Қанипа Бұғыбаева. Ескерткіш

Ақын анам Қанипа Бұғыбаеваның 70 жылдығы тұсында,  артында қалған мұрағаттық қоржындарын  ақтарып, қарап отырып, шығармашылық өмірінің  бірталай сырларына қанықтым. Енді сол дүниелердің бір ширегін  бүгінгі заманғы оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көрдім....                                                                                                      Талап Қараш                                                                                                  «Лениншіл жас»   1962 жыл                           ҚИЯНҒА САМҒА,  ҚАНИПА!     Біз бүгін Қанипа Бұғыбаеваның бір топ өлеңдерін оқушыларға ұсынғалы отырмыз. Қанипа Алматы облысы Ақсу ауданының Қиров атындағы колхозында тұратын қатардағы шаруа қызы. Балауса қаламгердің жаңа басталған өмір сатысы ауыр да аянышты драмаға толы. Болашақ ақын жастайынан анадан айрылыпғжетімдік, өгейлік зарын бір тартса , оның үстіне мүгедектік азабын қоса арқалаған.  Алтыншы класты аяқтап, мертігіп, орталау мектепті төсекте бітірген. Міне, осындай қат-қабат жағыдайлардың салдарынан Қанипа одан ары оқи алмай, өз колхозының радиоторабында жұмыс істеген. Алайда ақын қыздың өз бетімен көп оқып, көп дайындалғандығын байқаймыз. Ол әсіресе өлең мәдениеті төңірегінде мазасыз ізденген тәрізді. Қанипа өлеңдерінен біз жоғарыда айтылған өз басындағы драмасының әсерін де  сезінеміз. (Таяғым, Кешкі биде, Анама, тағы басқалар). Бірақ сол өлеңдердің өзінен-ақ элегиялық зарды емес, мойымас ерлікті аңғарамыз. Қанипа жырларында жасу жоқ, жалын мол. Ол қарысып, қатаң тағдырды келеке етпек болады. Анасын еске түсірсе де егілмейді. Мен бүгін бүршік атсам, гүлдеп, ана,  ол сенің ұлылығың, даналығың деген сәтті  жолдар арқылы өзін – сол абзал ананың жалғасы екендігін айтады. Қанипа өлеңдерінде нәзік сыршылдық та, дәуір пафосы да мол. Жас ақынның жырларынан біз ерекше бір сезімталдықты, мәдениеттілікті, орны  да лауан бояулы суреттілікті, Отанға, туған ауылға деген кіршіксіз махаббатты сезінеміз. Ол өзін туған жердің топырағынан нәр алар жас шыбыққа балайды.  Арайлаған таңнан сыр оқып, әр күнінің қызығына бөленеді. Дүниені кеудесіне сиғызып, қыз жанымен тербетпек болады. Бола алмаймын сабырлы, сабырлы емес уақыт деп өзі айтқандай, оның өлеңдерінде уақыт талабына сәйкес заңды сабырсыздық бар. Әрине, тек әлеуметтік қана емес, одан табиғат, махаббат лирикаларын да,өз тұстастарының оғаш мінездерін сынаған әзіл-сықақ өлеңдерді де ұшыратамыз. Ақсудағы  Қанипа қыз әрбір қалмгерге тән, кейде мүлт кететін жеке жолдары мен ұйқастары кездесе тұрса да, бізді ой сезімге, биік арманға, соңы бояуларға бай әдемі де асқақ өлеңдерімен, өлең мәдениетімен сүйсіндіреді. Поэзия секциясының таяуда өткізілген арнаулы мәжіліснде Қанипа өлеңдері кең талқыланып, алғашқы жинағы баспаға ұсынылды. Біз жас ақыннан үлкен үміт күтіп, асуы мол келешек сапарына сәттілік тілейміз. Қиынға, қияға самқа жыр көгершіні! Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов.          Хаттар сыр шертеді...   Қарағым қанипа! Мен сені көптен білемін, және жақсы ақын іретінде ерекше жақсы көремін. Осы сөзімнің ырастығына ант суын ішуге әзірмін.  Бірақ неге екенін білмеймін, осы кезге дейін көріспеббіз, тілдесепеппіз ғой, Бұда бір жыл мезгілдері сияқты табиғаттың бір құбылыс болуы керек. Ештен де кеш, тіріміз ғой бар боп тұрсақ бір кездесерміз, шырағым. Менің Сексенім үшін кездесуге Чехов кітапханасы шақырған күні (10февраль күні еді) Сенің өте жылы жызылған өлең –хатыңды алғанмын, соны ала кеттім.  Сол кездесуде Тұманбай  менің тапсыруым бойынша сенің өлеңіңді жақсылап тұрып оқып берді, тыңдаушылар  ыхыласпен тыңдап, көңілді қабылдады. Оыларды айтып хат  жазам деп жүргенде сенің адресіңді  жоғалттым (көп қағаз аз қағазды жеп қойса керек). Енді міне  «Қазақ әдебиетіндегі»  (3-марттағы) өлеңдеріңді бүгін (4-мартта) оқып отырмын. Маған қарапайым сезімдеріңмен айтқан әдемі ойларың ұнайды. Ақынның кісәпір сөздерімен қатар мүсәпір кішілігімен кісілігі әмәнда көрініп отыруы керек.  Сенде, Қанипа сол белгілер баршылық. Тоқтама, қалқам жаза бер, болашағың да сәтті болсын. Менің үйдегі телефоным: 63.28.58 қалаған кезіңде звондап тұр. Мен сенімен қуанып сөйлесемін. Үйішіңе аталық Сәлем, Хурметпен: Әбділда  4/III-89   Қанипа, есен саумысың? Жаңа жылың құтты болғай. Жаңа жыл, алдымен лдымен, мықты денсаулық шаңырағыңа бақыт ала келгей! Бүгін «СҚ» дан «Тың –толғауыңды оқып, қатты қуандым. Өте сәтті шыққан, ойың да  әдемі, және салмақты. Сонсоң өлеңің де мөп-мөлдір төгіліп тұр. Міне, өлең осылай келсе керек. Көз ілмейді жұлдыздарым таңға бір. Дегенддей-ақ біздер жайлы толға  жыл! Адамдарға жаудырғандай алғысын Жатқан сұлық бұла дала сонда бір. Қызым, жақсы. Өте жақсы Келешекте де осы деңгейіңнен аласарма. Аталық мейріммен     Әбу         Қанипа Бұғыбаева   Ескерткіш (Поэма) "Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды ". Халық мәтелі.   Аққу қайда, бір кезгі қаздар қайда, Қаз даусынан сезімге саз қалмай ма? Әлегінен шошынып адамзаттың Бар көркінен табиғат азғандай ма?   Гүлдер қайда, теретін сүйіп қырдан, Азық үшін болғандай киік құрбан. "Жер адамға табынбай", назаланып, Тартылды ма кеудесі иіп тұрған?   Жайлап апты жағаны қара қарға, Жаным менің ұқсайды жаралы аңға. Аққу-әлем, жоғалған бар сұлулық, Адам жерге табынса, оралар ма?   Күмәнменен күтемін бақытты алдан, Бақытты іздеп, ұшудан уақыт талған. Темір құрсау, көк мұздың арасынан Жылу таппай жүрегім қатып қалған.   Аққу қайда, бір кезгі тырна қайда, Өзегімді аш мысық тырналай ма? Болашақты бұлыңғыр болжау ушін Шыққан күнге қараймын, туған айға...   Болады деп ойлап па ем, өмір бұлай, Басып кетті балықсыз көлімді лай. Қожалақ қып жеріме ойран салды-ау, Американы ашқан бір Колумбыдай!   Соққы көрген Серідей Батыраштан, Ауыр ойға тұрғаңдай батып аспан. Бай жеріме қызығып, бабамды асты, Ағылшындай - үндісті атып, асқан.   Уысқа ұстап тірлігін айналаның, "Ұлы халық" сап жатты байбаламын. Кезекпенен "көсемдер" келіп-кетті, Саясатпен асырып, айла-амалын.   Кешегі мен бүгінді ойға аламын, Ойыма алсам, көңілге қайғы аламын. Қырып-жою, қуғындау, аштық, соғыс, Не болмаған үстінде бай даланың?         Табанға сап тірлігін айналаның, "Ұлы халық" сап жатты айға лаңын. Тартып алып жаз жайлау, қыс қыстауды, Батты дейсің, белшеден пайдаға мың.     Ел бола ма, аңдысып, алысумен, Көздің жасын келеміз әлі ішумен. Жапыраққа, мен туған топыраққа, Тері тамып, бабамның қаны сіңген.   Жамау жүрек, себепсіз мұңдана ма, Азып-тозған жанда сау тіл бола ма? Тартып алып бағымды саялады, Қуып тастап халқымды құм-далаға.   Білгендей-ақ басынан бағы ұшқанын, Далам жоқтар шалғынын, қамыстарын. Өксіп жылап жатқаңдай өткенді айтып, Ақ бұлақтың тыңдасам ағыстарын.   Ізін аңдып жүргем жоқ әр аңыздың, Ашылғандай ауызы жарамыздың. Ағады — Ақсу, бауырымның қаныменен Қосып алған көз жасын Сара қыздың.   Жан білмесе, кім білер жан ашуын, Өмірімен бірге өріп дала сырын. Жар басыңда Есжан қарт шертіп отыр, Қалай қайтыс болғанын анасының.   -"Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды". Өмірдің ащы дәмін татпағанның Табаны мұзға тимей тайғанайды...         Аштықта, ораза мен намаз да арман, Не сұрайсың, жері мен елі азғаннан. Мен онда шалғай шетте әскерде едім, "Анаң нашар" деген бір қағазды алғам.   Уақыт бізді тұсады, шідерледі, Шідерленген қай қазақ жігерлі еді? "Жібер" деп ем өтініп, сылтау тауып, Бастығымыз, не шара, жібермеді.   Бала емеспін, жігіт боп өзгергенмін, (Бір сұмдықтың болғанын сезген көңіл). Ана өлімі жайлы бір оқиғаны, Баяндайын көзімен көз көргеннің.   -Ана танып есінен, бала жылап, Алжасқандай ақылдан дана ажырап. Есік пенен тесіктен айнала орап, Соғып тұрған аштықтың желі азынап.   Ай жылады сүйеніп кәрі еменге, Аспандағы ұқсап бір қара меңге. Соттады, айдап, деп мұны "қайдан алдың", Табылса үйден бір уыс тары егерде.   Сегізде еді. Куә оған қарындасың, (Ортақ қасірет тынысың тарылмасын). Аш бұралған қызына берейін деп, Қайнатты анаң, қойдың сұр қабырғасын.   Шаштан да оңай, боп тұрған бас алуы, Басылмаған демінен мас арыны. Сезіп, үйге иісті кіріп келді, Тасырлатып "жез мұрттың" жасауылы.     Ауырлаған бұл күнде азабын бас, Қиянатқа ежелден қазағым қас. "Қазысы ма жылқының қайнап жатқан, Қазаныңды аш! Ей, қатын, қазанынды аш!   Қазаныңды аш! Көреміз, қайдан алдың, Бәлкім қоғам азығын пайдаландың?" Ықылық атып, ақырып, теңселеді? Сұры ұқсап, сұрына тойған аңның.     "Қазаныңды аш!" дегенге ашпады анаң, Артық па деп үйдегі аш баладан. Дабырлайды басынып озбыр көздер, Тамақтанып шығардай асханадан.   Ақырып тұр, "сары маса" сазарулы, Ашпасаң, табасың деп ажалыңды. -Неңді алдым мен, әрі кет, адыра қалғыр, Ашпаймын, ал, қайтесің, қазанымды?!   Алынбай, сорпасында көбік қалды, Қазанның қасына "мұрт" төніп барды. Шойындай темір етік табанымен, Екі рет Жәмиләні теуіп қалды.   Қақпағына қазанның төніп барды, Біле ме онда, қорқаулар қорыққанды. Ессіз-түссіз еденге құлап түсіп, Тепкіден сол Жәмилә талып қалды.   Талғанына анаңның қарамапты, Шырқырап, иесіз үйде бала қапты. Жасауылдар екі тал қабырғаны, Қарқ-қарқ күліп, жеп шығып бара жатты.   Қазаны мен анаңды тепті, жеді, Содан бері кеудеме кек түнеді. Құлағаннан сол анаң тілге келмей, Жұлдыз шыға, үзіліп кетті, - деді.   Миығынан мас бәрін жеп күледі, Өз ісіне бүлк етпей ет-жүрегі. Есерленіп, шегелі өкшесімен, Темір етік жерімді тепкіледі.   Көре алмадым, анамды бір арманым, Жұтып қойған сияқты мұнар бәрін. Солдат болып отанның күзетінде Кімді қорғап тұрғамын, біле алмадым.   Сабыр-тағат осылай, кетті менен, Көк түнемей көзіме, кек түнеген. Қорғаппын ғой жез мұртты жауызды сол, Өкшесімен шешемді тепкілеген.   Талшық еткен қара су, қара нанды, Жаным қанша, оқ тимей жараланды. Қорлаппын ғой зіл-шойын табандарға Тапталып жатқан мынау жер-анамды.   Жаралдық па қойға ұқсап талануға, Адамың да, құнсыз боп заманың да. Ілияс пен Бейімбет, Сәкендер де, Сол етіктің тапталды-ау табанында.   Толып қарға-құзғынға бүкіл далам, Аулапты ажал, өлексе, құтырған аң. Жүсіпбек пен Мағжан да, Ахмет те, Табанынан заманның құтылмаған.   Табандардан кегінді ала алмаған, Жер бетінде жүр әлі аман, балаң. Қазыналы қазақтың даласына Құдай емес, орнатқан "заманды" адам.   Ізі жатыр, өзі жоқ белестегі, Олар елдің өз үні емес пе еді? Жанарыма жас толы жұлдызды аспан Шегесі көп табандай елестеді.   Айуан бар, адамнан заты бөтен, Сондайларға қашанда қапы кетем. "Парызды" өтеп әскерден мен келгенде, Сол "Иванға" сот жүріп жатыр екен...   Пейілі қара, боянып ақ бола ма, Қарындасым, деді тек, "сақ бол, аға". Азығы жоқ, ешкімге жазығы жоқ, Анашымды өлтіріп ақтала ма?   Ақталама? Зорлықпен бақ таба ма, Қарлығашым, дегендей "сақтан" аға. Жүз құбылған уақыттың жарасынан Жүрегімде "ақтандақ" дақ қала ма?   Қарғыс төгіп, қатігез, жат балаға, (Аруағымен тұрғандай таптап ана). Әй, білмеймін, күн туып, дінсіздер де, Қазанына ұяттың қақтала ма? Әділқазы уақыттай сот бола ма?   Ұғын мейлің, өткенді ұғынбағын, Әркім қорғап кетті ғой шыбын жанын. Көрін қазып, біреудің төрін қазып, Ашып айтып жатырмыз бүгін бәрін.   Мақтанамыз құрап ап жоқтан аңыз, Үш бұтақпыз. Неге осы жат боламыз. Ғасыр өтер, япыр-ау, қашанғы біз, Шойын табан астында қақталамыз.   Үрейлі шақ, сенімсіз күмәнді шақ, Ант етемін, араға Құранды сап, Айдаһардың аузына жұтыламыз, Бірікпесек үш басты жыланға ұқсап.     Әлі талай көреміз масқараны, Несібесіз, қалған аш, жас баланы. Оянбасақ, ертерек, басты қосып, Бәрі-бәрі, сонан соң кеш болады.   Қозғал, бауырым! Мінбеден сөз алды жыр, Құлағыма келеді ғажап дүбір. Жерді тіреп мосының үш бұтындай, Көтерейік қаңсыған қазаңды бір.   Арманды осы мен алтын қазық еттім, Ана өлімін жаныма жазып өттім. Ұл туар ма, туларын көтеретін Хан — Абылай, Төле би, Қазыбектің!   Батыр қайда? Ызадан қаны қайнар, Сағыныштың көзімде сағымы ойнар. Махамбет пен Исатай қайта туса, "Қара қазан, сары бала қамын ойлар".   Бірін-бірі жүр бүгін тұсап халық, Айыптының ақшамен ісі ақталып. Бірте-бірте кім білсін барамыз ба, Мәңгүрттеніп, тиындай ұсақталып.   "Оян, қазақ!" депті ақын, оянайық, Өмірден бұл ұйқы алмай, ой алайық. Елімізді, таптатпай жерімізді, Анамыздай тірілтіп, аялайық.       Сеніп сәтке, тұрғанға күле қарап, Бойымызды кетпесін "жын" аралап. "Алауызсыз тірлік ет" - бабамыздан Баламызға жүктелген бұл аманат.   Жерден өлең аулаған, көктен өлең, Ақын аз ба, өмірге өкпелеген. "Жоғары шық, кел!" деуді білгенменен, Қонағына халықпыз кет демеген.   Өтті, кетті, өкініш, айыпты шақ, Қарсы алатын дос қайда жайып құшақ. Аласапыран дарияға батып, шығып, Көңілім тұр, ескексіз қайыққа ұқсап.   Өтіп жатыр, көшпелі күндер керуен, Қасіретті көп қандасым бірге көрген. Есі кіріп, есіктен төрге озып, Киізімді түңілдім тілгендерден.   Балқаш па едің, жанарым Жайық па едің, Кетпесе екен, табаным тайып менің. Дірілдейді су соққан жапырақтай, Айыпты өмір, ескексіз қайық көңіл.   Алға қарай талпынып, қарман, балам, Болар адам құлқынға алданбаған. Қылыш етіп қайрасын қайратыңды, Ерлер ісі, кешегі ел қорғаған.   Қаның қалай қазандай қайнамасын, Тағы да улап, уымен айналасын. Ұясынан бұлбұлды жұтып алып, Бағымызды жыландар жайламасын.         Баламды ойлар, анамын даламды ойлар, Баба-жұртқа жүрегім алау байлар. Найзасын ап шығардай әр төбеден Наурызбай мен Райымбек, Қабанбайлар!   Қазақтың көгі бүтін күн көрмепті, Уақыт куә, кімдер кеп, кімдер кетті. Табанға басып өзін өлтіргенмен, Табанға басып сөзін үлгермепті...   Қалды өшіп, қаншама үйдің оты жанбай, Тұлдырсыз, артында ешбір аты қалмай. Ертеңге деген сенім жүрегімде Өртенді-ау, бір кездегі Отырардай.   Айналып қара құл мен күңге мәңгі, (Белгілі, кімдер қалай тұлғаланды). Тұншығып, шойын-темір табандарда, Дін де қалды, жайына тіл де қалды.   Жер иесі намысты бабам болған, Кең даласын тазартқан арамдардан. Күрестермен жарыққа ап шығардай, Уыстардан, біздерді табандардан.   Аққу қайда, мамырлар қаздар қайда, Қаз даусынан қайғым көп қозғалмай ма? Кәрі еменнің қалтылдап жапырағы, Тозғандай ма, уақыт озғандай ма?   Тас лақтырып аспаннан тұныққа бар, Жеңісіме жау көзін жұмып қарар. Ұл туар ма, жеріме Күн туар ма, Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар?   Ажал емес, жеңіпті бабамды арман, Алмағайып, әр қилы заман болған. Есім кіріп, енді-енді үнім шығып, Күнім шығып келеді табандардан.   Шықпай жатыр ішімнен қайғым әлі, Бұлт астына тығылып, ай бұғады. Қараңғыға үйренген қара көзім, Қарай алмай, жарықтан қаймығады...   Амалдың қамалып тас қамалына Лайықталып заманы адамына. Бір кезгі темір етік табанынан Ауысып, түстік "танкі" табанына.   Қызықтырып "мұз көзді" дала мына, Саңылау іздеп, тұс-тұстан талауына. Шығып шойын танкінің табанынан, Аштық пен түстік заңның табанына.   Озбырлықпен өтті көп қатерлі күн, Табанға сап құл етті әкемді кім? Өзге емес, өмір өзі дәлелдеді, "Іштен шыққан жау жаман" екендігін.   Созылмақ Семейдегі "сын" қашанғы, Көбейді тіл безеген жыр жасанды. Қазақтың жаны сірі-ау, Алпамыстай Отқа салды, өлмеді, суға салды.   Бізге деген кешікті-ау, келмей көктем, Көзін ашпай жер жатыр сор, бейнеттен. Қайран анам армансыз - жалғандықпен Перделенген шындықты көрмей кеткен...   Жер түлей ме, білмеймін, келіп көктем, Күн орнына табан тұр төніп көктен. Өтті ақындар, сәбидей өлең деген – Өміріне екінші сеніп кеткен.         Күн туады, ертең бе, әлде бүгін, Ұлы көшке жалғасып алғы өмірім. Сезімдерді оятсын, шың басынан Шыңырауға түскен бір сәуле жырым.   Тасытып, біреулерді еңіретіп, Өкінішпен барады өмір өтіп. Теуіп кете берердей, ана түгіл, Жерімді жеп болған соң темір етік. Ұйқылы-ояу барады өмір өтіп...