Қазақ болу үшін азап көру керек пе?

Парламент пен Үкімет назарына! ҚАЗАҚ БОЛУ ҮШН, АЗАП КӨРУ КЕРЕК ПЕ? Тәуелсіздік алып, Қазақ­станның көк туы көкке желбірегелі 20 жылдан асса да, түрлі себептермен тегін қазақшалай алмай жүр­гендер аз емес. Оның басты себебі – қарапайым ха­лықтың қажеттіліктерін өтеуге көмектеспек түгілі, қасақана кедергі келті­ретін шенеуніктердің бюро­кратиялық тоңмойын­дығы.  Сондай кедергілерге тап болып, өз басымнан өткерген жайтты тәптіштеп әңгімелеп берейін. Біраз жылдан бері тегімді қазақшалауға мойын жар бермей жүр еді. Осы шаруаға былтыр тамыз айында кірісіп-ақ кеттім. Бірақ, күні бүгінге дейін бір мекемеден бір мекемеге жүгіріп жүргеніме жарты жылдан асса да, жүгіртіп қойған тоңмойын бюрократтардың «әләуләйі» әлі бітер емес. «Ана жерден анықтама», «мына жерден анықтама» ... түбі көрінетін түрі жоқ!.. Алдымен облыс орталығы Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадион маңында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бардым. Олар Әділет басқармасына жұмсады. Әділет басқармасы туған жерімнен туу туралы куәлікті алып келуді сұрады. Төлеби ауданына барып, өтініш берген едім, олар бір аптадан соң, дайын болатынын айтты. Айтылған уақытта барып алып келіп, Шымкент қалалық Әділет басқармасының АХАЖ бөліміне өтініш жаздым. 2 фотосуретімді сұрады, оны да апарып тапсырдым. Сөйтіп жүргенде, тағы бір жыл артта қалды. 2013 жылы 20 ақпанда АХАЖ бөлімінің меңгерушісі телефоныма хабарласып, «Құжатыңыз дайын болды, Халық банкіне 3462 теңге төлеп, түбіртегін алып келесіз де, құжатыңызды алып кетесіз», – деді. Айтылған со­­маны төлеп, жетіп барсам, дайын болғаны – жеке куәлік емес, бар болғаны тегімнің ауысқаны туралы куәлік екен. Енді олар туған жеріме қайта барып, туу туралы куәліктегі тегімді қазақшалап әкелуімді талап етті. Мен бұл жолы бас тарттым. «Аздаған сауаты бар мені осынша жүгірттіңіздер, ал, қарапайым халық не істейді?», – деп кейідім. «Онда біз поштамен жібереміз, біраз күн күтесіз», – деді, олар міз бақпастан. Наурыздың 20-нан кейін барсам, тағы бір төлем төлеу керек екен, сомасы 900 теңгедей, оны да төледім. Тегім қазақшаланған туу туралы куәлік келіпті, соны қолыма ұстатып жіберді. Содан баяғы ХҚКО-ға қайта бардым, сөйтсем, олар Әл-Фараби аудандық ХҚКО-ға баруым керектігін жеткізді. Бұның бәрі – 1996 жылы азаматтардың тегін ұлттық негізде жазуы туралы ҚР Президентінің жарлығы шықса-дағы болып жатқан азапты жорық. Әлі ескі жеке куәлікпен жүрмін. «Баяғы жартас – бір жартастың» кері. Көңілімде: «Мені жүгірткен бюрократтар, енді тегімнің ауысқаны жайлы туу туралы куәлік алып, бірақ, жеке куәлік алмағаным үшін айыппұл салып жүрмей ме?», – деген қорқыныш та жоқ емес. «Мен қарапайым мұғаліммін, жүгіре беруге қаражатым да аз, тіпті, төзімім де таусылды. Ал, зымырап өтіп жатқан уақыт туралы сөз қозғамай-ақ қояйын», – деймін күйінгеннен. Мәселе – шыққан шығында да емес, тоңмойын шенеуніктердің шырғалаңға салып қойға­нында. Сонда Халыққа қыз­мет көрсету орталығы халыққа сапалы қызмет көр­сете ме, жоқ, әлде құр босқа сандалтып қоя ма? Қазақ болуымыз үшін де азап көруіміз керек пе? Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, Шымкент қаласы