Әлжуаз заң мен құзыретсіз басқарма қазақ тіліне тірек бола ала ма?

Астана. 12 шілде. Baq.kz – Ана тіліміздің биік мін­берлер мен үлкен жиындарда есіктен сығалап, «өгей бала­ның» күйін кешіп жүргені аздай, көшелердегі меке­ме­лердің маңдайшалары, көше атаулары мен жарнамаларда да ана тіліміздің «сақау тілге» айналып жүргені жасырын емес. Дәл жанында орыс тілінде қатесіз, анық, дәл аудармасымен берілген сөздің қазақ тіліне келгенде ақсап шыға келетіні түсініксіз. Осы олқылықпен күресу мақсатында Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқарма­сының мамандары қала бойынша рейд ұйымдас­ты­руды қолға алды.  
Қаланың орталық көшелеріндегі көр­не­кі ақпараттар мен жарнамалардың мем­ле­кеттік тілдегі мәтіндеріндегі қателерді тек­серу мақсатында кезекті рейд Алматы қа­ласының Бостандық ауданында ұйым­дастырылды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19-21 баптарына сәй­кес, көшедегі көрнекі ақпараттар мен жар­намаларда қазақ тіліндегі мәтін жо­ға­рыда, орыс тіліндегі мәтін төменде ор­на­ласуы керек болса да, керісінше, орыс тіліне төр­ден орын беріліп, мемлекеттік тілдегі мә­тін төменгі бөліктен орын тепкен. Сон­дай-ақ аталмыш заңның талаптары бо­йынша ақпарат қазақ және орыс тілдерінде қа­тар берілуі керек болса да, көшедегі кей­бір жарнамаларда қазақ тіліндегі мәтінді бе­руді мүлдем «ұмытып», тек орыс тілін­де­гі нұс­қасы ғана жазылған. Тіпті көшенің кейбір жерлерінде ағылшын тілінде ғана жазылған жарнамалар да кездесіп қалды. Бәрін қойшы, орыс тілінде үлкен шриф­т­тер­мен жазылатын көрнекі ақпараттардың қа­зақ тіліне келгенде неліктен кішірейіп ке­тетіні де түсініксіз. Айта берсек, мем­ле­кет­тік тілдегі мәтіндерде мың қате бар. Аттап басқан сайын ана тілімізде кез­дес­кен сорақы қателерді Бостандық ау­да­ны­на қарасты Қарқара сауда орталығынан да көп кездестірдік. Алайда сауда орнын ара­лай бастағаннан сауда үйінің қыз­мет­керлері келіп, бұл аймақты бо­са­туы­мыз­ды та­лап етіп, рейдке қатысушы құ­зырлы орын өкілдері мен журналистерді әрі қарай жүргізбей қойды. Өздерінің кі­нә­сін де сезінбестен ұзақ уақыт есіктің ал­дына иіріп қойған сауда орталығының бас­шы­лары ақырында есіктен мойындарын көр­сетіп қана «қателіктерін алдағы уақытта жөн­дейтіндерін» жеткізді. Алматы қалалық Тіл­дерді дамыту, мұрағаттар және құ­жат­тама басқармасының өкілдері де оларға ес­керту беріп қана шектелді. Тиісті дең­гей­де талап пен тәртіп болмаған жерде тілдің құ­қын бұзушылардың да жауапкершілікті сезінбесі белгілі. Әйтсе де қадағалаушы органның басшылары «біздің мақсатымыз – оларды жазалау емес, ескерту беру» дегенінен танбады. Мамай АХЕТОВ, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы: – Біздің мақсатымыз – біреуді жа­за­­лау, үркітіп, қорқыту емес, басқа­лар­дың көр­некі ақпаратты, жарнаманы дұ­рыс жа­зуына көмектесу, ескерту бере оты­­рып дұрыстату, неліктен осындай қате­лер кетіп жатқанының астарына үңілу. Биыл­ғы жылы күшіне енген «Оно­мас­ти­ка туралы» Заңы бойынша жер­гілікті бас­қару органдарына қатесі бар ақ­па­раттардың иелеріне ескерту бе­руге құ­қық берілді. Ал осы уақытқа дейін біз­дің оларды жазуларын «қате» деп ба­рып нұқып көрсетуге де құзы­ре­тіміз бол­маған еді. Қазір осы өзімізге бе­­рілген құзыретті пайдаланып, жыл ба­сынан бері рейд ұйымдастыруды қол­ға алдық. Ал биылғы жылы жалпы 300-ден аса қате жарнама та­был­ды. Бақылаушы органның өкілдері бүгінгі кү­ні осы заңға да шүкіршілік етіп отырған жа­йы бар. Айта кетер жайт, егер Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама бас­қар­масы тарапынан бірнеше рет ескерту бе­рілсе де, жарымжан жарнамалар мен көше атауларындағы, көрнекі ақпарат тақталарындағы қателер жөнделмесе, 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал үлкен компанияларға 50 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде айыппұл салу көз­дел­ген. Алайда көше сайын мемлекеттік тіл­дегі мәтіндерде талай қате кездесіп жатса да, жыл басынан бері бірде-бір мекемеге айып­пұл салынбапты. Мамай Ахетов мыр­задан айыппұл салынған мекемелердің ста­тистикасын сұрағанымызда, ешқандай ме­кемеге айыппұл салынбағанын жа­сыр­мады. Заң бойынша айыппұл салуға құ­зы­реті бар бола тұра мұндай шара қолданыл­ма­ғанына таңғалдық. Өйткені ме­­ке­мелердің құр ескертуге пысқырмасы бел­гілі. Соның дәлелі әлі күнге көшелерден түс­пей тұрған қате жарнамалар мен маң­дайшадағы қатеге толы ақпараттар. Осы орайда айта кетер жайт, тіл полициясын ен­гізбейінше, мекемелер айыппұл түгіл, тиіс­ті орындардың ескертуін де елеместен, тек­серушілерге пысқырып қарамастан, тіп­ті тиісті құзырлы орын өкілдерін та­бал­ды­ры­ғынан да аттатпайтынына көзіміз жет­кендей болды. Тіпті әшейінде сатып алу­шылар ағылып кіріп шыға беретін Қар­қара сауда орталығына рейдке шық­қан­дарды кіргізбей қоюынан біз осыны ұқтық. Сондықтан ең болмаса қазақ тіліне қы­рын қараушылық тыйылғанша, тіл поли­ция­сы жұ­мыс істесе қазақ тілінің құқының тап­та­луын тыйған болар едік. Айтпақшы, Тілдерді дамыту, мұра­ғат­тар және құжаттама басқармасы ескерту бер­геннен кейін мекемелер бір жылдың ішін­де қате жарнамасы мен маң­дай­ша­сын­дағы қате жазуларды, көрнекі ақпа­рат­тарды түзетуге тиіс екен. Ал бір жылға дейін оны талай адам көріп, мемлекеттік тілдің құқы тапталып тұра бермек. Бауыржан АБДУЛЛАЕВ, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы: – Бір ескерту берілгеннен кейін бір жыл­ға дейін олар қатені жөндеуі керек. Жөнделмесе ғана айыппұл саламыз. Мұ­ның өзіне шүкір дейміз. Өйткені бұ­ған дейін жарнама иелеріне шара қол­дану туралы да заң болмаған. Бір жыл – әрине, ұзақ мерзім. Бірақ заң бол­ғаннан кейін заңның аясынан шығып кете алмаймыз. Мамандар «заң шеңберінен шыға ал­май­мыз» дейді. Ал тіл жанашырлары заң­ды қатайтпайынша, қазақ тілінің құқы таптала беретінін айтады. Әлім АМАНЖАНОВ, тіл жанашыры: – Біз көшеден қате жарнама көрсек оған жай нәрсе ретінде қарамай, ана ті­­лі­міздің, ұлттың тілінің құқы аяқасты бо­лып жа­тыр деп қарауымыз керек. Ре­сейде орыс тілінде бір сөз қате жазылса, кез келген орыс азаматы бір сөз үшін кү­ресіп, тілінің жо­лында жанын беруге бар. Ал бізде қазақ ті­лінің қате жа­зылғанына көзіміз, етіміз үй­ре­ніп бара жат­қаны соншалық – ешкім на­ра­зы­лығын білдірмей жүре береді. Қате жар­­нама да жыл бойына түзелмей тұра бе­­реді. Егер қазақ тілін қате жаз­ғандарға ау­қымды айыппұл салатын бол­сақ, ешбір ме­кеме қате жібермес еді. Басқа-басқа, тіл мә­селесіне келген­де неге төмен­шік­тейтініміз түсініксіз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арт­тырып, құқығының бұзылмауын талап ететін заңның әлі де болса қауқарсыз болуы қынжылтады. Тілдің құқына қатысты рейдтен біз осыны түсіндік.   Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ 
Алаш айнасы