Қайраткер журналистке құрмет
Даңқты жерлесiмiз, көрнектi қоғам қайраткерi, қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, журналист, аудармашы Сауытбек Абдрахманов асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Қазығұрт ауданында туып, Келес өңiрiнде өскен ол атақ-даңқ пен марапаттан кенде емес. Әлемнің жүзге жуық мемлекетінде Елбасымен бірге сапарлас болған. Президенттен сан мәрте салиқалы сұхбат алып, оны қалың оқырман назарына ұсынып жүр. “Республикалық “Егемен Қазақстан” газеті” акционерлік қоғамның президенті ретінде егемен еліміздің бас газетінің таралымын 170 мыңға жеткізді. 40 көркем фильмді қазақ тілінде сөйлеткен аудармашы. Орыстың классик ақыны А.Пуш-
киннің шығармаларынан 217 түркі сөзін тапқан филолог. Айта берсе осындай зиялы қасиеттері таусылмайтын бәріміз айрықша мақтан тұтар ұлы тұлғаның құрметiне облысымызда ұлан-асыр думанды той өткiзiлді.
Мерейтойлық салтанатқа алыстағы Астана мен Алматыдан ат арылтып бiр топ қадiрмендi қонақтар келдi. Олар ең алдымен Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының профессор-оқытушылары және студенттерiмен кездестi. Жиынды аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Оңалбай Аяшев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Киелi сөз зергерiн туған жерiне алқалап-қалқалап әкелген аға-әпкелерi жүрекжарды iзгi ниетiн жеткiздi. ОҚМПИ-дiң проректоры Баршагүл Исабек жасаған «Үштағанды ұштаған тұлға» атты баяндама қалың жұртшылықтың көңiлiнен шықты. Қоғам қайрат-
керi, жазушы, Еңбек Ерi Әбiш Кекiлбаев өзiмен бiрге талай құзырлы органдарда қызметтес болған iлтипатты iнiсiн елiмiздiң №1 журналистiне балады. Айтулы ақын Фариза Оңғарсынова Сәукеңдi ойлы жазудағы ұлы тұлғаға теңеп, «Қазақтың батырлары» атты өлеңiн оқып бердi. Кездесуге қа-
тысқан оқытушылар мен студенттер осы қос қаламгердiң шығармаларынан жарыса үзiндi оқыды.
Кеш қонақтарына ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсiздiк» және «Елбасы сүйген Оңтүстiк» кiтаптары мен естелiк сыйлықтар тарту етiлдi. Сауытбек Абдрахманов өз сөзiнде жылы жүздi қабылдау үшiн пединститут ұжымына шығармашылық табыс тiледi.
Мерейтойлық салтанат Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. «Тәуелсiздiк жаршысы» атты кештi белгiлi қаламгер Мархабат Байғұт жүргiздi. Сәукеңнiң өзi эталоным, тiрегiм деп дәрiптейтiн абыз Әбiш ақсақал сыпайылықтың символы саналатын iнiсiнiң ерен iскерлiгiн айрықша мақтан ететiнiн айтты.
Сөз кезегiн алған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:
– Оңтүстiк өлкесi елiне етене қызмет етушi тұлғалардан кенде емес. Сәбит Оразбаев пен Асанәлi Әшiмов сынды сахна саңлақтарының 75, айбарлы ақын, шынайы тiл жанашыры Мұхтар Шахановтың 70 жылдық мерейтойын облыс жұртшылығымен бiрге кеңiнен атап өттiк. Бүгiнде алпыс жасқа толып отырған қарымды қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың көптеген кiтаптары мен оның бiлiктi басшылығымен шығатын «Егемен Қазақстан» газетiн сүйiп оқимыз. Сегiз қырлы, бiр сырлы ағамыз төгiлте мөлдiретiп жазады. Мәдениеттiлiгiнде мiн жоқ. Сiздi асқаралы мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! – деп оның иығына зерделi шапан жапты.
Қызмет бабымен осы мерейтойға келе алмаған тағы бiр даңқты жерлесiмiз, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбайдың құттықтау жеделхатының мәтiнi оқылды.
Фариза ақын өзiнiң әдемi тiлегiн «Туған жер» деген өлеңмен өрнектедi. Айшықты актер, Қазақстанның халық әртiсi Сәбит Оразбаев, академик Сейiт Қасқабасов, жазушы Әлiбек Асқаров та ыстық ықыласпен құттықтады. Сыншы ғалым Құлбек Ергөбек Сауытбек Абдрахмановқа Түркiстан қаласының Құрметтi азаматы атағы берiлгенiн хабарлады.
Соңында мерейтой иесi өзiне көрсетiлген аса зор құрмет үшiн облыс әкiмi мен қалың жұртшылыққа деген шынайы ризашылық сезiмiн жеткiздi.
Әбдiсаттар ӘЛIП