Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығы аталып өтті

  imanjusip 2 Халық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойы ауқымды түрде аталып өтті. Айтулы шара Ақсу қаласында, Иманжүсіп Құтпанұлының атындағы спорт сарайында салтанатты түрде асқақ рухты күрескердің мүсінін ашудан бастау алды. Мүсінді ашу құрметі облыс әкімі Ерлан Арын мен ақынның немересі, философия ғылымының докторы, профессор  Раушан Көшеноваға берілді. Бұдан кейін торқалы той ақынның туған жері Құркөл ауылында жалғасын тапты. Шараның шымылдығы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының Иманжүсіп Құтпанұлының өмірінен алынған сахна қойылымымен ашылды. Жиналған жұртшылықты барша қазақ жеріне ортақ тоймен облыс әкімі Ерлан Арын құттықтады.     - Жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, палуан атанған  Иманжүсіп Құтпанұлы - Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші.  Оның әндері халық әндерімен өте үндес әрі тамырлас. Бүгін Ақсу қаласында ашылып отырған ескерткіш - өскелең ұрпақ үшін зор мақтаныш болмақ, - деп облыс басшысы Иманжүсіп Құтпанұлының мұрасын зерттеушілерді “Павлодар облысына 75 жыл” медалімен және алғысхаттармен марапаттады. Мұндай сый-құрметке Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай,  «Мирас» қорының төрағасы Мұхит Смаилов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы  Жұмабай Шаштайұлы, халық ақыны, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстазы Аманжол  Әлтаев, «Шоқан жолы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Кошенова, қоғам қайраткері, ақын Шаяхметов Қаршыға және тағы басқалар ие болды. imanjusip  Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай және «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы ізгі тілектерін білдіріп, Иманжүсіп Құтпанұлының өнегелі өмірі жайлы айтып өтті. Мерейтойдың қонағы, халық ақыны, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстазы  Аманжол Әлтаев ақынға арнау өлеңін оқыды. Аталы сөздің астарын бағамдаған, өлең-жырдың асыл маржанын терген, облыстық, республикалық сайыстарда топ жарған 17 ақын бақ сынап, екі күнге созылған облыстық айтыстың нәтижесінде Павлодар қаласының майталманы Қуаныш Шарман жүзден жүйрік танылып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Өткен тарихқа тағзым ету – бүгінгі ұрпақ парызы. Осындай тағылымы мол рухани шараға жиналған көпшілік республикалық дәстүрлі әндер байқауы жеңімпаздарының гала-концерті мен Кереку-Баян өңірінен шыққан талантты композитор, ақындардың әндерінен құралған мерекелік концертті тамашалап, теңге алу, қызқуу ойындары мен тойдың басты ұлттық ойыны аламан бәйгесіне жанкүйер болды.

Мейрамбек Қызыр,

www.qazaquni.kz