Тұрсынбек КӘКІШЕВ: Ақиқат ащы болғанмен өкініші аз

– Әуелгі сөзді өзінде, көзінде көр­ген «әдебиеттің әкелерінен» баста­сақ деймін. Ең әуелі Сәкенге қалай «ға­шық» болғаныңызды айтыңыз­шы? – Алғашқы өнер жолым әртіс болудан басталған еді. 1944–45 жылдары Ақмоланың Максим Горький театры­ның сахнасында «Капитан Тузов» деп аталатын орысша пьесада ойнадым. Шораяқтың Омары болып. «Қабаған ит» спектаклінде колхоз председателі болдым. Театрға І категориямен қа­былданып, ІІІ категориямен шыққан әртіспін. Сәкенді өміріме серік еткенім театрдан басталды. Қосымжан Бабақов маған мұқабасы жоқ кітап беріп, оқы­татын. Кітаптың оқиғасы мені қатты тебрентті. Азап вагонындағы адам­дардың тартқан тақсіреті… Оқып біткен соң маған «Сен кімнің кітабын маған оқығаныңды білесің бе?» деді. «Жоқ». «Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» деді… Соғыс жаңа аяқталған уақыт. Қа­рағандыдан Алматыға дейін тура ба­ратын бір вагон шығатын. Ол жеті тәулік жүріп Алматыға жететінбіз. Сол вагонға іліктім., Әртіс болғанымның бір пайдасы тиіп, билет алдым. Үлкен қара фанера чемоданымды көтеріп кіргізе алмай жатсам, тамбурда екі қыз маған қарап сылқ-сылқ күледі. «Одан да көмектесіп жіберсеңдерші» дедім. Вагонға кірсем, бір қыздың орны мен менің билеттегі орным қатар екен. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлес­кенше», жолдағы жеті тәулікте көп әңгімелестік. Тау-кен инстиутына ба­рамын деп жолға шыққан едім, КазГУ-ге түстім. Бойжеткендермен хабарым­ды үзген жоқпын. Күбірә деген қызбен сөзіміз де, көңіліміз де жарасып кетті. Бір күні Күбірә маған: «Гүлбарам тәтей сені көргісі келеді» деді. «Ол кім?». «Сәкеннің әйелі». «Ой! Жоқ, Гүлбарам тәтей мені емес, мен барып, көрейін. Сәлем берейін» дедім. Бар­дым. Сәкеннің жарының қолын алып, ол кісіні көргенде Сәкенді көргендей болдым. Сәкенге деген махабатым тереңдей түсті. Сөйтіп Сәкен менің әдебиеттік тақырыбым ғана емес, тағдырыма айналды. – Сіз Сәбит, Ғабит, Мұхтарлардың көзін көріп, ізін басқан асылдың қиығы, алтынның сынығысыз. Сіз білгенде ол кісілер қандай еді? – Сәбитке «Ассалаумағалейкум» деп сәлем берсең, сенің жай-күйіңді жарты сағат бойы сұрайды. Содан кейін өзінің не істеп, не жазатынын түгел тізбелеп шығады. Содан, ел оны «жал­пақшешей» дейтін. Сәбеңнің мұнысын ақкөңілділігі деп санаймын. Бұл – Сәбиттің халықшылдығы. Сәбиттің осы қасиеті одан адам баласына ешбір жамандық келмейтінін білдіреді. Бү­гінде кейбір ақын-жазушылар Сә­бит­тің аңқылдап, адамды бауыр тарта сөйлейтін жайсаң мінезін жайдақ­татып, естелігінде өзін Сәбиттен арты­ғырақ, биігірек қойып сөйлейтін иә болмаса жазатын болыпты. Сәбиттің халықшылдығы жөнінде Ғабит «Халық пен Сәбиттің арасында саңылау жоқ» дейтін еді. – Сөйткен Ғабиттің Сәбитке деген адамдық және әдебиеттік құрметі қалай болды? – Ғабит өмірде кердең, паң жүре­тін. Кез-келген адамды бойына тоғыта да бермейтін. Адамды маңына жақын­датпайтын. Жақындатса да, сырына әбден қанып алып, «сөйлесуге болады» деп тапса ғана тіл қатысар еді. Ғабит пен Сәбит бір-біріне керағар екі мінезде бола тұра бірін-бірі сыйлап өтті. Әрине, сынаған сәттері де болды. Бірақ әдебиеттік көзқарас оларды ешқашан жаулыққа, жек көрушіліккке бастаған жоқ. Бір-бірінің шығармасына деген бағасы да құрметі де болды. – Мұқаң, Әуезов қалай еді? – Ғабиттің кейбір мінездері Мұ­қаңда, Мұхтар Әуезовте де болатын. Өзінен басқаны теңгере бермейтін өрлік ол кісіден де байқалатын. Мұқаңның жолы өте қиын болды. Мұхаң Алаш та болды, коммунист те болды, тіпті өмірінің соңғы кездерінде орысшыл боп, орыс реализмінің қазақ әдебиетін өркендетудегі рөлін көтерді. Пенде ретінде өзіне жақпаған қалам­герлерге мүйізін көрсеткен сәттері де болды. Оның бәрі замананың, уақыт­тың сынағы. Тарихи шындық ащы екені рас, оған бола тұлғаларымызы тұ­ғыр­дан тайдыруға болмайды. Рухани байлықты танытудан артық ешқандай құбылыс жоқ. Ең бастысы Мұхаң қазақ әдебиетін әлем әдебиетіне қосып кетті. Осы жағынан қарағанда бізге әлгіндей пендешілігі мен менмендігі емес еңбегі керек. Дегенменде Сәбит, Ғабит, Мұхаңдардың қай-қайсысы болсын ішкі жан дүниесімен бірін-бірі шынайы бағалайтын еді. Еңбек бағалауға келгенде пендешілік емес, адамдық болмысымен жарқырап көруінуге тырысатын. Әдебиетте қы­зыл кеңірдек болып таласса да ертесінде құшақтасып жүру қолдарынан келетін еді. Осы жағынан қарағанда олар қашанда болмасын шоқтықты көрі­нетін. – Сол ұлы тұлғаларды еске ала оты­рып бүгінгі әдебиет және әдеби сын төңірегінде не айтар едіңіз? – Кеңес заманында ақын-жазушы­лардың ой-пікірлері ел кәдесіне жарап жүрді. Әдебиеттегі ұнамды кейіпкерлер оқырманның үлгі алатын, тәрбие алатын адамына айналып еді. Коммунистік идеология соны талап етті және орындағаны үшін ақын-жазушыны қадірлеп, құрметтеп ұстады. Жазушы­лардың жалақысы, қаламақысы жақсы болатын. Ал қазір жазушылар кі­тап­тарын шығарғанымен, қаламақы жоқ. Қаламақының есебіне баспа 50-60 кітабыңды сатып, еңбегіңді шығарып ал деп қолға ұстатады, болды. Өз кі­табын өзі сатып, өзі саудалағаннан артық абыройсыздық жоқ. Бүгінгі жазушылар, осындай күйде. Қазір Жазушылар Одағының, ондағы ақын-жазушылардың ой-пікірлері ілтипатқа алынбайды. Қызмет басында отыр­ғандар елдің де пікірі бар екенін ескеруі керек. Біздің Үкіметіміз, басшыла­ры­мыз ел не ойлайды екен, не айтып жатыр екен дегенге де назар аударуы қажет. Мен «Қазақ зиялылары» деген кітап шығардым. Сонда айттым, жүр­ген жерімде де айтып келем: жалпы жазу-сызудың төңірегіндегі зиялы азаматтар, өкінішке қарай, өмірі жары­майды. Өйткені, өз еңбегімен ғана күн көреді. Заманның ыңғайына қарай ма, қазіргі жазушыларда үкіметте бола қойсын дегеннен гөрі, өзіме болсын деген ой басым. Сол себепті жазушы­лардың көпшілігі Шахановтың тілімен айтқанда «ТЖ-лар» боп кетті. Әдеби сынға келетін болсақ… бү­гінде сын «тонын теріс киіп», азуы кетіліп, оданың тілі мен жағы «өсті». Сын мақтауға, мадаққа айналып кетті. Мақ­тау әдетке емес, сәнге айналды. Орын­сыз мақтаудың зардабы қоғамға ғана емес, әдебиетке де тиіп жатыр. Себебі, сын болмаған жерде әдебиет өспейді. Әдебиеттің жанры кеміп, кенжелеп барады. Оның үстіне, бүгінгі әдебиет өтпелі дәуірде. Әдеби шығарманың ұстыны болуға тиіс әдеби кейіпкер әлі айқындалған жоқ. Әдебиеттің кейіпкері етіп ұрыны аласың ба, кісі өлтірушіні аласың ба, болмаса, жемқорды аласың ба, тағы кімің бар. Баяғы «Ботакөздегі» Ботакөз, «Абай жолындағы» Әйгерім, Тоғжандар мен «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтай, Ерболдар… осы­лардың бәрі қыз-жігіттер үлгі алатын кейіпкерлер болатын. Қайдам, кәзір сондай кейіпкерлер, жақсы кітаптар бар болса, бар шығар, естімеппін. «Абай жолы» туған уақыт­та, «Жұмбақ жалау» шыққан кезде қазақ әдебиет әлеміне әдемі дүрбелең еніп, кәдімгідей қызу айтыс-тартыс болып жататын. Сын да осындайда өрлеп, өркендейтін. Сынның оты бұрынғыдай емес, қызуы төмен. Әде­биет сынының кезеңі өтіп те барады. Адамдар мақтауға әбден үйреніп алды. Өйткені, сын – ащы, мақтау – тәтті. Жазушының тәттіге үйреніп, өтірік мақтап-мадақтағанға үйір бол­ғанның несі жақсы? Өтірік мақтап, атақ шығару дұрыс емес. Атақты сын айтқан адам ала ма, мақтау, мадақ айт­қан адам ала ма бүгінде? Атақтың ар­тында жүріп азып, тозу мақтап, ма­дақтау дәметуден басталмай ма? Бір жазушы емес, бүгінде көп жазушы сондай «дертке» ұшырады. Жазушыға беретін атақ көп, көпшілігінің жазған түгі жоқ. – Өткен буынның кейінгіге көңілі толмайтыны рас-ау. Деседе «әр кім қолда барын теке қояды» дегендей, бүгінгі әдебиеттің де биік тұлғалы өкілдері бар. Әбдіжәміл Нұрпейі­- сов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекіл- баев, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Шаханов ... дегендей көп есімдерді еске алуымызға болады ғой. – Ұлт мүддесін ойлап жүрген жа­зушыны мен соңғы кезде көрмей отыр­мын. Ұлттың ұлы тұлғасымын деп әрқайсысының кеудесін ұрғылап жүргенін көрдім. Халықтың сөзін айтқансып, өзінің жағдайын айтатын адамдарды жиі кездестіреміз. Бұрынғы Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Сәкен, Ілиястар жоқ. Жазушылар көңілдеріне алса да, алмаса да айтарым осы. Халықтың мұңын мұңдайтын шығармалар беріп жатқандары аз. Мұхтар Мағауиннің «Жармағында» біраз ойлар бар. Адам­ның екіге жарылуы, сөзі мен ісінің арасындағы алшақтық, мұның бәрі жақсы айтылған. Біз қазір сондай дең­гейге жеттік. Ал енді Мағауиннің сол кейіпкерін үлгі тұтамыз ба? «Жармақ» бізге керек пе? Ондай кейіпкерлер үлгі болуға тиісті емес. Жақсы үлгімен, жөн көрсетер кейіпкерлерді кездестірсек, Құдай бізге берер ме еді?! Қабдеш бір жолы теледидарда: «Ме­нің шығармаларыма сын аз жа­зылады. Өйткені, біздің сыншылар шет ел өмірін, Қытайдағы қазақтардың жайын білмейді. Әйтпесе менің жаз­ғандарымнан артық дүние жоқ», – дегендей ой айтты. Құр мақтаннан не ұтамыз? Ағатай-ау, жазушы болсаң оқушы түсінетіндей етіп, түсінікті жаз. Мұхтар да мен классикпін деп кеудесін соғады. Ол – классик болуға жарайтын жігіт. Үлкен жазушы екені де рас. Бірақ «әттең алдымда бір Мұхтар бар (Мұхтар Әуезов), әйтпесе жалғыз өзім болар едім» дегендей ойлары да жоқ емес. Батыр болған бақырып болмай­ды. Ісімен дәлелдеуі керек. Мағауин қазір «Шыңғыс ханды» қайтсем де қазақ етем деп жазып жатыр. Оның шетке кеткені «менің ұлылығымды танымайсыңдар, сондықтан сендерге бағамды асырайын!» деген сыңайда. Әбдіжәміл мен Қабдештің соттасуы ұят тіпті. Екеуі де классикпін деп кеудесін соққанда қандай! Сол классиктер ұят пен ардың арасындағы айырма­шы­лықты біле ме екен? Мақтап, алақанға салып жүрген жазушылардан осындай іс-әрекет көргеннен кейін былайғы ел: «Е-е, жазушылар да өзіміз сияқты пенде екен ғой…» демей ме? Сарай ақындарынан қанша өрке­ниетті, дамыған, демократиялы қо­ғамда өмір сүріп жатырмыз десек те, арылатын емеспіз. Әбіш Кекілбаевтың Президенттің қолын сүйгені рабайға сыймайтын іс. Әбіш жап-жақсы жаза­тын жазушы. Ана ісімен бір-ақ күнде халық алдында шындығын көрсетіп алған жоқ па! Мұхтар Шахановтың да тілдің төңі­регінде атқарып жүрген істері айтар­лықтай. Мұхтардың тілге қатысты шаруаларын қос қолымды көтеріп қостаймын. Талай дүниені мөлдіретіп жазғаны­мен, Қалихан Ысқақ жазғандарымен мақтана білмейтін, өз шығармалары­ның, өзінің насихатын жасай алмайтын адам, бірақ. Бұйығы, ешкіммен тіпті қоғамдағы жағдайлармен де шаруасы жоқ, азаматтық үні де естілмейді. Енді кім бар? Қазіргі классиктеріміз деп мақтанып отырғандарыңнан қалып қойғандары бар ма!? Кім болса ол болсын, ұлтының ұрымтал кезеңінде халқының қабырғасына сүйеу, әде­биетіне тіреу болса ғана перзенттік парызын ада ете алады. – Әдебиет сыншысы ретінде ащы пікірлерге соққанда «ағайынның кө­ңілі ауырады-ау» деп ойламайсыз ба? – Жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айту керек қой. Өкініштісі, бізде өтірік мақтау көбейіп кетті. Онысы жоғары жақтағыларға жағады. Құла­ғын тігіп, сүйсініп отырады. Елдің жоғын, мұңын айтып отыру – қашан да зиялыларға парыз ғой. Қарап оты­рып, қарның ашады. Мен әдебиеттегі шындықты айтсам, сол арқылы елдің ертеңіне үлгі қалдырсам ол жеке басымның ша­руасы емес, халықтың қажеті. Сын жалтақ болса әдебиет қалай өседі. Ақсақал басыммен мен жалтақтасам жастар не істемейді. Ақиқат ащы бол­ғанмен өкініші аз болады. Керек болса Елбасыға да: «Президентіміз шетелде де, Қазақстанда да тек қана қа­зақша сөйлесін!» деп сын айтқаным бар. Біреуге жағар, біреуге жақпас... Бірақ өз басым осы жасқа келгенше айтатын ойымнан тосылып, сөйлейтін жерде қи-пақтап, «қолтығымнан бөзім, аузымнан сөзім түсіп» көрген емеспін. Қажетті жерінде сөйледім, жонынан таспа тіліп айтатын жерде айттым. Тіпті қайсыбір пікірлерім жұмсақ орын­тақта отырғандарға жақпай қалған кездер де болды. Бірақ олар қыңырайды екен деп мен ыққан жоқпын. Айтқаным ақиқат болса Алла ал­дын­да да, адам алдында да жүзім жа­рық. Өтірік жарбаңдағым келмейді. – Дегенменде билікке жағынуды білмейтіндігіңізден бе, әлде өзіңізді ұсынғанды қаламайсыз ба басқа­лар­дың қанжығасына оңай байланатын атақтардан құр-алақан қалып жүрген сәттеріңізде жоқ емес сияқты. Бұған не дейсіз? Сұрап алған атақ сенің ізденіспен алған ғылыми дәрежеңе татымайды. Тіпті атақтың соңында жүрген адам­ның кісілік қадірі кеміп, Құдайдың өзі берген дарынынан да айырылады. Ғылым қуамын деп, атақ қуып кеткенін білмей, ақырында не еңбегінің нә­тижесі жоқ, не қолы жеткен атақ-даңқы жоқ, тоқырай бастайды. Кез келген нәрседен ілік іздеп, пәле қуып, кез-келген адамды дұшпан тұтып, пәлеқор, жалақорға айналады. Оны өздері сезіп, білмей ме, немесе түсінсе де, мойындауға азаматтығы жетпей ме, ерік-жігері мен күш-қайратын мүжіп, өзі де мүжіліп, көшке ілесе де алмай, көштен қала да алмай, күні өтеді. Бұл тек ғылымда ғана емес, басқа салада да кездеседі. Ел-жұрты үлкен үміт күтіп, тәп-тәуір бастаған адамның орта жолда неге тоқырағанын түсіне алмай дал… Академиктің өзі сайлаумен келеді. Сайлау саясатсыз бітпейді. Пендешілік араласады. Ондай жерде ғылым «кірлей бастайды». Осыған көзім жеткен соң, сайлаумен келетін атақтарға біріншіден, құлқым соқпайды. Екіншіден, туа біткен туралық болғасын он­дайға ыңғайым жоқ. Кім көрінгенге жалынып, «Ағатай, академик болайын деп едім, сыйлық алайын деп едім, ма­ған дауыс бере қойшы?» деп, тел­мең­деу үлкен күнә сияқты… Маған берсе халыққа бергені, қашпаймын. Бермегенге жағатсынып тілемшілік істегендей жапақтау қолымнан келмейді. – Солай десек те бүгінгі қаламгер қауымының қауқары қалай? Билік пен марапатқа құл болатындар кө­бейіп кеткен жоқ па? – Мен шығармашылық адамының өзіндік ойы, пікірі ешкімге бағын­бай­тын тәуелсіз болғанын қалаймын. Cон­дықтан ақын-жазушылар-дың, зиялы қауымның партияшыл болғанын, нау­қаншылдыққа салынға-нын қала­май­мын. Өкінішке қарай, біздің қайрат­керлердің басым бөлігі шығармашылық пен саясатты араластырып, қойыртпақ жасап жүр. Ондай қойыртпаққа ба­сымды сұқпай-ақ қойдым. Болашақта да бас сұғудан аулақпын. Ақын-жазушылардың орайы келгенде президенттен немесе әкімдерден үй сұрап, мәшине сұрап жүргені шын­дық. Қандай данышпан болмасын, жағдайының жақсы болғанын ойлап тұрады. Материалдық қажеттілігін Елбасына айту керек пе? Елдің мұңын айтудың орнына, пенделікті алға тарту азаматтыққа жатпайды. Ол ол ма? Бізде, тіпті, Президентпен кездесуге барғанда айтар сөзін параққа алдын-ала түсіріп, жазып апарып, қағазға қарап сөйлегендер де бар. Өкінішке қарай, зиялыларымыз ұсақтап барады. Ақын-жазушылардың мақтасаң, жал­баңдасаң қолыңа бірдеңе түседі екен деп дәметуі әдебиетті сорлатып жатыр. Жағымпаздық, атаққұмарлық қаны­мызға сіңген қасірет болды. Зиялы қауым құлдық санадан құтыла алмай жатқанда өзгелерге қай бетімізбен қараймыз! – Бүгінгі саяси өмірімізден алғанда елдің ертеңінен не күтесіз? – Қазақтың соры ма, бағы ма, білмеймін. Біз Еуропа мен Азияның ортасында жатқан дарбаза тәріздіміз. Шекарамыз ашық-шашық жатыр. Бізге біраз мемлекеттер сырттан көз тігіп отыр. Тіпті олардың баз бірі көмек қолын созғансып, аңысымызды аңду­да. Кезінде І Петр қазақ шекарасына көз тігіп тұрып, «шіркін-ай, мына алып даланы басып өтіп, нуы мен суына қол ұшын тигізіп көрер ме еді?!» деген деседі. Көрдіңіз бе, арман қандай? Ал қазір біздің сол кең байтақ даламызға жан-жақтан келіп жатқандардың саны өте көп. «Қазаққа қол ұшын тигізеді» деген шетелдік инвесторлар қаншама жерімізді иемденіп алды. Менің білуімше, «шетелдік бизнес өкілдерінің қайсыбірі жеріміздің 200 мың гектардай көлемін жекешелендіріп алған» деседі. Ойлап қарайықшы, келімді-кетімді шетелдіктердің әрқайсысы жерімізді меншіктеп ала беретін болса неміз қалады? Күні ертең келер ұрпаққа қандай қазынамызды қалдырамыз? Егер осы жайды тереңнен ойлайтын болсақ, шекарамыздың бекінісін бекітіп, жерімізге иелік ете білуіміз керек. Бұл біздің аға ұрпаққа және билікте отырған азаматтарға сын. – Жалпы ел алдында еңбегім еленіп жатыр деп ойлайсыз ба? Қайда барсам қара ормандай хал­қым құшағын жая қарсы алады. Әсіресе, 40-50 жыл ұстаздық мінберде болдым. Содан болар, әдебиетші, ғалым шәкірттерім бар жерден кездеседі. Олардың халық үшін, қазағы үшін еңбек етіп жатқанын көргенде бір мар­қайып қаламын. Ұзтаз да баласы атқа мінсе, тақымын қысатын ана сияқты. Ұстаз бақыты – шәкірт еңбегі. Сондай шәкірттерім енді 15 томдық еңбегімді дайындап жатыр. Республика көлеміндегі Бұланды секілді бірнеше ауданның құрметті азаматымын. Алматы қаласындағы әл-Фараби атын­дағы Қазақ мемлкеттік университеті және Астана қаласындағы Л.Н.Гу­- ми­лиев атындағы Евразия ұллттық университеті сияқты орындар шы­ғармашылығым жайында арнайы халықаралық конференциялар ұйым­дастыруды ойластырып отыр. Осының бәрі құрмет емей немене! – Шәкірт демекші ұстаздық өмірі­ңізде жауап бере алмай қалған сауал­дарыңыз болды ма? – Қазіргі жастардың алғыр, зеректігіне қарап қуанумен бірге ұялған сәттерім де жоқ емес. Сол жастар үйрет­сең, техниканы, икемдесең, ғылымды да іліп кеткелі тұр. Дұрыс қой, әр нәрсе заманында екен. Соларға қарап мен де компьютер үйренуге талпынып көрдім. Күләш апаңның сіңлісінің Дүйсен деген баласы бар. Алматыдағы дарынды балаларға ар­налған мектепте оқиды. Дүйсен маған компьютер үйретпекші болды. Екі-үш күн әуреленді. Ананы көрсетті, мы­наны көрсетті, қайталап сұрай бердім. Сосын бір кезде бала бетіме барлай қарап «Аға, осы сіз шын профессорсыз ба?» деді. «Иә». «Қайдам, түк қақпайды екенсіз?» дегені… мен оның бетіне бағжия қарап түк дей алмай қалдым. Енді недеймін, үш күн дегенде үйрен­генім компьютерді тоқ көзіне қосу ғана болды емес пе! – Сексен бес жасқа келдіңіз, қарт­тыққа мойын ұсынасыз ба? – Қарттық пен саулық әр адамның өз рухына байланысты. «Қартпын» десең қартсың, «жаспын» десең жас­сың. «Саумын» десең саусың, «ауру­мын» десең аурусың. Кейде көз құрғыр бұлдырағанда «бұған не жетпей жүр?» деп таңданғаным болмаса, қарттыққа мойын ұсынғым жоқ. Құдайға шүкір, әр күні газет оқып, жазу жазып оты­рамын. Қазірше қаламнан да, қатардан да қала қоймаспын деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет! Тоқсанның тойын көріп, жүзге де жүгіріп жетіңіз. Арғысын Алла сыйласын. Көрер қы­зығыңыз көп, ғұмырыңыз ұзақ бол­сын! Әңгімелескен Жәди ШӘКЕНҰЛЫ