Партия көшбасшысы көпшілікпен кездесті

111Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған мәжіліс депутаттары Меруерт Қазбекова, партияның аймақтық жұмыс бойынша хатшысы Берік Сәлімжанұлы және «Ақ жол» фракциясының аппарат жетекшісі Айгүл Рупатова Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді. Фракция өкілдері Көкшетау қаласында партия мүшелерімен кеңейтілген кеңес өткізіліп, «Ақ жол» депутаттарының өткен сессияда атқарған жұмыстарына есеп берді. Пәрменді партия өкілдері 2012 жылдың бюджеті туралы үкіметке ашық наразылық білдіріп, Есеп комитетінің мәліметтері мен нақты іс жүзіндегі деректер мен дәйектерінің алшақтығын қатаң сынға алған. Мәселен, жауапты министірліктер «Жұмыссыздықты жоюға пәленбай қаржы бөлініп, түгелге жуық игерілді» деп есеп бергенімен, іс жүзінде жұмыссыздардың саны бірнеше есеге өсіп кеткен. Мұндай мысалдар жетерлік. «Кез келген бағдарламаның нақты нәтижесі болу керек, енді біздің мемлекеттік орындарда «бюджеттің бөлінген қаржысын игерсек болды» деген қате ұғым қалыптасқан. Ал, оның өміршеңдігі мен бұқараға берер пайдасы мен тиімділігіне ешкім басын ауыртқысы келмейді» – дейді Азат Перуашев. «Ақ жол» фракциясының парламент мінберінде айтыс-тартыспен дәлелдеп шыққан тағы бір мәселесі – электронды үкіметке байланысты. Астық заңына енгізілген өзгерістер негізінде егін шаруашылығымен айналысушы іргелі компаниялар құжаттарын тіркеу мен есепке алу үшін электронды жүйемен заңдастыру енгізілген. Алайда, сол интернетпен қат-қабат құжаттарды рәсімдеу тығырыққа тіреліп, ақырында, шаруалар қолмен тасып, екі рет әуреленген. Ақыры, Ақжолдықтардың араласуының арқасында бұл мәселе оңтайлы шешіліп, тек тіркеу жұмысы ғана электронды жүйемен жүзеге асатын болды. Белсенді мәжілісшілерді алаңдатқан тағы бір жағдай: техникалық тексеру мен травматикалық қаруды қолдануға байланысты заңдарға енгізілген өзгерістер. Бұл да жеті рет өлшенбеген шикі дүние болып шығуы мүмкін. Өйткені, кезінде «ең бір тиімді тәсіл» деп жалаулатып енгізген техникалық тексеру орталықтары араға көп жыл салмай-ақ, тоқырауға ұшырады. Жиынға қатысқан Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдарының мүшелері мәжілістегі әріптестеріне сан-алуан сауалдарын қойды. Соардың ең бір өзектісі: тұрғын үй комуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесі. Сонымен қатар, Даму қорынан шаруаларға несие алу мәселесі машақаты көп мазасыз жұмысқа айналды. Тағы бір кәсіпкер астықты өлке Ақмолада «Астықтың қадірі кеткендігіне» тоқталып, «Бидай брентін жоғалтып аламыз» деп қауіптенді. Оның басты себебі – жерді демалдырып, өңдеу үрдісі жоғалып барады. Жыл сайын бір алқап жыртылып, үстін-үстіне егін егіледі. Ал, екі-үш жыл тынықпаған топырақтан сапалы өнім алу мүмкін емес. Расында, біз сапа емес, сан қуып кеттік. Петропавл қаласының тұрғыны Әмір Баязитовтың сауалы жиналғандарды бей-жай қалдырмады. Оның айтуынша, жетімдер үйінен шыққан балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүлде жоқ. Олар кәмілетке толғаннан кейін үш-төрттен бірігіп пәтер жалдап өмір сүруде. Мұндай ауыр тіршілікке шыдамағандары өздеріне қол жұмсап, өмірмен қоштасып жатыр. Әсіресе, Петропавлда соңғы жылдары бұл келеңсіздік белең алыпты. Осындай өткір сауалдар мен тұшымды жауаптар берілген партия жиналысынан кейін Азат Перуашев бастаған топ облыстың кәсіпкерлерімен бизнес форум өткізді. Форум сұрақ-жауап ретінде жүргізіліп, жергілікті кәсіпкерлердің күрделі проблемалары тыңдалды. Азат Перуашев былай дейді: «Кедендік одақ дегеніміз – бәсекелестік. Отандық өндірушілер сол бәсекеге қабілетті болуы керек». Партия басшысы облыс кәсіпкерлерінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берді. Шараның соңында зейнеткер Құмарғали ақсақал Ақжолдықтарға алғыс батасын беріп, 75 жасқа келген шағында партияға кіргелі отырғанын хабарлады. А.Перуашев өңірде іргелі саналатын Қазақстандағы тұңғыш жүк көліктерін құрастырушы «Камаз-инженеринг» компаниясы мен полипропилен қапшықтар шығаратын өндіріс орындарын аралады. Өнімдерінің 30 пайызы экспортқа бағытталған Новопэк кәсіпорнына өрт сөндіру қызметінің салған айыппұлдың көптігі соншалық – жабылып қалудың аз алдында тұр екен. Мекеме басшылары бұл мәселені мәжіліс деңгейінде көтеруді сұранды. Мәжіліс депутаттары Зеренді ауданының шаруаларымен кездесті. «Ақ жол» демократиялық партиясы белсенділерінің Ақмола облысындағы бір күндік жұмыс сапары ауқымды мәселелерді шешуге арналды. Жасұлан ЛЕСБЕКҰЛЫ Ақмола облысы