АУРУЫН ЖАСЫРҒАННЫҢ АҚЫРЫ

Жемқорлық – қазақ қоғамының батпандап кірген сырқаты. Қазір дәрі-дәрмек пен оңалтыр отаның орынын алдарқатқан жеңіл-желпі сылап-сипау мен сылтау сөздер ғана ба­сып тұр. Ал, ауыру асқынып ба­рады... Бейне шырмауықтай жемқорлық­тың аяққа оралып, басқа шықпаған саласы жоқ. Мемлекеттік қызмет, мұ­най-газ, білім-ғылым, денсаулық, құ­қық, спорт, өнер, керек десеңіз, дін салаларының да төрінде «төрт қабат көрпе төсеп», жемқорлық-мырзаның «жантайып жатқанын» көресіз... Жемқорлықты жоюға түбегейлі төңкеріс керек. Мұның өзі әрбір қо­ғам мүшесінің, әсіресе, мемлекеттік қызметшінің батылдығы мен белсен­діліге тікелей байланысты. Есілдің сол жағалауындағы көке­ле­ріміз құр ұрандап, бос қоқан-лоққы жасап жүргенде, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың аттас сіңілісі, Павлодар облысындағы Қа­шыр ауданының жас судьясы Әлия Әбенқызы Жұмашева болашағы­мызға балта шапқысы келген жем­қорлыққа қарсы қайтпас күрес ашты. Қазақстанның сот құрылымындағы тамыры жемқорлықтан сусындаған «темірдей тәртіпке» көнбеген Әлия Баянауылдың бөктеріндегі «баты­раш­тардың» арандатуымен Астана­дағы Жоғарғы Соттың Тәртіп бюро­сына келіп, «тәртібін» тексертті... «Шайтанға да жан керек», Тәртіп бюросының әккі «тарландары» БАҚ арқылы мәлім болған Жұмашеваның жұмысына әзір тиіспей, қызметін жалғастыруына мүмкіндік берді... Кезіндегі Бұқар Жыраудың, Төле бидің, Қаз дауысты Қазбектің, Әйте­ке би бабаларының қара қылды қақ жарған әділ шешімдерінің буы бол­мысында сақталған қазақтың қар­ша­дай қызы Әлия Әбенқызы сот жүйесі сияқты заңғар құрылымның өзегіне түсіп, өңменіне өткен сырқатты жаз­баққа жалғыз өзі бел шеше кірісті... Бірақ, Астанадан алғашқы же­ңісімен алып-ұшып оралған Әлияға әріптессымақтары түгелдей теріс айналғанға ұқсайды. «Жемқорлық» деп аталатын жетпіс қабат шыр­ма­уық­­тың торынан құтылу – оңай емес, әрине... Әлияның жеке іс атқарушысын басқа жерге ауыстырып жіберіпті, қа­­лалық телефоны жүйелі жұмыс іс­темейді, жеке жұмыс компьютері де кідірістеп қалуда... Қазақтың қаршадай қызына қара­сақал-қабасақал «көкелерінің» кө­пекернеу қысастықтары осылайша жал­ғаса береді... 2010 жылдан бері адам тағдырын шешуге кіріскен Әлия екі рет кінә­ла­ры толық дәлелденбеген сотталушы­ларды ақтап жіберген және жем­қорлық жүйенің айдауына жүрмеген. Бар «кінәсі» осы ғана... ...Тәртіп бюросының «тәк-тәк» тексерісінен сүрінбей өткен Әлия жұмыстастарының күнделікті күйкі қылықтарына қарамастан, алға қарай тағы да үш қадам жасады. Алдымен, Әлия әріптестерінің «ала көз, қисық көзқарастарыннан» қорықпай, жұмысқа шықты. Яғни, Молдағұлованың қайсар сіңілісі рухын сындырмады, жігерін жа­сыт­пады... Екіншіден, Әлия баспасөз өкіл­де­рі­мен бұрынғыдан да жиірек қарым-қатынас жасап, сот жүйесінің ақтаң­дақтарын жою жөніндегі батыл пі­кірлерін білдіре бастады. Үшіншіден, айналасындағы адам айтқысыз масқарашылдықтар жайын­да Әлия Елбасына арнайы хат жол­да­ды. Құралайды көзге атқан Әлия Мол­дағұлова апасының әруағын бір аунатып түсірген Әлия Жұмашева қазақтың сот жүйесіндегі барлық ер­кеккіндіктердің қолдарынан кел­мей­тін орасан қадам жасады. «Әлия – батыр қызы сен халқым­ның!..» Әлия Жұмашеваның әділ жолмен ақтап алған адамдары аудандық әкім­шіліктің қатардағы қызметкері Әсел Айтуар мен айыпталушы Леонид Выдрин өздерін түрмеден құтқарған судьяны қызғыштай қорғаудың ор­нына қашып-пұшып, бой тасалап жүр­ген көрінеді. Бұл да Павлодардың судьяларының, прокурорларының, тергеушілерінің кішкентай қазақтың қызына қарсы ашқан арсыз «майда­нының» нәтижесі шығар?!. Бірақ, Әлия да жалғыз емес. Әлия Жұмашеваны қазақ қоғамы тұтастай қолдап отыр. Мысалы, Әлияның Ел­басына арнаған хатын қоғам қайрат­кері Мұсағали Дуамбеков арнайы баспасөз мәслихатын шақырып, оқып берсе; Қазақстанның Мұсылмандар Одағының төрағасы Мұрат Телібеков Әлия Жұмашеваны «Жыл адамы» деп тану туралы ұсыныс жасады. Сондықтан, аталған жүйенің ше­неу­ніктеріне және «жемқорлық» деп аталатын асқынған ауруға күллі қазақ қоғамы қарсы тұрды. Ауруды жасыр­мау керек, ауруды емдеу керек... Құлтас ДОСТАН