Блогшылар құрылтайы Шымкентте өтеді

  23-24 наурыз күндері Шымкент қаласында ІІІ Блогшылар құрылтайын өткізу жоспарлануда. Осыған байланысты, БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. «Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі жиында блогшылар мәселесі де көтерілген болатын. Онда мемлекет пен блогшылар қарым-қатынасын нығайту, бірлесіп жұмыс жасау, блогшыларға қолдау білдіру, беделді, ықпалды блогшылардың тізімін жасау керектігі айтылған болатын. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі 3-ші блогшылар құрылтайын қолдап, аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қажетті көмекті көрсететінін білдірді», - делінген бас­пасөз хабарламасында. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин арнайы қатыспақшы. «Сондықтан әкімдік, «Нұр Отан» партиясы және басқа да демеушілер, блогшылар бірігіп, үлкен игілікті шараны қолға алып отырмыз. Блогқұрылтайға Түркия, Англия, Қытай, т.б шет елдерден блогшылар келіп қатысады деп күтілуде. Ауқымды істі абыроймен өткізуге, журналистер, блогшылар барлығымыз атсалысуымыз керек» -деді баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли. «Блогшылар құрылтайы (BlogCamp) - дүние жүзіне кең таралған жаңа медиа өкілдерінің жиыны. BlogCamp қандай да бір коммерциялық пайда табуды көздемейді, саяси науқан да емес. Бұл интернеттегі прогресшіл ынталылардың пікір алмасу ортасы болып табылады», - деді блог құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі Данияр Албан. Қазақстандық аудитория­ға арналған бұл жиынның мақсаты - қазақ тілінде контент жасаушылармен, портал мен сайт иелерінің, жаңа өнімдерді ұсынушылардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету. Іс-шараға негізінен IТ мамандары, блогшылар, жаңа медиа технологияларымен айналысатын мамандар, журналис­тер, студенттер қатысады деп күтілуде. Бұған дейін Блогшылар құрылтайы Алматы, Астана қалаларында өткізілген болатын. Жыл сайын еліміздің әр қаласында Блогқұрылтай жиынын өткізу дәстүрге айналып отыр. «Шымкентте өтетін Блогқұ­рылтайға шамамен 250 адам қатысады деп жоспарлануда. Шараға шетелдегі қазақ блог­шылары да шақырылып отыр. Облыстық әкімшіліктің ұйытқы болуымен өтетін «Блогқұрылтай-2013» шара­сының 1-күні ОҚМУ ғимаратында өтеді, 2-ші күні Бір­көлік шатқалындағы «Бәй­шешек» лагерінде жалға­сады. Шара барысында жаңадан ашыл­ған сайттар мен старт-ап жобаларға негізгі серіктестердің бірі - «Билайн» компаниясы үш аталым бойынша ар­найы сыйақы дайындап отыр. Құрылтайда шығарма­шылық байқаулар, спорттық жарыстар өтеді. Үздік деп табылғандар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жиын қорытындысында жаңа жобаларды қолдаушылар табылып, қазақ тілінде блогтағы жазбалардың саны артады. «BlogCamp: Блогқұрылтай» жаңа медиа мамандарының бас қосып, тәжірибе алмасатын дәстүрлі кездесуіне ұласады, әрі жаңа медиаға қатысты ел ішіндегі жобаларды жүзеге асыруда бастамашыл топ болады», - делінген баспасөз хабарында. С.ӘУЕЛТАЙ