Әкімдер мен полицейлер халықтың ашуын сынап жатыр ма?
«Сіз неге бізге арыз жазасыз?!..»
Ардагердің әңгімесі
...Бәрі де әдеттегідей әуелгіде әп-әдемі-ақ басталады. Шымкент қаласы әкімшілігіндегілерге Құрбан айт мейрамы құрметіне қаладағы әлеуметтік ахуалы нашар отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетсек деген жақсы ой келе қалады да, оны жүзеге асыру үшін тағы да әдеттегідей кәсіпкерлерді іске тартып, 6 тонна күнбағыс майы мен 600 қап ұн жиылады. Алғашқыда оны қалалық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті арқылы тарататын болған екен, аудан әкімшіліктері істі өз мойындарына алады. Әзірге бәрі дұрыс. Бірақ... Абай ауданы әкімшілігі ол май мен ұнды мұқтаж жандарға үлестіріп берудің орнына, бір дүкен арқылы саттырып, ақшаны қалтаға салғанды артық көреді. Дегенмен, әкімшілік халықтан қаншалықты алыс болғанымен аспандағы Айда емес, Жердегі адамдар арасында жұмыс істейтіндігі себепті бұл оқиғаны сол аудандағы Ынтымақ ауылының биі әрі Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы және «қалаға Бекет атаның есімін берейік» деген Жаңаөзеннің ақсақалдары тәрізді бүгінгі замандағы биліктің қолбаласына айналып қалған, «санда бар да, санатта жоқ» толып жатқан төрағалар секілді емес, нағыз халық жанашыры, ауыл тұрмақ көп аудан әкімінің де қолынан келе бермейтін жұмысты атқарып, сол ауылына тікелей өзі басшылық жасап жүріп, газды да, суды кіргізіп берген, көшелерге асфальт төсеттірген, 75-тен асса да 25-тегі жігіттерден белсенді, шын мәніндегі ел ақсақалы Есболат Әбуов малына кебек сатып алмақ болып жүргенде кездейсоқ құлағы шалып қалады. Және ел болғасын ауылдың бұл әңгімені құлағы шалып алған өзге де біраз тұрғыны әрі би, әрі төрағаға келмей ме? Сұрастырып жүріп, істің мән-жайына қаныққаннан кейін ауыл әкімшілігіне барса, олардың өзі бұл жайдан бейхабар болып шығады. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын аңдаған ақсақал арызын алып биылғы жылғы 15 қараша күні облыстық Экономикалық коррупция мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Серікбай Ерімбетов мырзаға кіреді.
– Ел арасында осындай келеңсіз әңгіме жүріп жатыр, анық-қанығына жетіп беріңіз, – дейді. Сондағы ақсақалдың алған жауабы мынау болады:
– Мен тергеуші болып істеген адаммын. Сіз неге арыз жазып келесіз?
Мәссаған! Екі тергеуші отыр, сөзді қағазға түсіріп тағы бір маман қыз отыр... Аң-таң болған ақсақал:
– Мынадай жайды елден естіп отырып, үндемей қалуға азамат деген менің атым бар емес пе, қалқам? Мен сені де ел қамын ойлаған, соны тікелей қорғайтын азамат деп келіп отырмын. Халық сенген әкімдердің түрі анау болса, Елбасымыздың «біздің ең үлкен жауымыз – коррупция» деп, соған қарсы күреске қойған сенің түрің мынау болса, бұл жердегі әңгіме осымен біткен екен. Президент айтудай айтқанмен, сендер ол кісінің саясатына қарсы жұмыс істейді екенсіңдер ғой,– деп шығып кетеді. Шығып кеткенімен, жауапты қашан алатынын біле кету үшін бастық дұшпан көзі етіп ұрсып жатқан тергеушінің бірінің шыққанын күтеді. Тергеуші он-он бес минуттан кейін шығады:
– Жауапты пошта арқылы хатпен аласыз. Ал, сіз арызыңызда айтылған жайға өзгеріс енгізесіз бе, енгізбейсіз бе, сол жөнінде түсініктеме беріп кетіңіз.
– Өзгертпеймін. Тек сен маған көшірмесін бер.
– Бізге сенбейсіз бе?
– Әрине, сенбеймін! Бүгінгіден кейін қалай сенуге болады сендерге?!
Түсініктеменің көшірмесін қолына алып алған ақсақал үйіне қайтады. Жарты айдай уақыт өткенде поштадан табақтай бандероль келеді.
– Алып қарасақ, қаржы полициясының жауабы екен, – дейді Есболат ақса-
қал. Бандероль үлкен болғанымен, ішіндегі хаты кішкентай. Міне, жауабы.
Облыстық департамент бастығының 1-орынбасары 24/11-2012 күні қол қойған №16/11-2-15056 жауап хат мәтіні төмендегідей:
«ОҚО ЭКСЖҚКД (Қаржы полициясы) сіздің Шымкент қаласы, Абай аудандық әкімшілік қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты жазған арызыңыз қаралды. Тексеру барысында арызда көрсетілген уәждеріңіз бойынша Шымкент қаласы әкімшілігінің жауапты тұлғаларынан түсініктемелер және ұн мен май таратылған әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының тізімі толығымен алынып, сіздің аталған тізімге кірмегеніңіз анықталып, толыққанды тексеру амалдары жүргізілді. Жоғарыдағылардың негізінде жинақталған іс құжаты бойынша Шымкент қаласы, Абай аудандық қызметкерлерінде қылмыс белгісі жоқ болуына байланысты ҚР ҚІЖК-нің 37-бабының 1-бөлімінің 2-тармағының негізінде қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды.
Осы қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда қадағалаушы прокуратураға шағымдануға құқылы екеніңізді хабарлаймын.
Облыстық департамент бастығының 1-орынбасары Б.Отыншиев»
– Шырағым-ау, өзің қарашы, – дейді қария күйініп. – Мынау полицияның бастықтары менің арыма тиіп отыр ғой! Мен оларға әлеуметтік әл-аухаты нашар отбасылар тізіміне мені неге кіргізбейді деп арыз жазғаным жоқ қой!.. Сірә, бастық мырза осылайша «бұл қисық өкше шалды бір дүмпуімнен қалдырмай, бұдан былай тікелей өзіне тиісті емес нәрсеге кіріспейтіндей етіп жіберейін» деп ойласа керек.
Прокуратураға 29 қарашада арыз бердім. Әлі жауап келген жоқ. «Нұр Отанның» облыстық бөлімшесінде болдым. Ертең оларға да апарып арыз берейін деп отырмын. Олар «біз бұндай арызды Астанаға жібереміз» дейді. Міне, осындай «қызықтар» болып жатыр.
«Маған тез шауып кел!»
Заңгердің әңгімесі
Қай нәрседен болсын бәйгені ешкімге бермей, жақсыдан да, жаманнан да, елдің ең алдында жүретін Оңтүстікте, оның ішінде облыс орталығы Шымкентте қазақ халқының республика бойынша ең алғыр, ең іскер, ең ізденімпаз, ең дарынды, ең икемді - осылайша кешке дейін жалғастыра беруге болады – бөлігі тұратыны күллі Қазақстанға белгілі. Аталмыш анықтама бизнеске де қатысты. Алматы мен Астананың қақ ортасында сіз жай ғана көшірме жасата алмай ат шаптырым аумақты аралап шығуыңыз әбден мүмкін, ал, Шымкентте ондай мәселе ешуақытта тумайды. Бұл – күнгейдің күнес беті. Мысалы, Шымқаланың дәл орталығында, төрт жұлдызды «Шымкент» қонақүйінің тура іргесінде 8-мөлтекаудан бар. Мөлтекауданның халқы негізінен пәтерлерін жалға, оның ішінде бірнеше сағатқа да беріп күн көреді. Үлкен қонақүйдің таяқ тастам жерде болғаны олар үшін өте тиімді, себебі іссапарға келгендер тәулігіне 5-8 мың теңге төлеп, бір бөлмеде түнеп шыққанша екі-үш есе арзан ақшаға екі-үш бөлмелі пәтерде түнеп шыққанды тәуір көреді. Пәтердің басты артықшылығы – асүйі бар ғой, таңертең өзіңіз қалаған уақытта шәй қойып ішіп кете аласыз, қалаған уақытта жеңіл-желпі тамақ істеп іше аласыз. Нарық салтанат құрған заман.
Екінші жағынан, аудан қала тұрғындарына «публичный микрорайон» деген атымен әйгілі. Бұл – енді күнгейдің көлеңке жағы... Міне, осы мөлтекаудандағы пәтер берушілерді соңғы кездері полицияның мазалауы күшейіп кеткен. Мазалауының бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, сол маңайдағы «клиенттерінен» қағылып жатқан қонақүйлер қожаларының арыз-шағымы болуы. Екіншіден, полицияға «жезөкшелікке қарсы күресті күшейту керек» деген нұсқау түсуі. Үшіншіден, мен осы себеп бастысы ғой деп ойлаймын, түрлі желеу-сылтаумен кәсіпкерлерді «саууды» жаңа деңгейге көтерудің қамы. Олай дейтінім, сол мөлтекауданда тұратын мен заңгер ретінде, қоғам қайраткері ретінде кәсіпкерлерге тегін кеңес беремін, бірақ «сендер адал жұмыс істеңдер, мемлекетті алдамаңдар» деген талап қоямын. Олардың көбі дәл солай патент алып, салық төлеп, кассалық аппаратпен жұмыс істеп отырғандар. Ал, арам жұмыс істейтіндер де бар. Олар, ашығын айту керек, өзге ұлт өкілдері. Мемлекетке төлегеннен гөрі тексеріп келген полицияның қолына қыстырғанды артық көреді. Полиция да оларға тиіспейді. Сол полицияның мазалауы күшейіп кетті дедік. Оларды полиция учаскесіне апарып, түрлі жолмен қорқытып-үркітеді. Бір нәрсе алғылары келеді. Пәтер берушілер қашанғы бере берсін, олар да қажиды. Оның үстіне кінәлары не?..
Жақында пәтер беруші бір жүкті жас әйелді де зорлап мәшинеге мінгізіп алып кетеді. Апарып, бес-алты сағат ұстап, бопсалап, ақыры қоя береді. Бұл туралы ол әйел маған келіп айтты. Мен «ешнәрседен қорықпаңдар, тек өтірік айтпаңдар, бір-біріңді сатпаңдар, қайта бір-біріңе көмектесіңдер, сонда сендер жеңесіңдер, өйткені істерің адал» деп кеңес бердім. Полицейлерді басқарып жүрген Ғалымжан Қожабаев деген капитанның әлгі
ісін Марина Ахметова деген татар әйелі көріп тұрады. Ахметова әлгі көрші жүкті келіншекке көмекші болып, нан-пұлын тауып жүр екен. Енді полиция куәнің «көзін жоюға» кіріседі, түнде татар әйелдің өзін ұстап әкетеді. Өйткені полиция бұл әйелдердің бәрінің түрін таниды, аты-жөнін жатқа біледі ғой. Ахметова ұялы телефонынан көршісіне қоңырау шалып үлгереді. Әлгі қазақ келіншек «көмектесіңіз» деп маған келді. Түнгі сағат он бір жарым шамасы. Әйелдің ескі «гольфіне» мініп алып, облыстық ішкі істер департаментіне келдік. Келсек, арыз берейік десек, кезекші офицер жоқ. Ал, ол іс жүзінде облыстық департаменттің түнгі бастығы. Яғни, департамент басшысыз қалды деген сөз. Отырған сержанттар «кәзір келеді» деп қояды. Мен тыпыршыған соң сержанттың біреуі «полковникке кезекшіге өзіңіз хабарласыңызшы» деп маған оның ұялы телефонын бере қойды.
– Ықтияр Қасымбеков сен бе, айналайын?
– Ия, мен.
– Сен болсаң адам ұрланып жатыр. Ұрланғанда куә адам ұрланып жатыр. Ұрлағандар – Ғалымжан Қожабаев бастаған капитан полиция қызметкерлері. Сен болсаң қызмет орныңда жоқсың! Тез жұмыс орныңа жет! Шауып кел!
– Маған «шауып кел!» дейтіндей сен кімсің?
– Мен сенің қожайыныңмын! Сені қызметке жалдап отырған халықтың өкілімін. Аты-жөнім – заңгер Әбішев Жаңабек. Тіпті келмесең одан әрмен, шайыңды ішіп үйіңде жата бер, мен прокуратураға кеттім!
Мен үйден шықпай тұрып-ақ, облыстық прокуратураның кезекшісіне қоңырау шалып, оған болып жатқан жайтты хабарлап қойған-тұғынмын. Өстіп тұрғанда кезекші полковник те жетті. Марина Ахметованы шығарып алып біз қайттық...
– Ендігі әрекеттеріңіз қандай болмақшы?
– Енді ол әйелдер ішкі істер департаментіне сенбегендіктен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне арыз жазады. Прокуратура қадағалау жасайды. Арғы жағын тағы көреміз. Әңгіме жергілікті жердегі осындай әкім-қаралардың, бишікештердің Президенттің саясатын бұрмалап, оны дискредитация жасап жатқанында ғой. Осындай солақай саясаттан барып «жаңа Жаңаөзеннің» тумасына кім кепіл?..
Иә, заңгердің әңгімесіне қосып-алар ешнәрсе жоқ. Екі істің де немен аяқталғаны жайлы біз өздеріңізге міндетті түрде хабарлайтын боламыз.
Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ