"Қазақтың үні" естіле бергей еліме!

SONY DSCҚазіргі ақпараттар тасқыны алапат заманда, алмағайып, аласапыран уақытта жас ұрпақтың санасын сан түрлі, сан-сапалақ, жат пиғылды арзанқол газеттер өз ұйығына еріксіз шым-шымдап тартқан тұста "Қазақ үні" іспетті салиқалы, сыр-сымбаты келіскен, өз оқырманының ойынан шыққан зиялы басылымның өз халқына адал қызмет жасап жатқанына шын көңілмен қуанамын! Бұл басылымды тай кезінен жаратып, үлкен аламан бәйгеге қосқан, өр өлеңімен, жауһар жырымен қазақтың поэзия әлемінде өзінің өрнекті ізін айшықтаған белгілі ақын, салиқалы саясаткер, "Қазақ үні" апталығының Бас директоры Қазыбек Иса мен оның майталман журналистерінің шығармашылығына сәт-сапар тілеймін! Айына 100 мың оқырманға жол тартатын "Қазақ үні" апталығының еліміз бен шетел жаңалықтарын сыртынан сипап-қалқымай, тереңдетіп-толғап жазатыны қуантады. Әсіресе, салмақты сұхбаттарға танымал тұлғаларды тартатыны, сондай-ақ, "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында мәселелерді жеріне жеткізіп, жарқырата көрсететін "Тарих толқынында" атты айдарларда ұлтымыздың тарихы, археологиясы, әдет-ғұрпы мен салт-санасы турасындағы дүниелерді айрықша рухпен тұщынып оқимыз. Өзім суретші әрі сазгер болғандықтан, музыка, бейнелеу өнері жайындағы құнды мақалаларды да қызығып-құмарта іздеймін. "Қазақ үні" газеті – бүгінгі таңда ұлтымыздың миы, құлағы, көзі һәм дуалы сөзіне айналған бірден-бір басылым. Қазақтың мұң-зарын, қуанышы мен жетістігін, экономикасы мен саясатын, сан-салалы күрмеулі мәселелерін мейлінше ашық та айқын, барынша батыл да тура толғайтын газеттің алдағы уақытта да үлкен биіктерге шыға беруіне тілектеспін!   Толағай тарлан тартып туады тегіне, Ұлтының ұлық самғайды ұлы көгіне "Қазағым" десе, "жазамын деген жалықпай", "Қазақтың үні" естіле бергей еліме!  

Суретші, сазгер: Ерсайын ЖАПАҚ