Осылай Жаңа жыл да өтті...

                  

     Қыстың көзі қырауда сарыарқаның сақылдаған сары аязы мен қақаған қарлы боранында түбіміз түрік болғанына қарамастан, түріктектес мемлекеттерден алабөтен, мүлдем басқа сарында әуендетуге құштар қазақтың еңбектеген сәбиінен еңкейген қариясына дейін тойлайтын осы бір Жаңа жыл мерекесі басқа елдерден ерекше, Қазақ елінде қараша айының басынан басталады. Астана мен Алматы қалаларында және басқа да облыс орталықтарының көшелерінде әрбір қадам басқан сайын Аяз ата мен Ақшақардың суреті, «Жаңа жылдарыңызбен», немесе  «С новым годом» деген құттықтаулар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетеді. Кейбір мекемелерде ол жазулар қаңтар айының аяғына дейін ілініп тұрады. Сол баяғы әдетімен биыл да 30-31 желтоқсан күндері Астана қаласының көшелерінде көлік кептелісі мен соғысып қалып жатқан көліктер көбеймесе азайған жоқ.

     Астанадағы барлық базарда ине шаншар орын жоқ, баға күндегі бағадан анағұрлым қымбат болғанына ешкім мән беріп те, қадағалап та жатқан жұмырбасты пенде жоқ. Базардан бес адам шықса, төртеуінің қолында торт пен шампанский, тап сол күні торт жемесе, шампанский ішпесе  болмайтын сияқты. Кез-келген сауда орталықтарында адам ығы-жығы. Бәрінің арманы – Жаңа жылды туған-туыстармен немесе достармен бірге өткізіп, көңіл көтеру.

Айтса да, айтпаса да белгілі нәрсе – біздің елде Жаңа жыл арақ-шарапсыз қарсы алынбайды. Осы күні миллиондаған шыршалар оталып, адамдар табиғат анаға айтарлықтай зиян келтіреді. Мұнымен қоймай, арақ ішіп көлікке отыру, әртүрлі жол апаттарының орын алуы, адам тонау, ұрыс-керістің аяғы талай отбасының шаңырағының шайқалуына әкеліп соғады. Түрлі тамақтар мен ащы суға кеткен шығын өз алдына. Дүкеннен қарызға алған азық-түлк те шаш етектен. Осылай бір күнге бола  даңғаза даңғыртпен есі кетіп еліріп, аузына келгенін лепіріп, өлген ата-бабасы тіріліп келгендей қуанып, салют атып туланып, көк қатындай долданып жүрген әлемде қазақтан басқа бірде-бір халық жоқ шығар сірә.

     Қазақстандағы барлық телеарналар Жаңа жылға байланысты жыл да әртүрлі бағдарламаларды көрсетуге екі ай бұрын дайындалады. Қыруар қаржы жұмсап, шетелден әнші бишілерді шақыртады. Орыстан көргенін істейді, «орыс ойына келгенін істейді, қазақ көргенін істейді» деген сөз осындайда айтылса керек. «Хабар» телеарнасын қосып қалсам, қасында жартылай жалаңаш қыздар, қолында гитарасы бар, дауысы Джордж Майклға ұқсаған ағылшын тілінде өлең айтып тұрған Елбасының кеңесшісі Ермұханбет Ертісбаевты көрдім. Астафуралла алаңсыз тынған екенбіз, о заманда бұ заман баяғы қазақтың Абылайханның кеңесшісі Бұқар жырау болса, қазір соның орнындағы Е. Ертісбаевтың сиқы осындай.  

     «Ел арнаға» ауыстырдым, ол да оңып тұрған жоқ екен, ХVII-ғасырдағы француздардың киімін киіп, басына парикты салақтатып, араларында өзге ұлт өкілдері көрінбеді, есінен ауысқан қазақтар не айтып, не қойып жүргендері түсініксіз, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Бір кезде ортаға жас әнші Айқын Төлепберген шығып ағылшын тілінде секіріп тұрып өлең айтты. «Ринго» тобы да ағылшынша ән шырқаудан қалысқан жоқ, өздерінше қатырдық деп ойлап жүрсе керек. Түк түсінсем бұйырмасын. Осы бағдарламаларды түсірген продюсер, елді ақымақ санай ма? Кім ойлап тапса да, дені сау адам ешнәрсе ұғып болмайды.

Бағдарламаның бағыт-бағдары нені меңзейді, мақсаты не? Түсіне алмадым. Телеарнаны көріп, тыңдап отырған адам біресе орысша, біресе қазақша, ағылшынша, французша әйтеуір әлемдегі бар тілде тыңдап, соңында есеңгіреп қалуы да мүмкін. Қарап отырып, қай елдің телеарнасы екенін түсінбей дал боласың.

     Оның орнына 22 Наурызды осылай дүркіретсе ғой шірікін! 22-Наурыз күні күн мен түн теңесіп, Жер-дүние жаңа түскен келіншектей құлпырып, табиғат ана қыстан құтылып, көкорай шалғын көк майса шөптің иісі аңқып, жан-жануар қайта түлеп, ірі қара мал шөпке тойып, құстар қайта оралып, туған-туыс бірін-бірі наурыз көжеге шақырып, мәре-сәре болып төс қағыстырып жататын нағыз қазақтың мерекесіне біздің билік неге немқұрайлы қарайды? Бұл жағы тағы түсініксіз...

     «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, осы телеарнадан не әнші, не жыршы, не биші деуге келмейтін әйтеуір бір экраннан көрініп, танымал болғысы келетін біреулер қолдарына бокалды алып, «Жаңа жыл құтты болсын», «С новым годом друзья» деп әнге ұқсамайтын бірдеңе айтып жатқанын естігенде, әскерде басынан соққы жеген ба деп қаласың. Осы «Ел арнадан» қазақтың бір әйелі «Новый год отмечают весь мир» деп қояды. Қайдағы бүкіл әлем... Себебі, төрткүл дүниеде қытай мен үндінің, араб пен жапонның, парсы мен кәрістің өз Жаңа жылы бар екендігін көкірек көзі ашық адамның бәрі біледі. Христиан дініндегі бүкіл Еуропа католик, Оңтүстік пен Солтүстік Америка протестант тармағына жататын кейбір солтүстік Африка елдері бәрін қоссаң, бір миллиардқа жақындайтын христиандар жаңа жылды Иссус Христостың туған күнін «Рождество» деп 25 желтоқсан күні дүрілдетіп тойлайды. Тек Ресейде ғана 1720 жылы  Петр Алексеевич (I-Петр) 25 желтоқсанды 31 желтоқсанға ауыстырып, жарлыққа қол қойды. Содан бері бұл тек орыс ұлтының Жаңа жыл мейрамы ретінде тойланып келеді. 300 жыл бойы бодан болған қазақ ұлтына әсері қатты болғандығы соншалықты, орыс не айтса, соны қағып алып қайталай беретін тоты құсқа ұқсап қалдық.

     Содан биыл да жылдағыдай 31 желтоқсан күні түнгі сағат 12-ден кейін үйдің ішіне даладағы салют естіліп тұрды, тап соғыс басталып кеткендей. Ауладағы көліктің бәрі қоңырауын шалып жатты. Көлігім қайта-қайта шырылдай берген соң, отырып алып, Астана қаласының көшелерін аралап көргім келді. Вокзалдан шыға беріп едім, «Дәулет» сауда үйінің жанында екі жігіт төбелесіп жатыр. Ажыратып жатқан ешкім көрінбейді. «Конгресс холлдың» алдында концерт болып жатыр екен. «Мегаға» қарама-қарсы мұздан жасалған қалашықты көріп тоқтадым. Бірде-бір өзге ұлт өкілдері көзіме көрінбеді, бәрі дерлік өзіміздің қаракөздер. Түнгі сағат 4-ке дейін сол жерде болдым, шаңғы тепкен жас балалардың санында есеп жоқ, жүре алмайтын кішкентай сәбилерімен бірге шуласып, сырғанақ теуіп жатқан қыз-келіншектер. Көлігінің алдына арақтарын ашып қойып кеселерін соғыстырып, «С новым годом брат ты меня уважаешь, я тебя уважаю» деп орыстың тілінде сандырақтап тентек суды сіміріп жатқан көкелерді көзім шалып қалды.

     Анадай жерде тұрған бір жігіт қолындағы таяқшасын жоғары қаратып салют атып төмен түсіре бергені сол-ақ еді, тарс етіп атылып кетті, қасынан өтіп бара жатқан 12-14 жасар бозбаланың көзіне тиіп, көзі ағып түсті. Әлгі бозбала ойбайлап шыңғырды да қалды. Жедел жәрдем мен ішкі істер қызметкерлері жетіп келді, адамдар тез жиналып қалды. Салют атам деп біреудің көзін шығарған жігіт осылайша полиция қызметкерлерінің қолына түсті.

Сырттай бақылап тұрып мен «Бәле қайда, аяқтың астында» деп атам қазақ осындайда айтқан екен ғой деп ойға шомдым. Көшедегі қазақтың Жаңа жылды күтіп алу сиқы осындай.        

     1970 жылдары біздің ауылда бір Мәуленбай деген кісі өмір сүріпті. Өзі таз, өзі ешкімді менсінбейтін танауы жалпиған, көзі сықсиған толық денелі болыпты. Әкімшілікте қарауыл қызметін істегенімен, айына жұмысқа он бес күн келсе, он бес түрлі галустук тағып жүреді. Әкімшіліктің алдында тұрып алып, шыртиып киініп, шіреніп жүретін көрінеді. Сөйлегенде кербезденіп, кекіріп тоқтап-тоқтап ойын жеткізеді екен. Жұрт болса, оны әкім деп ойлап қалады екен. Содан ел оны «Кім боларын білмеген Мәуленбай таз» атап кетіпті. Тап сол секілді қазіргі Қазақстанның саясатынан бастап мәдениет пен әдебиеті де әлгі Мәуленбай тазға ұқсап барады.

     Қаралы желтоқсанда қазақ жастарын қанға бөктірген Кеңес одағы құлап, Алаш арыстары аңсап күткен азаттыққа аяқ астынан тап болып, «жерден жеті қоян тапқандай» абдырап қалғанымыз рас. Тәуелсіздік кезеңінде жүріп, кеше ғана жеке адамға табынып, құлдық санада тұмшалап, адам құқығын аяққа таптаған коммунистік режімнің қайсыбір келеңсіздіктерін қайта кездесерміз деп ешкім ойламаған шығар сірә. Орталық Азия мемлекеттері шынайы демократиялық жолға түсіп кете алмады. Жеке басқа табыну, жаппай жарамсақтану, жалған сөз жаңа сорақы сипатта қайтадан бас көтерді. Мемлекет басшыларын баяғы көне дәуірдегідей құдайға, оның көлеңкесіне теңеу үрдісі пайда болды. Сөзім дәлелді болу үшін, түркімен ақыны Байрам Жұтдиевтің «Түркіменбашы –Құдай. Өйткені Құдай тағалам түркімен халқына Сапармұрат Ниязовтың көзімен, жүзімен қарауда» деген сөзі мен қазақ ақыны Рафаэль Ниязбековтың: «Алланың тоқсан тоғыз есімі бар, Бірі – Нұр, бірі – Сұлтан аталатын» деген жолдарының бір-бірінен айырмашылығы шамалы. Мұндай бағыттың елге де, елдің басшысына да абырой әпермесі белгілі. Өйткені тарихтан сабақ алмау – орға өз еркіңмен қайта құлау деген сөз. Билік алдымен жаппай жағымпаздықты тудырады, одан кейін жаппай жағымпаздық билікті тығырыққа тірейді.

     Осы Жаңа жыл мерекесін тойлаудың өзі қоғамдық құбылыс ретінде айналымға енген мәңгүрттену кесапатын бүгінгі өмірмен байланыстыру арқылы – оның өткен тарих емес бүгінгі шындық екенін мейлінше батыл айтқан жөн. Сонымен қатар, егеуқұйрықтарды өздеріне өздерін қырғызу секілді зымиян тәсілді қатар жасай отырып, осы үрдістің қазіргі уақытта қаншалықты қатерлі екенін де аңғартады. Тіл мен ойлау егіз құбылыс. Тіл арқылы адамдар мәдениет жасап, өркениетке қол жеткізеді, ұлт болып қалыптасады. Бүгінгі адамзат өркениетінің негізі – ұлттық мәдениеттер. Ендеше, ұлттың барлық құндылықтарының кілті тілде. «Ұлт анасы – тіл» екені де рас. Тілден айырылған адам тарихын да, мәдениетін де, дәстүрін де ұмытуы заңдылық.

     Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасының Парламентінде 107 депуттаттың 10-ғана мемлекеттік тілді жақсы меңгерген, қалғандарына керегі шамалы. Бұл – үлкен қасірет. Осы бір мәңгүрттену үрдісі жеке адам проблемасынан әрі асып, мемлекеттік деңгейге көтерілетін болса, онда оның ұлт үшін қаншалықты қасірет болатынын елестетудің өзі қиын.

 «Тура биде туған жоқ» демекші, бүгінгі рухани тығырықтан шығудың оңай болмасы анық.   

 

                                         Жұмамұрат  ШӘМШІ, тарих  ғылымдарының  кандидаты