Қауымдастық қазаққа қалқан ба?

ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚАЗАҚҚА ҚАЛҚАН БА?  Қауымдастық өкілі Ботакөз Уатқанға айтар уәж Жақында Халықаралық «Қазақстан-Zaman” газетін оқып отырып, «Жат елдердегі 5 миллион бауыр атажұртқа оралуы тиіс!» деген мақалаға көзім түсті. Мақала дөңгелек үстел түрінде беріліпті. Шеттен келген қазақ болмасам да, алыстағы ағайынға алаңдап жүретін қызуқанды қазақтың бірі едім. Елеңдей оқып шықтым. Жақсы ой-пікірлер ортаға салынған. Дөңгелек үстел «Республикалық Отандас-ел» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Қайрат Байтолла мырзаның Елбасына ашына жазған ашық хатымен басталыпты. Бүкіл ой осы ашық хат негізінде өрбіген екен. Жиналысқа қатысушылардың түрлі ой-пікірлері адамды толғандырады. Өрелі ой санамызды алға жетеледі. Дегенмен де, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Ботакөз ханымның пікірлеріне көңілім толмады. Ол кісі, тіпті, оралмандардың өзіне қарсы қойылған адам ретінде көрінді. Мұнысы қалай? Кеше ғана осы білдей мекемені басқарып отырған Талғат Мамашев министрлік өкілдерінің, шетелден келген қазақтардың, журналистердің көзінше жаутаңкөз ағайынға: «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер. Жөні жоқ есіріп, құтырмаңдар!» — деп дүрсе қоя беріп еді. Бұл — жер бетіндегі қазақтың басын қосып, бір шаңырақтың астына жинауға шақырған президент Назарбаевтың өзі төрағалық ететін ұйымның бірінші орынбасарының сөзі болғандықтан жағасы бары жағасын, жағасы жоғы кеңірдегін ұстаған болатын. Кейіннен Т.Мамашев оралмандардан кешірім сұрағансып: «Негізінде, бұл сөзімді Рахым, Ауыт деген оралман жігіттерге қаратып айтып едім» дегені де бар. Ізінше еліне танылған белгілі жазушы Жәди Шәкенұлын да қаралауға барды. Мамашевтің осындай ойсыз айтылған сөздері мен қазақ көшіне қамқорсыған болып үкімет ақшасын жымқырып жатқаны жайлы талай айқай-шу болған-ды. Десе де, осы маңғаз басшы орынтағында әлі жалпиып отыр. Көш тоқтады. Кінәлі кім? Халық әлі де болса мәселенің мәніне жете алмай аң-таң. Енді міне, Көші-қон комитеті бұрынғы орнына қайта келсе, тоқтаған көш жалғана ма деп үміттене бастағанда, алдымыздан Ботакөз ханым көлденеңдеп шықты. Бір өзі Сыртқы істер, Ішкі істер сынды барлық органның жауаптысындай кесек сөздерге барыпты. Аталған дөңгелек үстелде Ботакөз: «Қытайдың Үрімжі қаласындағы Қазақстанның визалық тәртіп бөлімі қазақтарға кезексіз виза ашуды жолға қойса, дегенге айтарым, бұл мәселе бойынша Үкіметке 10 рет хат жаздық, соның нәтижесінде оның басшысы 4 рет ауысты. Соның өзінде небары 3-ақ адам қызмет етеді. Аптасына миллиард қытай мен бүкіл қазаққа олардың шамасы жетпейді. Жәй визалық паспорттық жұмыс деп ашылған. Бұл — біздің Үкіметтің дәрменсіздігі. Үрімжіде өзінің консулдығын аша алмай отыр. Шанхай, Гуанчжоуда консулдық бар, бірақ, онда қазақ жоқ» деген пікір білдіріпті. Бір қарағанда, келісуге болады. Дегенмен де, Ботакөз бұл арада өзінің Н.Назарбаев төрағалығындағы құзырлы орган атынан сөйлеп отырғанын мүлдеп ұмытып, жеке басының ғана ойын білдірген екен. Әрі өзі жұмыс атқарып отырған ұйымның және ҚР Үкіметінің дәрменсіздігін ашық мойындаған. Ал, осындай дәрменсіздік тұрған жерде жоғары-төменге көпір болатын қауқарсыз қауымдастықтың қандай қажеті бар, қаңтарылған қазақ көші қалай қозғалады?! Тіпті, өздерінің қайта-қайта жазған хаты арқылы елшілік қызметкерін ауыс­тырғанын айтыпты. Сөзі жоға­рыда желге, төменде селге кетіп отырған ұйымның «мұндай ерекше құқығын» кім берді? Тіпті, солай болған күнде де, бақандай 20 жылда 10 хат жаздық дегені ұят емес пе! Ел тағдырының күрмеуі күр­делі түйіндері шешілгенше, күнде қоңыраулатса да, аз емес қой. Ал, осын­дай ірі мәселелермен Мамашев қай құзырлы органның босағасын тоздырыпты? Жеке бастық әуреден қашып ернінің ұшы­мен Ботакөзге жазғызған хат қанша қандасымыздың тағдырын шеше алады? Содан кейінгі өтініш-талаптарға орай Б.Уатқан: «6-16 жасқа дейінгі, оқу жасындағы балаларды ата-анасына тіркеуді қалпына келтірсе дегенге Қытайдың ішкі ісіне Қазақстан кірісе алмайды. Ол сол жақтың тәртібімен жүреді. Оны Қытайдағы қазақтар өздері шешуі керек», — деп кесімді жауап береді. Шын мәнінде, бұл мәселе жайында кезінде ҚР тарапынан Қытайдың Сыртқы істеріне қарата өтініш болып, олардың: «Кетемін деген қазақтың жолындағы барлық кедергілер алынып тасталады», — деген сөзін де, ақпарат құралдары арқылы естігенбіз. Ал, мына ханым Сыртқы істер министрі орнына жауап береді. Осыған жалғас жауаптарын ол тағы: «Қытайдағы қандастарымыздың балалары мектептерде қоғамдық пәндерді қазақ тілінде оқыса, ал, жаратылыстық пәндерді қытай тілінде оқытса да, бола береді. Қазақстанның «сендер балаларды қазақша оқытыңдар» деп айтуға құқығы жоқ. Екі ел бір-бірінің «ішкі саясатына қол сұқпайды» деген халықаралық конфессиясы бар. Мұны да сондағы қазақтар көтеруі қажет» деп, өзі «әтпуш» деп түшкіріп, өзі «бер тәңірін» айтады. Қазақстан-Қытай арасында қандастарды көшіріп алуға қатысты мемлекетаралық келісім-шарттың жоқтығын бәріміз де жақсы білеміз. Дегенмен де, үкіметаралық, министрлікаралық бейресми кездесулерде шешіліп жататын мәселелер қаншама. Ендеше, «Ойбай, Қытайға олай деп айтуға болмайды, былай деп айтуға болмайды» дейтіндей Ботакөз ханымға қандай құқықтар беріліп еді?! «Жер бетіндегі қазақтың жалғыз ғана отаны бар, ол – Қазақстан!» деп Елбасымыз талай айтып еді ғой. Жалғыз отанына жаутаңдап мейір күткен қазаққа «өз мәселеңді өзің шеш!» дейтіндей біз кімбіз?! Егер олардың мәселесін Қытай тарапы шешіп берсе, бізге жүгініп несі бар? Бұл тіпті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілінің аузынан шығатын сөз емес қой! Б.Уатқан одан ары: «Қытайдың Шыңжаң өлкесі Үрімжі қаласынан «Қазақстан мәдениет орталығы» құрылса. Ол жақта Шыңжаң тіл, мәдениет, ғылыми орталығы бар. Тек оның басшылары Қытай партиясы басшыларының тапсырмасын орындап отырғандықтан, өздері ештеңе шеше алмайды» деген екі ұшты жауап береді. Халықаралық «Кенесары қоғамдық қорының» жұмыс­тарына байланысты шеттегі ағайынмен жиі байланысамын. Бірақ, Қытайдағы Үрімжі қаласынан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәдениет орталығын таба алмадым. Анда-санда Қытайдан бірер азаматты тойға шақырып, тойдырып: «сіз біздің сондағы өкілімізсіз» деп «ат мінгізіп, шапан жауып» қайтарады екен. Хатта айтылған «Қазақстан мәдениет орталығын» Ботакөз ханымның мүлде қате түсінгені көрініп-ақ тұр. Ал, Еуропадағы қазақтарға хабарлассам, олардың да өкпесі қара қазандай: «Мамашев орнында әлі отыр ма, оны неге алып тастамайсыздар!?» деп, өзіме сұрақ қояды. Ал, ондағы «мәдениет орталығы» дегендерге еш іс тындырмаса да, өз айтқандарын орындайтын «мақұлбайларды» қойыпты. Қауымдастыққа ең керектісі олардың қолынан мөрленіп берілетін әртүрлі анықтамалар екен. Анығын айтқанда, аталған ұйымның үкіметтен тендер арқылы алған ақшасын жабу және «әр түрлі газет-журнал, кітап алдық» деген жалған мазмұндағы анықтамалар. Олар жиналып «Қауымдастық еңбегі» ретінде Ақпарат және мәдениет министрлігіне ұсынылады екен. Осы арада айта кету керек, Қауымдастықтың негізгі міндеті — шетелдерде тұратын қазақтармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес саласында байланыс жасау. Күнделікті жұмысында Қазақстан Республикасының шетелдермен мәдени-рухани, оқу-білім және экономикалық салада жасалған келісімшарттарды, басқа да халықаралық құжаттар мен актілерді басшылыққа ала отырып, сыртта жүрген қандас­тарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінің барлық салаларына қатысты ірілі-ұсақты мәселелердің бәрімен тұрақты шұғылдануға тиіс. Сондай-ақ, республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу де Қауымдастық қызметінің бір саласы болып есептеледі. Тарихи отанына көшіп келген оралмандарға әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, шетел­­дердегі қазақтардың мәде­ни орта­лықтарымен тығыз бай­ланыс орнатып, бірлескен бағдар­ламаларды жүзеге асыру — олар­дың жарғысында көрсетіл­ген айқын міндеттері. Әрі Қазақ­стан Республикасының және шетелдердің мемлекеттік мекемелерімен, қоғамдық ұйым­дарымен, мәдени-ғылыми орта­лық­тарымен байланыс жасауға құқылы. Олар осының бәрін жақсы біледі. Жоғарғы жаққа да: «Біз ананы тындырып жатырмыз, мынаны тындырып жатырмыз» деп жалған мәліметтер береді екен. 2000 данамен шығардық деген кітаптарының өзінің небәрі 500 данамен шығатындығын сонда жұмыс атқарған азаматтар БАҚ-та ашық жазған еді. Ал, Мамашев мырзаның сұхбаттан қашып, жиналысқа Ботакөз ханымды жібере салуынан көп нәрсені аңғарғандаймыз. Ботакөз ханым ендігі жауаптарында тағы да «шешендік» танытқандай. Ол былай дейді: «Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшысы сойсын» деген аталы сөз бар, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары сөзсіз елге оралған жас, тәжірибелі, батыл, зиялы азаматтардан болуы керек деп білеміз дегенге айтарым, менің ойымша, оралманды ешкім де керек қылмайды. Сөзі өтетін, өзін тыңдата алатын, оны қолдайтын беделді жергілікті азамат отырған дұрыс. Оралмандар ашып алған бірлестіктер көп. Біз тендерге қатыссақ, оны бізге бермейді. Оралман оны алып жүре алмайды» деуі тіпті ұят. Негізінде, бұл талап-тілек­терді қоюшы «оралман» деп оралман өкілінен шыққан азаматтар мен азаматшаларды меңзейді. Ал, Ботакөз кешегі күні өзінің де сол қауымның өкілі екенін мүлдем ұмытыпты. Б.Уатқанның ойынша, оралман аталған қандас­тарымыздың қолынан ештеңе келмейді, жергілікті орын, органдар да оларды көзге ілмейді екен. Біздің «Бар қазақ – бір қазақ» ұғымымыз қайда қалды?! Өз төркі­нін өзі жамандаған қыздай ха­нымның шеттен оралған шерлі қазақты жамандаған Қауым­дастық өкілінің мына сөзін қалай түсінуге болады? Бүгінгі таңда кешегі сол оралман қауы­мының шекпенінен шық­қан қаншама ғылым докторы, кандидаты, ақын-жазушы, басқа да өнер жұлдыздары мен жоғары мамандық иелері ұлт үшін ұлағатты еңбектер етіп жатыр. Алыстағы ағайынның оралуы біздің заттық, рухани күйімізге қатарынан мол қазына болып қосылған жоқ па!? Бұл арада аталған ханым оралманды кінәлаймын деп өзі отырған мекеменің оралманға деген көзқарасын ашық білдіріп отыр. Әрі биліктің оралмандарды адам құрлы көрмейтінін де ашық білідіріп алған. Тіпті, Т. Мамашевке «шаң жуытқысы» келмей, «осы орнында отыра берсе, мен де жылы орнымды суытпасам» деген пендешілік ойынан да хабар береді. Жоғарыдағыдай келеңсіздіктерден кейін, осындай құзырлы мекеме басқаруындағы алыстан оралғысы келген немесе оралған ағайынның жағдайы не болады дегенді ойласаңыз, көңіліңіз бұзылады. Елбасы сеніп жұмыс тапсырған, алыстағы ағайынмен рухани байланысты тереңдетіп, мемлекеттік мекемелерге тікелей ықпал етеді деген құзырлы органның жылан жылғы жаңалығы, міне, осындай. Қазақ баласы қайда жүрсе де, өзінің отанынан, бізден медеу, үміт күтеді. Ал, біз сол үмітті ақтай алып жатырмыз ба?! Жаныма келген қандас бауырым қабырғасы қайысып, алыста жылап қалған аға-бауырының ауыр тағдырын айтып мұңайып отырса, менің кеңірдегімнен қалай ас өтеді?! Алыстағы атажұртын аңсаған бауырларға мейірлі болғанымыз жөн шығар. Бұл менің ғана емес, қанында қазақы қасиет сақталған барлық қаракөз қандастарымыздың өтініші. Мұхтархан Абаған, «Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры,қоғам қайраткері