Арлы ақын ... Қазақ әдебиетінің қаралы күні – Өтежан ақынның өмірден өткен күні

Алматының қысы қаһарына мініп қалшиып тұр. Апшымызды қуырып барады. Махамбет жырлайтын нағыз шұбар күн – мүнар күн осындай-ақ болар. Әсіресе мен сияқты жаны жаралы, көңілі назалы науқас адамға арық атқа қамшы ауырдың өзі болып тұр. 5-қаңтар күні Молдабек бауырым телефонмен қаралы хабар жеткізді. Қазақтың аса көрнекті ақыны, сырлас-мұңдас Өтежан ағам дүниеден өтіпті. Қайран Өте ағам қаннен-қаперсіз дүкенге нан алуға барған жерінде есінен тана құлап, жарық дүниемен қош айтысыпты. Ажал айла таптырмас деген сол дағы. Иә, қайран Өтежан Нұрғалиев те өтті бұл жалғаннан. ХХ ғасырдың екінші жартысының көгіне тік кө­теріліп, қазақ поэзиясын өзімен бірге ғарыштық биікке жалаулата кө­терген адуынды ақын ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында елеусіздендіріліп, ескерілусіздендіріліп осы­лай­ша қас пен көздің арасында өзімен өзі ғана қош айтысып бақилық сапар­ға аттанып кетіпті. Ой, жалған дүние-ай десеңізші! Мен қарағайдың қарсы біткен бұ­тағындый «қырсық ақынмен» 1990 жылы қазақ радио-телевидение комитетінде істеп жүргенде танысып едім. Әңгімеміз бірде жарасып, бірде шәлкем-шалыс қидаласа таласып, тар­тысып қалатынбыз. Сөйте тұра кездесіп әңгіме-дүкен құруға асығып жүргендей болатынымызды да іштей мойындайтынбыз. Менің әйелім кіші жүздің қызы болғандықтан сөзіміз жарасқан кіші жүздің үлкенін қайнаға, кішісін қайын іні, балдыз етіп әзілдесуші едік. Өтекеңмен кездесе қалғанда сондықтан да алғашқы сөз: – Ассалаумұғалайкүм, қайнаға­дан басталғанда, қайран Өтекең бар дауысымен, – Уағалайкүм, күиеу бала деп, – қо­лын ала ұмтылушы еді. Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше дегенде қазақ әйтеуір сөй­лесіп, хал-жай сұрасуды ғана айтпа­ған болар-ау. Адам бір-бірімен жү- ­рек­пен, ақыл-парасатпен, тал­ғам-тү- сінікпен ұғыныса алған жағдайды ғана «тілдескенше» деген деңгеймен шендестіре айтса керек. Біз шын мәнінде тілдес те, мұңдас та, сырлас та болып едік десем артық айтқан болмаспын. Бұлай деу үшін жұп жазбай жүру, бірін-бірі келсін-келмесін қолпаштап-қошеметту керек емес шығар. Өтекең жаратылысынан-тумысы­нан басқа түгіл, өмірдің-тіршіліктің өзіне «оппозицияда» болған еді десем онша қателесе қоймаспын. Олай болғанда ол бұрынғы және кеше мен бүгінгі билікке, олар жүргізген сая­сатқа, тіпті қарапайм замандастары­ның іс-әрекетіне қалай қарауы керек еді? Әрине, сын көзбен, сыншыл, шын­­­шыл ер азаматтың, өршіл ақын­ның еруілшіл жан айқайымен үн қатуы, «бунтар» жырларымен атой салуы керек болар еді. Алайда, Өтекең ұрлық қыларда ай жарық болып, секемшіл цензура мен өктем коммунистік билік ондай ақын­ның үнін шығармаудың мың сан айла шарғысы мен тоспа-аран­дарын самсатып қойғаны белгілі. Айқай жиырма беске арындай жетіп, қазақ поэзиясы көгіне жар­қырай көтерілген, шын қуанған жан­күйерлерді еш қомсынбай-ақ «қа­зақтың Пушкині» атандырған аймаң­­дай Өтежан Нұрғалиевтың шығармашылық ғұмыры ұзаққа бара алмады, дұрысы – барғызбады. Менің есімде қалуынша Өтежан ақын туралы арашамы әділ сөз тек 1979 жылы марқұм Сағат Әшімбаев пен Тұрсын Жұртбаевтардың «Лениншіл жас» газеттерінде жария­ланған мақалаларында ғана айтыла бастаған сияқты. Бірақ, жазу столы мен темір сандықта сіресіп жатқан қолжазбалар, жалын шашқан тамаша ондаған балладалар мен поэмалар, толғау жырлардың баспа бетін көре алмай сарғайып жатқанына Өтекең сонша қайғырып, ақындық тағды­рына налып кетпейтіні мені қайран қалдырушы еді. Мен Өтекең қаламынан туған бүгінгілер үшін аса «бунтар» қорқы­нышты өлеңдерінің біразымен таныс едім. Иығындағы ат дорбадай қола­пайсыз сумкасындағы жаңа шығар­маларын кез-келген жерде күркірете оқып тұрып: – Мені құдай шынымен-ақ ақын қылып жаратқан ғой. Ақынның қа­сиетті парызы тек жазу, жазғанда да шындықтың бетіне тура қарап тұ­рып, қасқайта жазу, заманға, сая­сатқа, әсіресе, бүгін бар, ертең жоқ көсем-шешенсымақтарға жарбақ­тағыш сарай ақындарына, жан бағар хайуани түйсіктен арыға бара ал­майтын пенделерге жиіркенішіңді мүләйімсімей, дер кезінде қалам-найзаңа шанши алуың керек. Мен Ахмет көкем айтқандай «бүгін үшін емес», ертеңгі азат, бостан қазақ перзенттері үшін жазамын. Бәлкім, ол күнді мен көре алмаспын. Бірақ, сол бір мүбәрәк күндердің келеріне кәміл сенемін. Мен қазақ халқына, қазақ мемлекетіне қиянат жасаған ескі-жаңа биліктің бет-бейнесін әшкерелеп, қар­ғыс таңбасы басылған замана шежіресін, тарих понарамасын жасап беруге бар ғұ­мырымды, қарым-қабі­летімді арнап келе жатқан адаммын. Мені өлтірмей, өшірмей қолтықтап алып жүрген демеушім осы ғана. Жұрт мені, Өтежан Нұрғалиев деген ақынды ұмытып та кеткен болар, Ал, білемін дейтіндер мені, қожанасыр әпенде етіп көрсеткісі келетін сияқты, әйтсе де оған да рахмет айтып жүремін. Өйткені, менің «нағыз достарым» мені барып тұрған қырсық, кесірлі теріс азу, жан бағыс­тың, күн көрістің мәнін түсінбейтін ақымақ біреу ретінде мінездейтінін естіп те, біліп те жүремін. Ал. өкі­меттегі марқасқалар менен «халық жауы» жасауға қанша құлшынғанмен одан ешнәрсе шығара алмай шаршап тоқтаса керек. Мен өз үйімде. өзім үшін ғана қағаз-қаламмен айқасамын. Өмірім­нің мән-мағынасы сол ғана. Ал, бо­лашақ мен үшін, менің шығар­мала­рымның тағдырына арашашы, әрі жаршысы боларына құдайдай сенгендіктен боратып жаза беремін, жаза беремін!.. Өтекең көңілі түскенде, әңгімеміз жарасқан тұстарда осылайша тебіреніп, көсіле шешіле ағытылушы еді-ау! Шынымды айтсам мен де Өте­кеңнің ондай сәуегейлігіне ешқашан күмәнданып көрген емеспін. Бір данышпан айтқан екен: Ақы­маққа өмір – комедия, ал ақылды­- ға – трагедия,– деп Бұған не деуге болады? Иосиф Бродискиді қудалап жат­қанда әйгілі Анна Ахматова айтқан екен: «Біздің сары балаға қандай өмірбаян жасап беріп жатыр». Қазақтың қара шалына қандай өмірбаян жасап бергеніне куәгер болған көптің біріміз, әрі сол шын­дықты – трагедиялы өмірбаян шын­дығын бар дауыспен айтып бере алатын санаулы куәгердің бірі екенімізді ашық айта аламыз. Қасиетті жұма күні жамбасың жерге тиді қадірлі қайнаға! Иманың жолдас болсын, жаның жәннатта болсын! Мен денсаулығыма байла­нысты жаназаңа қатысып, топырақ сала алмадым. Менің салған топы­рағым, осы күнделік беттеріндегі жүрек сөзім болсын, қабыл ал қазақ­тың үлкен жүректі арманшыл арлы ақыны!.. Қайран Өтекең соңғы айларда, – басқа еш шаруам жоқ, үйіңе де кірмеймін. Тек сен жаққа барып, таза ауада еркін тыныстап әңгімелескім келеді. Молдабек бауырыма да айтып қоямын, бір сәті түспей-ақ қойды. Қайтсем де барамын. Ой құдайым-ай әңгімелесе алатын дені сау адам да қалмай барады-ау! – деп күрсінуші еді. Амал қанша, оның сәті түспей-ақ кетті. Енді міне, ақ қағаз, қара сиямен сырласып, мұңдасып отырмын. Беу, шіркін өмір-ай, Шал ақынды күреңдірген баянсыз өмір, оған: Өмір деген шолақ депті, Жан кеудеге қонақ депті. Ақирет деген бір киім, Алып қайтар сол-ақ депті, – дегізген екен-ау! Ғапыл пенде, осы бір қарапайым өмір ақиқатын біліп тұрып білмеске, көріп тұрып көрмеске салынып, өлместің күнін кешкісі келетініне қайранмын.  Әлімғазы Дәулетхан