Өскемен көшелері қашан қазақшаланады?

Ел мен Елбасы  бағасына лайық Бердібек Сапарбаев

Өскемен көшелерін қашан қазақшалайды?

  Жуыр арада әкім атаулылар терлеп-тепшіп тындырған істері (өз пікірлері бойынша) халық алдында есеп беру науқанын өткізіп, арқаларын кеңге салып, үйреншікті үрейсіз қалпына қайта енді...   Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2012 жылы  қол жеткізген көрсеткіштері мен бағындырған межелері қомақты болғандықтан әкім атаулылардың арасында халық алдына ешбір алаңсыз шыққан жалғыз облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болды. Сан алуан сұрақтарға нақты дәлелдерімен, есеп жобаларыменен, кезекті жылда тындырылатын істердің тізбегіменен облыс әкімі Б.Сапарбаев ел көңілінен шықты. ШҚО әкімі Б.Сапарбаевтың 2012 жылдың қорытындысы бойынша Елбасы қолынан «Барыс» орденнің бірінші дәрежесін алған жалғыз облыс әкімі екені біз  үшін де мақтаныш. Әкім есебін тыңдап отырып, «Қазақ үні» газетінің сауалнамасы бойынша  2012 жылы «Жыл әкімі»  атанғаны өте орынды болған екен деп ойладық. Менің өзімнің жеке пікірім, «Ақ жол» партиясының мүшелері, Семейлік партия белсенділерінің пікірлеріне сүйенсек те,  басқа облыс әкімдеріне қарағанда Ел мен Елбасы  бағасына лайық Б.Сапарбаевты адамгершілігі мол, кісілігі мен кішіпейілділігіне іскерлігі сай деген берік ұғымдамыз. 26 ақпанда барлық саяси партиялар басшыларын, аздаған қоғамдық ұйымдарының басшыларын арнайы облыс әкімдігінде жинап, бастарымызды қосып, тағы да пікірлерімізді, ұсыныстарымызды, наразылықтарымызды айтуға мүмкіншілік беріп, әрқайсымызға көтерген мәселелеріміз бойынша жауап берген Б.Сапарбаевтың ашық пікір алмасудан ешқашан қашпайтын, қоғамшыл әкім екеніне тағы бір рет куә болып қайттық. Дегенмен, облыс әкімі қаншама озық болса да, ол робот та, миллиондаған операцияны атқаратын супер компьютер де емес. Семей қаласынан арнайы мені шақыртқаннан кейін (Өскемен қаласындағы облыстық «Ақ жол» партиясының филиалы өкілін шақыра салса да болар еді) үшінші болып сөзге шыққан мен  Б.Сапарбаевқа өткір сұрақтар қойып, кезек күттірмейтін ұсыныстарымды айттым. Оларды атап кетейін:
  1. Семей қаласында ашық аспан астында адамдар демалатын орындар мүлдем жоқ. Орталық саябақ, Ертістегі арал, өзен жағалауындағы т.б. әбден тозығы жеткен, күтімсіз, суарусыз болғандықтан адамдар ол жерге барса, демалудың орнына, тозғын  күйді көріп, күйзеліске ұшырайды. Семейде жылына 3-4 көп қабатты үй салынады, бала-бақшаға зәру адамдардың кезегі өте аз жылжиды. Адамдардың басты мәселелерін шешілмей  жатқандықтан, тым болмаса саябақтар ашып, түбегейлі жөндеуден өткізіп, ел-жұрттың қабағын ашып, көңілін көтеруге болады ғой. Бұған көп ақша кетпейді ғой, елдің алғысын аласыздар.
  2. Өскемен қаласындағы 702 көшенің оншақтысы ғана қазақша аталады. Біз, оның ішінде барлық тізгін мен мүмкіндік қолыңызда тұрған Сіз, Бердібек Мәшбекұлы, басқа ұлттарға қарағанда өзіңізді қазақ ұлтыменен сәйкестендіретін (иденфицируете) шығарсыз. Осы рас болса, неге әр жыл сайын 20-40 көшенің аты қазақшаға өзгертілмейді? Өзіңіз айтқандай ниет пен жігер болса, алынбайтын қамал жоқ емес пе?
  3. Қыркүйек айында «Ақ жол» партиясының Семейлік бөлімшесінің ұйымдастыруыменен және қалалық мәдениет бөлімінің көмегіменен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толу мерейтойына сәйкес 10 күн қатарынан сан алуан іс-шаралар өткіздік. Соңында 15-ші қыркүйекте орталық мешіттің қатымханасында «Ақ жол» партиясы атынан 50-ге тарта Алаш арыстарының есімдерін атап тұрып, қатым-құран түсірдік. Сіз бастаған облыс басшылығы, қала- аудан құрылымдарының әкімдері бірде-бір шара өткізген жоқ, ал біз өткізген шараларға ешбіреуіңіз бас сұққан жоқсыздар, осының себебі неде?
2017 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Біз бүкіл ел болып, ал Сіздер осыған мұрындық болып, жыл сайын, 2013 жылдан бастап, дайындық шараларын атқаруға міндеттіміз. Мысалы; Семейдің орталық саябағының ішінде 1919-1920 жылдары ақтар мен қызылдарға бөлініп қырқысқан кезде біразын сол жерде атып өлтірген. Осы жерге оларды қастерлеп, символ ретінде басына ескерткіш тақта орнатып, неше түрлі шаралар өткізіп, мәңгілік алау жағып мәре-сәре болып жататын. Қызыл империя күйреді, құрдымға кетті. Осыны енді өзгертіп, Алаш арыстарына арнап аллея ашу керек. Оны қалай істеу керек екені туралы Сізге ұсыныс беріп отырмын. Осыны 2013 жылы атқарса абзал болар еді. Қазақстанның мәдени-рухани орталығы саналатын Семей қаласында, халқының басым көпшілігі  қазақ бола тұра, Тәуелсіздігіміздің 20 жылында 70-ақ көше орысшадан қазақшаға алмастырылды. Барлық мөлтек аудандар 100 пайыз орысша аталады. Степной, Мирный, Юность, Восточный, Красный кордон, Бобровка т.б. Осылар неге өзгертілмейді? Осы мәселелер қашан шешілетінін нақты айтсаңыз.
  1. Шығыс Қазақстан облысы бойынша, оның ішінде Семей қаласындада биыл қар ерекше көп жауды. Бұл үрдіс жылда қайталанатын болса, қала көшелерін, алаңдарын аз және тозығы жеткен, қуаты төмен жол техникаларымен қардан аршып тазарту өте баяу, ұзаққа созылары анық. Осыны ескере отырып жаңа, қуатты техниканың бес-алтауын алып берсеңіз. Онымен қоса ауа райы кұрт жылынып кетсе, қала үлкен көлге айналары сөзсіз. Алдын ала дайындық шараларын жоспарлы түрде атқару үшін 50 млн. теңге қаржы бөлсеңіз. Семейдің бюджетінде ондай ақша жоқ.
  Жиын соңында облыс әкімі менің осы сұрақтарыма, ұсыныстарыма нақты жауап берді.  «Ореке, Сіздің ұсыныстарыңызды орынды және уақытында көтерілген мәселе деп түсінемін. Алаштың 100 жылдығына дайындық шараларын мықтап қолға аламыз. Көшелер, мөлтек аудандар, алаңдар атауларын қазақшаға ауыстыруды сақтықпен атқаруымыз керек. Сұрақ орынды, мәселе өзекті...» - деді. Бердібек мәшбекұлына рахмет, бірақ, соңғы мәселе бойынша әкім жауабына мен қанағаттана қоймағанымды жасыра алмаймын. 20 жылда 10-ға жетпейтін көшенің атауы қазақшаланған болса, 4 жыл әкім болған Б.Сапарбаевтың дәуірінде кемінде 40 көшенің аты қазақшаға өзгертілмесе, біздің рух қалай асқақтайды. Қорқа берсек, алдымыздағы келесі 20 жылда осылайша орыс атауларымен жүре беруіміз, көне беруіміз керек пе? Бұл туралы кезінде осыдан 3 жыл бұрын 2010 жылы «Жас қазақ үні» газетімізде басылым басшысы Қазыбек Исаның: «Өскемен қай елдің қаласы? 707 атаудың қазақшасы 2 пайыздай ғана...» атты http://www.qazaquni.kz/2883.html сараптау мақаласы жарық көрген болатын. Артынша бұл мақалаға үн қосқан А.Әшімұлы, Қ.Мырза Әлі, Т.Молдағалиев, Қ.Жұмәділов, Қ.Ысқақ, М.Шаханов, Д.Исабеков, Ұ.Есдәулетов, Д.Әшімхан, С.Тұрысбеков және т.б. ұлт зиялылары «Өскемен көшелерін қазақшалайтын кез жетті!» атты http://www.qazaquni.kz/2979.html  облыс әкімі Б.Сапарбаевқа ашық хат та жазған еді. Одан бергі 3-4 жылда әлі сең қозғалған жоқ. Ал бір өзгеріс күтіп алаңдаған шығыстықтар «егер Өскеменді Б.Сапарбаев қазақшаламаса, онда ешкім де қазақшалай алмайды»-деп, руханиятқа қамқор рухы биік қарымды қайраткер Бекеңнен әлі үміт күтіп жүргенін де айтуға тиіспіз.   Жиын соңында Президенттің жолдауындағы «Қазақстан – 2050» стратегиясын орындау жөнінде Меморандум қабылдап, қол қойдық. Осы арада  айта кететін бір жәйт, ол «Нұр Отан» партиясы барлық ұйымдастыруды, бас біріктіру шараларын билік партиясы ретінде өз қолына алу керек. Өкінішке орай Семей қаласында әлі күнге дейін не «Ақ жол», не «ЖСДП -Азат» партия басшыларына бірде бір не шақыру, не қоңырау шалу, не болмаса бас қосып шараларды талқылап жұмыс атқарайық деген тілек болмады. Ондай тілек бола қалған жағдайда, ел мүддесі үшін ақыл қосып, ат салысудан біз қашпаймыз.    

                                      Орынбек СӘРСЕНБИН,

Семейдегі «Ақ жол»

партиясы бөлімшесі