Алтын белгі» алған түлектердің 69,7 пайызы қазақ мектептерін тамамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғандардың 73 пайызы – қазақ мектебінің оқушылары. Биылғы тестілеу нәтижесі бойынша ор­таша балл – 86,68. Қазақ тілінде білім алғандардың орташа балы 87,02 болса, орыс тілінде білім алғандардың орташа балы 85,99.

Ал Жапонияда бүлдіршін 12 жасқа жеткеннен кейін ғана шет тілдерді үйренуге бағыт алады. Оған дейін жас қанат өз ана тілінің сұлулығын, құдіретін бойына толық сіңіруі, туған ана қуатын мойындауы қажет екен. Содан кейін ғана он тіл, тіпті жүз тіл меңгересің бе, өз еркің.

Еліміздегі мемлекеттік т і р к е у д е н ө т к е н 2 1 1 1 басылымның 344-і ғана мемлекеттік тілде жарық көреді екен. Яғни, мемлекеттік тіл ба­спа тілінде де тұсаулы күйде тұр. Бұған қоса, Ресей Федеративтік Республикасынан Қазақстанға жыл сайын 5 мыңға жуық газет- журнал келіп таралады. Кезінде 10-25 мың данамен шығатын қазақ кітаптарының таралы­мы қазір 2 мыңнан аспайды. 500-ге жуық кітап дүкенінің 43-і, Алматыдағы 37 дүкеннің 5-уі ғана қалған. Олардың сатылымындағы 90 пайыз кітап Ресей баспаларының өнімдері. Дүкендердің барлығында орыс тілінде ғана кітап сатылады. Республика бойынша бұрын 20 мыңдай кітапхана болса, 2013 жылдың басындағы дерек бойынша, 4192 кітапхана ғана жұмыс істейді.

Еліміздегі телеарналар қазақ тілінде 10, өзге тілдерде 8, ал орыс тілінде 82 пайыз хабар та­ратады. 2013 жылдың басында «Телерадио хабарларын тара­ту туралы» Заң қабылданды. Телерадио хабарын тара­тушылар бұл заңнан кейін эфирлік уақыттарын заңға сәйкестендіріп, еліміздегі кез келген телеарна мемлекеттік тілде 50 пайыздан төмен хабар таратпауы тиіс.

Осы ретте «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы айтылып жатқан пікірлердің қаншалықты дұрыс-бұрысына көз жеткізу үшін тәуелсіз бақылау жасады. Ұлыбритания, Ресей, Франция, Израил сияқты елдердің телеар­налары бір ғана – мемлекеттік тілде. Яғни Қазақстандағыдай к ө р е р м е н а у д и т о р и я с ы «қазақтілді» және «орыстілді» деп бөлінбейді. Кешегі Одақтан біздің елмен бірге бөлінген Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения, Грузия, Эстония, Латвия, Литва елдерінде Ре­сей ақпарат құралдарын емін- еркін таратуға қатаң тыйым салынған. Қазір осы елдердің қай-қайсысында да телеар­налар тәулігіне әрі кеткенде жарты, не бір сағаттан артық орысша сөйлемейді. Украинада 30 телеарна тек қана ұлттық тілде; Өзбекстанда 63 телеар­на хабар таратса, ақпараттың 85 пайызы тек өзбек тілінде. Өзбектер спутник арқылы та­райтын Ресейдің бірнеше теле­арнасына тосқауыл қойған. Өз мемлекеттік тілдеріне ғана басымдық беретін елдер ресейлік телеарналар мен басы­лымдар қалай болса да тек орыс тілін ұлықтайтынын, Ресейдің саясатын жүргізетінін жақсы біледі.

«Қазақстан» ұлттық арнасы мен балаларға арналып ашылған «Балапан» арналарының тек мемлекеттік тілде хабар тара­туы «Тәуелсіздікті қорғау» және «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет билігіне қойған талап­тарынан кейін ғана жүзеге асты. Билік дүйім жұртты дүрліктірген «Ел бірлігі» доктринасын қабылдауды тоқтатқан кезде сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысының орынбасары М.Әшімбаев 2009 жылдың 15 желтоқсанында «Мемлекеттік тіл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы М . Ш а х а н о в т ы ң а т ы н а жазылған хатта: «Қазақстанда цифрлық телевидениеге көшу аясында мемлекеттік тілде ха­бар тарататын 3 телеарнаның тұжырымдамасы әзірленуде. Олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи- педагогтық телеарналар бола­ды деп отырмыз. Арналардың біреуін – «Мәдениет», келесісін – оқу-ағартушылық бағыттағы – «Зерде», ал бүлдіршіндерге арналғанын «Балауса» деп атаған жөн шығар...» – деп жа­уап берген еді.

Әйткенмен, әлі күнге дейін қазақ телеарналарында қазақ ұлтының бүгінгі тілдік, әлеуметтік, ділдік, дәстүрлік, ұлттық мәдениеті , ұлттық тәрбиесі қандай күйде екені ту­ралы ащы шындық айтылмайды. Дарақы күлкі, арзан әжуаға толы жеңіл дүниелер, орысша арала­стырып сөйлеу – орыстанған басшылар билігіндегі телеар­на журналистерінің пікірінше озық үлгідегі ток-шоу, топ-шоу, реалити-шоу, бизнес-шоу яғни, «тың идеялар» болып табылады екен.

Еліміздегі мемлекеттік билік төңірегіндегі басшыларымыздың 70-75 пайызы қазақ болса, олардың 70 пайызға жуығы орыстілді қазақтар. Сол шала қазақтардан өрбіген ұл-қыздардың үлкен бөлігі шет елдерде білім алған, ал немерелерінің 90-95 пайызға жуығы қазақ тілін білмейді. Сондықтан қазақ тілі қоғамның б а р л ы қ с а л а с ы н а е н і п , мемлекеттік тіл деңгейінде мәртебелі биікке көтерілуі, олардың өздері үшін, қала берді ұрпағы үшін қауіп тудыратыны заңды құбылыс.

Қазақстан Республикасының Парламенті орыстілді болғандықтан, кез-келген заң ал­дымен орыс тілінде қабылданып, қазақ тіліне аударылады. Қазақ Парламентаризмі тарихында қазақша дайындалған жалғыз ғана заң – 1997 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Халықтың көші-қоны ту­ралы» заң жобасы. Аударма заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасын қазақтілділердің өзі әрең түсінеді.

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы, тiл жанашырла­ры мен ұлт зиялылары 2012 жылдың 14 желтоқсаны күні жария болған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент жол­дауында «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайы­зы қазақ тілін білуге тиіс» деп жоспарланған талабын құптай отырып, өзекті мәселелер бой­ынша бірқатар мынадай өз та­лаптарын қойды:

а) Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» ар­найы заң қабылдап, заң негізінде мемлекеттік тілдің түбегейлі негіздерін күшейтіп, заң талап­тары орындалмаған жағдайға қатысты жауапкершілікті нақты белгілесе;

ә) Мемлекеттік Тіл агенттігі құрылса;

б) Балабақшалар мен мек­тептер саны, білім алу тілі мен оқушылардың этникалық құрамына қатысты деректердің бәрі ашық әрі нақты жария­ланса;

в) Ресейлік басылымдар тасқынына шектеу қойып, отандық, мемлекеттік тілдегі кітаптарды сататын кітап дүкендері мен кітапханаларды ашу ісін мемлекеттік деңгейде көтерсе;

г) Қазақстандағы телеарн а л а р ы н ы ң б а р л ы ғ ы н а мемлекеттік тілді жетік м е ң г е р г е н б а сшы л а р тағайындалса отырса;

ғ) Телеарналардағы жарты­лай қазақша, жартылай орысша дүбәралықты насихаттайтын дүниелерді таратуды тоқтатып, барлық телеарналардың «прайм-тайм» уақытын, «рейтингі төмен» деген желе­умен жабылған талай қазақша бағдарламалардың орнын жа­улап алған ресейлік дайын өнімдерден телеарналар тазар­тылса және заңда көрсетілген 50-де 50 мөлшеріне бағынбаған телеарналар жауапқа тартылса;

д) Парламентте кез келген заңның түпнұсқасы мемлекеттік тілде қабылданып, Елбасының өзінен бастап, мемлекеттік ла­уазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кезде­сулерде, негізінен, мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, ре­спублика көлеміндегі маңызды іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсе және министрліктер, мемлекеттік органдар, депар­тамент, басқармалардың іс- қағаздары толықтай мемлекеттік тілге көшірілсе, сондай- ақ, мемлекеттік тілді мой­ындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынба­са т.с.с.

Несі бар, ақылға сиятын, на­мысты жиятын талаптар. Тек, кезкелген шешімнің жүзеге асып, қаулының қауқары болуы үшін әрбір қазақ отбасында қазақша сөйлессін, қызметін қазақ тілінде атқарсын, ұрпағын қазақ балабақшасы мен мектебінде тәрбиелесін, қазақтың әнін тыңдап, күйіне ұйысын! Осыны да бізге біреулер мұхит асып келіп, үйретуі керек пе?!. Намыс болса, шалыс баспаймыз! Бәрі өзіміздің қолымызда!!!

Дарын ШӨКЕН